«Сайлау – халқымыздың еркін құқықтық таңдауы мен жарқын болашақтың айқын көрінісі»
Қазақстан Республикасы өз алдына жеке ұлт, дербес мемлекет болып қалыптасқан сәттен бастап, басты құндылықтарымыз адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бәрінен де жоғары орынға қойды. Мемлекетімізде өмір сүріп жатқан әр адамда сөзбен ой бостандығының болуы, ерікті түрде таңдау жасай алуы, сайлауда дауыс беру және сайлауға қатысу құқығының бар екендігі, республика аумағында демократиялық пен зайырлықтың кең таралғандығының айқын көрінісі. Демократияны қолдайтын әрбір мемлекеттің маңызды әрі басты белгісі – оның азаматтарының лауазымды адамдар мен мемлекеттік билік органдарының, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының сайлауға қатысуы, және еркін дауыс беру арқылы өзіндік таңдау құқығын пайдалана алуы болып табылады. Жалпы сайлау дегеніміз – мемлекеттің басқару нысанындағы саяси жүйесінің маңызды буыны ретінде қоғамдық құқықтық қатынастарға өз ықпалын тигізетін негізгі күштердің бірі.
Ата-Заңымызда сайлау жүйесінің ұғымы, қолданылу аясы мен құрылымдық тетіктері анықталып, қағидаттары жалпы ережелерге сәйкес әзірленіп, бекітілген болатын. Сайлаудың барысы Конституцияда көрсетілгендей, жалпыға бірдей, жанама, тең, төте, жарыспалы және ерікті түрде ұйымдастырылып, ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы арнайы мемлекеттік мекемелердің аумағында өткізіледі.
Қазақстан Республикасында жалпыхалықтық сайлау үш түрлі мағынада сипатталады: Біріншіден, мемлекеттік және саяси жүйенің тиімділігін арттырады; Екіншіден, лауазымды тұлғалар мен мемлекеттік органдардың қызметін анықтап, бағалайды; Үшіншіден, сайланбалы басқарушы партиялардың жұмысына талдау жүргізіп, бақылауда ұстайды.
Осы жылдың төңірегінде Қазақстанда тікелей халқымыздың жарқын болашағына әсер еткен, ұлт тағдырын шешуші нақты нық қадамдардың бірі Мәжіліс пен Мәслихаттар сайлауының өткізілуіне байланысты болғандығы баршамызға белгілі. Мемлекет басшысы - Қасым-Жомарт Тоқаевтың баяндаған жарлығына сәйкес, өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы аталмыш іс-шара аяқталғаннан кейінгі күннен бастап есептегенде, екі айдан кешіктірілмей қайтадан жүйелі түрде ұйымдастырылып өткізілуі тиіс. Осыған орай, мәслихаттар депутаттарының сайлауын ағымдағы жылда жоспарланып өткізілген Мәжіліс депутаттарының сайлауымен біріктіру, сондай-ақ олардың мерзімдері мен кезеңдерін бір жүйеге келтіріп, бір арнаға тоғыстыру мақсатында 2023 жылдың 19 наурызына сәйкестендіру жарияланған. Сонымен қатар, президентіміз - Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздегі партиялардың көпшілігінде мемлекетшілдік ұстанымының бар екендігін және сайлауда партиялардың бәріне тең дәрежедегі бірдей мүмкіндік берілгендігін мәлімдеген болатын.
