Тәуелсіздік жылдарындағы сот жүйесінің жетістіктері
Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан демократия, дербестік, әлеуметтік бағдарлану қағидаттарына негізделген сот жүйесін құруға мүмкіндік алды.
30 жыл ішінде осы мақсатқа жету үшін көп жұмыс жасалды, дамудың әр кезеңі елдің сот билігінің қалыптасу тарихында маңызды рөл атқарды.
Бірінші сатыдағы соттар әділ сот төрелігін іске асырудың, сот ісін жүргізуді дамытудың, Қазақстан Республикасында заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің әрқашан алдыңғы қатарында орын алатыны анық.
Біздің мемлекетімізбен бірге сот жүйесі үнемі дамып, Қазақстанның тәуелсіздігіне қол жеткізудің, оның ішінде халықаралық дәрежеде жетістіктердің айқын көрінісіне айналды.
Тәуелсіздік жылдарында кәсіпорындар мен тұтастай экономиканың құлдырауының ауыр салдары, құлдырауға ұшыраған ауыл шаруашылығы, өз валютасының болмауы және салааралық және аймақаралық экономикалық байланыстардың бұзылуы секілді ел бірқатар маңызды сынақтарға тап болды.
Елімізге мемлекет пен тәуелсіздікті дамытудың шұғыл шараларын іздеу және іске асыру аса қажет болды.
Бұл жолдағы алғашқы қадам 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңның қабылдануы болды, онда елде мемлекеттік билікті заңнамалық деңгейде 3 тармаққа: заң шығарушы, атқарушы және сот билігіне бөлу қағидаттары енгізілді.
Содан бері сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған маңызды заңдарды қабылдау, шығару жұмыстары кеңінен жүргізілді.
Сот жүйесінің тәуелсіздігі қағидаттарының негізгі кепілдіктері Конституцияда қаланды, оған сәйкес Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады.
Судья сот төрелігін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз және тек Конституция мен заңға бағынады.
Соттың сот төрелігін іске асыру жөніндегі қызметіне қандай да болсын араласуға жол берілмейді және ол заң бойынша жауаптылыққа әкеп соғады.
«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның қабылдануымен сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды деп бекітілген.
Судьялардың мәртебесі мен тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін заңдарды немесе өзге де нормативтік құқықтық актілерді қабылдауға жол берілмейді.
Соттар мен судьялардың тәуелсіздігін, олардың мәртебесі мен қамтамасыз етілуін арттырумен бір мезгілде қазіргі заманғы ахуалда оларға қоғам тарапынан сенімді одан әрі нығайту, сот төрелігін іске асыру сапасын жақсарту мәселесі бірінші кезектегі міндет болды.
Азаматтық қоғамды дамыту, экономикалық және әлеуметтік қайта құрулар нәтижесінде мамандандырылған экономикалық және әкімшілік соттарды, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттарды, әскери және мамандандырылған қылмыстық соттарды құру қисынды жалғасы болды.
2007 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда алқабилердің қатысуымен қылмыстық сот ісін жүргізу институты енгізілді, ол азаматтардың сот төрелігін іске асыруға тікелей қатысу мүмкіндіктерін кеңейтті. Бұл кездегі маңызды жетістік қамауға алу санкциясын беру функцияларын соттарға беру болды.
2011 жылы Қазақстанда медиация институты енгізілді, соның арқасында қақтығысушы тараптар өз мүдделерін ескере отырып, дауды келіссөздер арқылы шешуге мүмкіндік алды.
2012 жылы Қазақстанның судьялар қауымдастығы Халықаралық Судьялар қауымдастығының толық құқылы мүшесі болды.
«Ұлт жоспары - 100 нақты қадамды», заңның үстемдігін қамтамасыз етудің 5 институционалдық қадамының бірін іске асыру мақсатында сот сатыларының саны үш сатыға дейін оңтайландырылды. Сот жүйесін дамытуда цифрландыру маңызды рөл атқарды. Сот процестерін аудио-бейне тіркеу жүйесі енгізілді, сот актілерінің бірыңғай электрондық базасы құрылды, сот талқылауларына қатысушыларды электрондық хабардар ету жүйесі іске қосылды.
Бүгінгі күні 2021 жылғы 01 шілдеден бастап мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін жүзеге асырумен байланысты қатынастарды реттейтін Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексін енгізу сот жүйесін реформалаудың айтулы жетістігі болды.
Әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жеке тұлғалардың бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, жария-құқықтық қатынастардағы заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
Жоғарғы Сот Төрағасының басшылығымен Елбасы қойған міндеттерді іске асыру мақсатында судья кадрларын жақсарту, судьялардың тәуелсіздігін күшейту, сот қызметінің сапасын арттыру бойынша одан әрі жұмыс жүргізілуде, «сот төрелігінің 7 түйіні» пилоттық жобалары іске асырылуда, судьялар әдебінің жаңа кодексі қабылданды, тараптарды бітістіру рәсімдері мен дауларды соттан тыс реттеу тетіктерін жетілдіру қолға алынды, сот жүктемесі азайтылды, сот актілерін ұғынықты тілде түсіндіру тәжірибесі енгізілді, жаңа электрондық сервистер мен жобалар іске қосылды, сот жүйесінің материалдық базасы нығайтылды, өңірлерде фронт кеңселер ашылды. Бұл батыл қадамдар мен сан-салалы жұмыстар сот жүйесін белсенді дамытудың жаңа қырын қалыптастырып, судьялардың жұмысына тың серпін бергені анық.
Соттардың тәуелсіздігі қағидатын іске асырудың пәрменді тетіктерінің бірі судьялар қызметіне кандидаттарды іріктеу жөніндегі функцияларды Жоғары Сот Кеңесінің қарамағына беру болды.
Судьяларды іріктеу және мансаптық жоғарылату жүйесі айтарлықтай қайта қаралды-біліктілік талаптары қатаңдатылды.
Сот жүйесін реформалау процесі бір орында тұрған жоқ. Оған деген озық жаңашыл көзқарастар судьялардың тәуелсіздігін одан әрі нығайтуды қамтамасыз етуі, сот төрелігін жүзеге асыруға жаңа кәсіби кадрларды тартуды ынталандыруы, сот процесінің ыңғайлылығы мен тиімділігін арттыруы тиіс.
Еліміздің тәуелсіздігін өркендету жолындағы жүргізіліп жатқан құқықтық реформалар заңның үстемдігін толық көлемде қамтамасыз етіп, қоғамның биліктің сот тармағына деген сенімін арттыруға ықпал ететіні анық.
Орал қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының төрағасы Ботагөз Нұрмағамбетова
[xfvalue_img]
18 пікір