Конституция – адам бостандығының кепілі
Әлемдегі кез келген тәуелсіз мемлекеттің ғасырлар бойы өз құнын жоғалтпай, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан заңдар жинағы болады. Осындай Ата Заң біздің елімізде де тәуелсіздікті нығайту барысында қабылданды.
Қазақстан Республикасы өзінің демократиялық,зайырлы мемлекет екенін Ата заңы арқылы бүкіл әлемге танытты. Конституция егемен мемлекеттің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашқан заңнамалық акт болды. Ата заңның қабылдануы конституциялық құрылыстың саяси-құқықтық негізін қалады, мемлекеттік тетік және қоғамдық,саяси жүйенің негізгі қағидаттарын орнықтырды. Адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі.
Ата Заңның алғысөзінде «Біз ортақ тарихы бар, тағдыр біріктірген Қазақстан халқы» деп жазылған сөйлем мағынасының тамыры өте тереңде. Бұл босқа жазыла салған сөз емес. Себебі, Қазақстан халқының бірлігі ел аумағына тоқайласқан жүзден аса ұлт пен ұлыстың ынтымағына негізделген. Олар әр кезеңде әртүрлі себеппен біздің атамекенімізге қоныс аударды.
Тәуелсіз Қазақстан Республикасы құрылғаннан кейін елде тұратын барлық ұлттар мен ұлыстар егемен мемлекетті бір кісідей мойындады. Конституция тек мемлекеттің ғана емес, қоғам өмірінің жол көрсетушісі – Ата заңы болып табылады. Қазақстан халқы – мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі. Мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін талқылау және шешу кезінде құқықтық санасы жоғары әрбір азамат Конституцияда көрсетілген жауапкершілікті жан-жақты сезіну керек. Ата Заңымызды құрметтеп, қорғап және маңыздылығын жоғалтпай сақтау Қазақстан Республикасындағы әрбір азаматтың міндеті мен парызы.
Дүниежүзіндегі елдердің барлығында мемлекеттік басқару тетігі Конституция негізінде және соның аясында жұмыс істейді. Бұл кез келген құқықтық мемлекеттің басты өмірлік нормасы болып табылады. Негізгі заңды орындау арқылы мемлекет медициналық қызметті және білім беруді жақсарту, жаппай тұрғын үй құрылысы, жалақы және әлеуметтік төлемдер мөлшерін көбейту, азаматтарға және отандық кәсіпкерлерге салықты азайту сияқты әлеуметтік мәселелерді шешеді. Қазақстан халқына Конституцияны сыйлау, өзіміз сайлаған Мемлекет басшысын құрметтеу және отанды қорғау міндет. Дүниежүзілік тәжірибеде көрсетілгендей, басты байлық ретінде адамға деген сыйластық, жеке өмірі мен бостандығының қорғалуы, қоғам дамуының айқын көрінісі. Конституция – біздің саяси, мәдени,рухани және әлеуметтік экономикалық дамуымыздың қайнар көзі ретінде танылады.
Н.С.Қыдырғали
Ақтөбе гарнизоны
әскери сотының сот приставы
[xfvalue_img]