Жергілікті өкілді органдарда сайлау тетіктерінің ерекшеліктері туралы білу өте маңызды, өйткені қазіргі сайлаудың бұрынғы жүйенің саяси құрылымдық нысанынан негізгі айырмашылығы – аралас сайлаудың қолданылуында болып табылады яғни биылғы жылғы сайлауда тек саяси партиялар ғана емес, сонымен қоса, партияда мүшелік етпейтін азаматтар да қатысып, өз бақтарын сынасқан еді. Сайлау барысында мәжілісте мажоритарлы депутаттар саны 30%-ды, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының мәслихаттары 50%-ды, қалалық және аудандық мәслихаттарда барлығы 100%-дық айқындалған көрсеткішті құрады. Мәслихат пен мәжіліс депутаттарының, сайлауға қатысушы кандидаттардың өздерін таныстыру есебі ретінде, халық алдында көздеген мақсаттары мен атқаратын міндеттерін, негізгі принциптерін, қарқынды жоспарлары мен жобаларын атап айтқандары барлық Қазақ жұртының қызығушылығын тудырып, назарын аудартандығы сөзсіз. 2023 жылы 19 наурызда өткізілген сайлау қарсаңында бұқаралық ақпарат құралдарында, ғылыми журналдарда, пікірталас алаңдарында, мемлекеттік мекемелердің сайттарында жарияланған, алдын-ала шынайы түрде ұйымдастырылған үгіт-насихат жұмыстарының жүргізілуі сайлаудың әділ өткендігінің тағы бір дәйекті дәлелі болды. Сайлау ережелерінің стандарттарына сәйкес, Мәжілісте аралас сайлау жүйесі бойынша: 69 депутат – бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі аумағында пропорционалды өкілдік құрылымдық нысанның қатарында, 29 депутат – бір мандатты аумақтық сайлау округтерінде сайланатындығы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарында барлық депутаттардың 50% бөлігі мажоритарлық жүйе негізінде, ал қалған 50%-ы партиялық тізімге қатысты сайланды, халықтың басым бөлігінің дауысына ие болған кандидаттар жас ерекшеліктеріне байланысты өздері атқаратын, міндеттеліп тапсырылған қызметтеріне тағайындалды.
Сайлауға қатысушы үміткерлер бұқаралық ақпарат көздері арқылы саяси бағыттағы ұстанымдарды, қоғамда орын алып жатқан өзекті мәселелерді негізге ала отырып, еліміздің әртүрлі салаларын жан-жақты жетілдіруге кепілдік беріп, міндетті түрде іске асыратын сындарлы саясаттарын атап өтті. Аталған ұстанымдар салаларына қарай өзара 3 топқа бөлінді. Бірінші ұстаным – әділетті мемлекет және қоғам деп аталады, бұл қағидаттың түбегейлі мақсаты мемлекеттік билік аппаратының және қоғам мүшелерінің өз қызметін атқарудағы адалдығы мен жауапкершілігін көздейді. Екінші ұстаным, әлеуметтік экономикаға негізделген, қағидаттың бұл түрі барлық адамдар қаржыландыру саласында бірегей мүмкіндіктерді пайдалана алатындығымен және еліміздегі кәсіпкерлік қорларының тиімділігін арттырумен байланыстырылған. Ал соңғы, үшінші қағидатта – дамыған инфрақұрылымдық жүйелер мен адам құқықтарының әлеуетін көтеруге бағытталған қоғамдық қатынастарға басым көңіл бөлінген. Әділ билікке қол жеткізу үшін ең алдымен, еліміздегі сот жүйесінің жұмысын жақсартуға арналған заң шеңберінде құрастырылған арнайы шараларды ұйымдастыру қажет, себебі кез-келген демократиялық бағытты қолдайтын мемлекетте заңдылық пен құқықтық тәртіптің қағидаттары қатар жүзеге асырылады.
