Жас немесе кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы жасалған қылмыстар бойынша Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнасамына сәйкес жауапкершілік
Бала құқығы дегеніміз – қандай да бір айырмашылыққа: нәсіліне, жынысына, тіліне, дініне, туған жеріне, ұлттық немесе әлеуметтік шығу тегіне, мүлігіне, меншігіне, ататегіне немесе өзге де жағдайына қарамастан әр баланың бойында болуы қажет бостандығы мен құқығы.
Бала өзінің сенгіштігінен, қорғансыздығынан және жасына байланысты жетілмегендіктен ересек тарапынан жыныстық зорлық-зомбылықтың еріксіз объектісіне айналады.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сай бала мемлекеттің қорғауында. Балалардың және балалы отбасылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау Қазақстан Республикасының ұлттық саясатының басты бағыттарының бірі болып табылады.
Балаларды әлеуметтік қорғауға үш бірдей билік тармақтары жауапты: заң шығарушы, атқарушы және сот. Олар балаларға қатысты әлеуметтік саясат пен заңнаманы қалыптастырады, оның іске асырылуын қамтамасыз етеді және әлеуметтік қауіпсіздікке кепілдік береді.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде (бұдан әрі – ҚК) 1, 2 және 11-тарауларында жас немесе кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұқпаупаушылығына қарсы қылмыстар жасағаны үшін жауапкершіліктер қарастырылған.
Яғни ҚК-нің 120-бабының 3-1, 3-2–бөліктерінде, 121-бабының 3-1, 3-2–бөліктерінде кәмелетке толмаған адамға қатысты зорлау немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері жасалса белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланатындығы қарастырылған, ал аталған қылмысты 14-жасқа толмаған жас балаға қарсы жасалса (120-бабының төртінші бөлігі, 121-бабының төртінші бөлігі) белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жиырма жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланатындығы қарастырылған.
ҚК-нің 122-бабында он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады; ҚК-нің 123-бабы екінші бөлігінде кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған жыныстық қатынас жасауға, еркек пен еркектiң жыныстық қатынас жасауына, әйел мен әйелдің жыныстық қатынас жасауына немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерге мәжбүр ету белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру; ҚК-нің 124-бабында жас балаларды азғындық жолға түсіру белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жеті жылдан он жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру; ҚК-нің 134-бабында кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, үш жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру; ҚК-нің 309-бабының екінші бөлігінде кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тартумен ұштасқан притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық үшін мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сонымен қатар ҚК-те кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар жасаған адамдарға басқа да шектеу түрлері қарастырлыған. Мысалы ҚК-те кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы жасалған қылмыстар татуласуға, шынайы өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатпайды. Кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар жасаған адамдарға ескiру мерзiмдерi, шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату және жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыру не тағайындалған жаза мерзімін қысқарту қолданылмайды. Жоғарыда аталған қылмыстарды жасаған адамдарға жазаны өтеуі кейінге қалдырылмайды және рақымшылық жасау туралы акт қолданылмайды.
Жас немесе кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұқпаупаушылығына қарсы қылмыстар бойынша ҚК-ке бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, жауапкершілікті күшейтілгендігіне қарамастан аталған қылмыстар жалғасуда.
Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотымен 2019 жылы аталған қылмыс бойынша тек 1 іс қаралса, 2022 жылы 2 іс, ал 2023 жылы 5 іс қаралды, олардың 4-і кәмелет жасқа толмаған жәбірленушулерге қатысты жасалса, 4-і жас балаға, яғни он төрт жасқа толмаған балаларға қатысты жасалған қылмыстар.
Оның ішіндегі бір адамға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы, химиялық кастрациялау түрінде мәжбүрлеп емдеу және сексуалдық зорлық-зомбылыққа бейімділік пен сексуалдық артықшылық беруінің бұзылуын емдеу тағайындалды.
Аталған істердің анализі жас немесе кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстарды өкінішке орай жақын туыстары немесе таныстары жасайтындығы көрінеді (мысалы: әкелері, некесіз анасымен бірге тұратын ер адамдар, туыстары мен таныстары). Тек 2 іс бойынша жас бала, яғни он төрт жасқа толмаған бала және он алты жасқа толмаған бала қылмыскерлермен танысу сайты арқылы танысып, өз еркімен жыныстық қатынасқа түскен.
Он төрт жасқа толмаған бала жас шамасына қарай дәрменсіз болып танылады, сондықтан оның жасын біле тұра онымен жыныстық қатынасқа түсу немесе өзге сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерді жасау ҚК-нің 120, 121-баптарының төртінші бөлігімен сараланады, бұл ретте жәбірленушінің өз еркімен жыныстық қатынасқа түсуі маңызды емес.
Сонымен қатар заңмен он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау тиым салынған, оған қылмыстық жауапкершілік ҚК-те 122-бапта қарастырылған.
Көбінесе бұл жерде кәмелетке толмаған жәбірленушінің анасының ұстанымы да үлкен рөл атқарады, көбінесе ол ұялғаннан не қорыққаннан, баласының заңды өкілі екеніне қарамастан, кінәлі адамның жағын алады. Бұл санаттағы қылмыстар әдетте, жасырын сипатқа ие, бұл кезде жәбірленуші балалар анасына немесе басқа да ересектерге өздеріне жасалған жыныстық зорлық-зомбылық туралы айтудан қорқады.
Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді ата-анасының немесе осы функциялар жүктелген өзге адамның, сондай-ақ педагогтың немесе білім беру, денсаулық сақтау немесе осы міндеттер жүктелген өзге де ұйымның қызметкерінің орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленді.
Кәмелетке толмаған адамның жыныстық тиіспеушілігіне қарсы ауыр қылмыс жасалғандығын адам құқық қорғау органдарына хабарламаған адамдарға ҚК-нің 434-бабында қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, кінәлі тұлға алты мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қылмыстық заңнама кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қорғау жүйесін қарастырған, алайда ол әліде өзгертулерді және толықтыруларды қажет етеді.
Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотының төрағасы
Е. Шарипбеков
[xfvalue_img]
174 пікір