Тіл бірлігі болмаса, пікір бірлігі болмайды
Тіл – халықтың баға жетпес байлығы, елдіктің басты нышаны. Сондықтан да Қазақстан Республикасының бас құжаты – Конституцияда «қазақ тілі – мемлекеттің барлық аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс жүргізу тілі», – деп нақты көрсетілген. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, маңызын арттыру мәселесі қай мемлекетте де өзекті тақырыптың бірі. Өйткені, бүгінгідей ақпараттық заманда қолданысы аз тілдердің жойылып, тарих қойнауына кетіп жатқанына бәріміз куә болып отырмыз. Ал тілдің өлмеуі, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуы сіз бен бізге тікелей байланысты. Ол үшін әрбір қазақстандық азамат күнделікті өмірде қазақша сөйлеп, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға атсалысуы керек.
Отандық сотта да қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту бойынша аз шаруа атқарылып жатқан жоқ. Мәселен Азаматтық процестік кодекстің 14-бабы «Сот ісін жүргізу тілін» нақтылап, соған сәйкес «Азаматтық істер бойынша сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал қажет болған жағдайда сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілмен қатар орыс тілі немесе басқа тілдер бірдей қолданылады» деп дәйектелген. Яғни, заң тілінің, сот тілінің қазақша сөйлеуіне заңдық тұрғыда кедергі жоқ.
Алайда, сотқа жүгінген азаматтардың көпшілігі әлі күнге дейін арыз-шағымдарын ресми тілде жолдап жатады. Мұның себебі неде? Мемлекеттік тілдің айналасында мұндай ахуалдың қалыптасуына бірнеше мәселе түрткі болып отыр. Біріншіден, азаматтар арызды орысша жазсақ іс тез әрі нәтижелі қаралады деп санайды. Бұл түбегейлі қате пікір. Олай дейтініміз, істердің сапалы қаралуы арыздың қай тілде жазылуына байланысты емес. Заңдарда қазақ тілінен басқа ешбір тілге ерекше басымдық берілмеген. Әрі арыз-шағымды қабылдау, қараудың бірыңғай тәртібі құқықтық тұрғыда жасалған. Сондықтан мұндай үстірт ойлайтындарға түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізіп тұру артықтық етпейді. Біздің сот тарапынан да түрлі жиындар тұрақты ұйымдастырылып, онда қазақ тілінің өркен жаюына кедергі келтіріп отырған мәселелер талқыға салынып тұрады. Сол арқылы азаматтарға, құзырлы орындарға ой тастауға, жол көрсетуге тырысамыз. Мұндай шаралар бірден нәтиже бермегенмен, тілге деген құрметті біртіндеп қалыптастыруға ықпалы тиеді деген ойдамын.
Екіншіден, мемлекеттік тілде қаралатын істердің аздығына құзырлы орын өкілдері мен адвокаттар да себепкер. Біздегі тергеушілер мен қорғаушылардың көпшілігі өз ойын ресми тілде жеткізуге шебер. Содан келіп олар өздері жетік білетін тілде арыз жазып, құжаттарды толтырады. Өз қорғауындағы азаматтың орыс тілін шорқақ білетінін ойламайды. Шынын айтқанда сот тәжірибесінде дәл осындай жағдаймен бетпе-бет келмеген судьялар некен-саяқ. Тараптардың қойылған сауалдарға жауап бермек түгілі, сөзді толық түсінбей тұрғанын көрген судьяға іс жүргізу өте қиын. Себебі Азаматтық процестік кодекстің 14-бабының 2-бөлігінде «Сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою арызы (арыз) берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді» деп көрсетілген. Алайда дәл осы кодексте судьяның «Істі сот талқылауына дайындау кезінде екі тараптың да жазбаша өтінішхаты бойынша сот ұйғарымымен сот ісін жүргізу тілін өзгертуге құқылы» екені көрсетілген. Былай қарасаңыз соттың қазақша сөйлеуіне, істердің мемлекеттік тілде қаралуына заңдық еш кедергі жоқ секілді. Соған қарамастан, бұл жерде туындайтын бірнеше түйтілді тағы тізбелемей өте алмаймыз.
Ең алдымен бұл адвокат, тергеушілердің арыз-шағымды тараптар пікірімен санаспай ресми тілде жазуынан туындайды. Заңнамаға сай сот тілін өзгертуге мүмкіндік болғанымен, ол үшін қаншама уақыт кететінін, қаншама құжаттар жасалатынын пайымдау қиын емес. Тіпті, сот тілі өзгермегеннің өзінде істі аудармашы арқылы жүргізуге мемлекеттен қаншама қаржы кетеді. Құжаттарды түсінбеген тарапқа аударып ұсынудың өзі ауқымды жұмыс. Бұл да уақыт пен қаржы шығынын керек етеді. Соған орай, арыз-шағымды сотқа жолдар алдында азаматтар да, құзырлы орган өкілдері де ойланса дейміз.
Қытай ойшылы Конфуций: «Егер де маған ел басқару мүмкіндігі туса, ең алдымен сол елдің тіл мәселесін қолға алар едім. Себебі тіл бірлігі болмаса, пікір бірлігі болмайды және идеология дұрыс жүргізілмейді. Идеология дұрыс жүргізілмей, ортақ түсіністік таппаған елде бірлік болмайды. Сондықтан бәрінен де бұрын адамдар арасындағы бірлікті ұстап тұрған тіл мәселесі маңызды» деген екен. Сол айтпақшы, еліміз дамып, мемлекетіміз өркендесін десек әуелі ұлтты ұйыстырудың құралы болып отырған қазақ тілінің мәртебесін көтеруде белсенділік танытуымыз керек.
Асель Искакова
Орал қаласының №2 сотының судьясы
[xfvalue_img]
17 пікір