Еліміз егемендік алып, тәуелсіз мемлекет болып қалыптасқан тұста Қазақстан Республикасында елбасымызбен қоғамның белсенді қайраткерлерінің бастамасының арқасында білім беру саласына және жаңа ғылыми технологияларды игеруге аса маңызды назар аударылып, бірқатар заң шеңберіндегі жобалар қабылданып, ғылым саласын жетілдіруге қажетті жағдайлар жасалынды. Қазақстандағы №1 жетекші жоғары оқу орны болып саналатын, әлемнің әйгілі екінші ұстазы, ұлы ойшыл – Әл-Фарабидың есімі берілген Қазақ ұлттық университеті – білім мен ғылымның алтын ордасы, киелі де қастерлі қара шаңырағы екендігі баршамызға мәлім. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті білім берудегі деңгейлік көрсеткіші ең үздік, көшбасшы жоғары оқу орны атағын алып, алдыңғы қатардан көрінгендіктен, университет аумағындағы ұстаздар қауымы мен студенттеріміз еліміздегі өткізілетін әрбір іс-шараға белсенді түрде қатысады (мемлекет ішінде жоспарланып жатқан барлық айтулы іс-шаралар мен қабылданып жатқан жобалар университетіміздің арнайы рәсімделген http://www.kaznu.kz/ сайтында жарияланып, алдын-ала хабарландыру жұмыстары жүргізіледі). Әсіресе, болашақ білікті заңгерлер мен сот саласының мамандарын даярлап шығаратын, университет құрамында қарқынды жұмыс жасайтын заң факультеті мемлекетіміздің жан-жақты тұрғыда жетілуіне, қарыштап дамуына, халықаралық аренада өзіндік орнын айшықтауға зор үлесін тигізіп жатқандығын атап өткіміз келеді. Бүгінгі таңда, заң факультеті әділеттілікті қолдайтын, жүрегі «елім» деп, соғатын патриот жастар мен жарқын тұлғаларды қалыптастырып, нәтижелі жетістіктерге жеткізіп, биік шыңдарды бағындыру жолында аянбай еңбектенуде. 2023 жылдың 19 наурыз күні ұйымдастырылған сайлауда үміткерлердің қатарында университетімізден түлеп ұшқан, болашаққа бастау алып жаңа өмірге қадам жасаған түлектеріміздің қатысқандығы біз үшін үлкен мақтаныш. Жыл сайын заң факультеті мемлекеттік мекемелерді мамандандыру және жоғары оқу орнын тәмамдап, бакалавр дәрежесін алған студенттерін жұмыспен қамту мақсатында еліміздегі әділдік пен заң жүйесін реттейтін, құқықтық қатынастарды бақылауда ұстайтын ең беделді соттармен өзара байланыс орнатып, ішінара ынтымақтаса отырып жұмыс жасайды. Мемлекеттік қызметшілердің құрамының арасында түлектеріміздің бой көрсетуі, Қазақстан Республикасындағы әділдік пен сот жүйесін жақсартуға атсалып жатқандығы заң факультетінің абыройлы да мәртебелі жетістігі деп есептейміз. Мемлекетіміздегі әрбір іс-шараның және сайлау барысының әділ өткізілуі тікелей мемлекеттік қызметшілер мен сайлауға қатысушы үміткерлердің қоғам мен халық алдындағы негізгі жауапкершіліктерін сезініп, өз міндеттерін адал атқаруынан бастау алады.
Сайлау - халықтың билікке деген сенімінің және азаматтық қоғамдық құқықтық қатынастардың жоғары деңгейге көтерілгендігінің нағыз дәлелі. Сайлаудың әділ ұйымдастырылуына атсалысу, таңдау құқығы арқылы дауыс беру Қазақстан Республикасында өмір сүріп жатқан әрбір азаматтың басты парызы, еліміздің жарқын болашағына деген нағыз жанашырлығы екендігі сөзсіз, дана халқымызда, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген, нақыл сөз бар осы тұста барша Қазақстандықтарға сайлаудың әділ өткізілуіне қажырлы еңбек етіп, зор үлес қосқандары үшін алғыс білдіреміз. Сайлау қарсаңында халықтың ықыласына бөленіп, ұлтымыздың ертеңгі күнге деген нық сенімі мен асқақ рухын оятқан, саяси билікке лайықты деп танылған партиялар мен кандидаттарды жеңіске жетуімен шын жүректен құттықтай отыра, алдағы жұмыстарына сәттілік пен толағай табыстар тілейміз!
Диана Серікқанова
Астана қаласының мамандандырылған
ауданаралық экономикалық сотының бас маманы
[xfvalue_img]
19 пікір