Мемлекеттік тіл мәселесі
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, қабылданған «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» 1997 жылғы 11 шілдедегі Қазақстан Республикасының заңы тілдердің Республикада қызмет етуінің құқықтық негіздерін белгіледі. Мемлекетімізде барлық тілдердің бірдей құрметпен қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталды.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі - қазақ тілі. Мемлекеттік тіл аса маңызды және өзекті мәселе болып табылады. Мемлекеттік тіл ұлттың жан дүниесі, рухани негізі, ел еркіндігі мен ұлтты танытатын басты белгі.
Мемлекеттік тілді білу, ол тұрып жатқан сол елдің ұлтын сыйлау, сол мемлекет алдындағы жауаптылығын және сыйластығын көрсету деп түсінген жөн. Егер тіл мәселесі қолға алынбаса, тіл бірлігі болмаса, пікір бірлігі болмайды және идеология дұрыс жүргізілмейді. Идеология дұрыс жүргізілмей, ортақ түсінік болмай, елде бірлік болмайды.
Бәрінен де бұрын адамдар арсындағы бірлікті ұстап тұрған тіл мәселесі маңызды. Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді, көптеген шаралар ұйымдастырылуда, қазақ тілін үйрену курстары ашылуда.
Мемлекеттік тілге қатысты менсінбеушілік халық арасында көптеп кездеседі, қазақ тілі маған керек емес, қазақ тілсіз өмір сүре аламын дейтіндерде көп кездеседі. Ондай сөздердің алдын алу үшін әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді өмірдің барлық саласында қолдануына жағдай жасау қажет. Қазіргі таңда адамдар үлкен жетістікке жету үшін кемінде үш тілді білу керек. Әр адам алдымен ана тілін білуі, одан кейін өзі тұрып жатқан елдің мемлекеттік тілін білуі қажет және тұлға адамзат дамуынан артта қалғысы келмесе халықаралық қарым-қатынас тілін де білгені жөн деп есептеймін.
Еркебұлан Наурызхан
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған
ауданаралық сотының бас маман – сот отырысының хатшысы
[xfvalue_img]