Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді апелляциялық тәртіппен қайта қарау

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді апелляциялық тәртіппен қайта қарау

Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабына сәйкес, әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауына құқығы бар. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (әрі қарай - ӘқбтК) 44-1-тарауында әкімшілік істер бойынша күшіне енбеген сот қаулыларын апелляциялық тәртіппен қайта қарау тәртібі көзделген. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулы өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлға, жәбiрленушi, жеке тұлғаның заңды өкiлдерi, дара кәсіпкердің, заңды тұлғаның өкілдері, қорғаушы, сондай-ақ прокурордың апелляциялық өтінішхаты бойынша ол қайта қаралуы мүмкін.

Әкімшілік істерді апелляциялық тәртіппен қайта қарау бірінші сатыдағы соттардың қызметін бақылау нысандарының бірін білдіреді және  әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу сатыларының бірі ретінде әкімшілік жаза қолданудың заңдылығы мен негізділігінің маңызды кепілі болып табылады. Қайта қарау дегеніміз-бұрын қабылданған қаулыны жою, өзгерту немесе өзгеріссіз қалдыру құқығы бар субъектінің істі жаңадан қарауы.  Бұл кезең міндетті емес бола отырып, екі мақсатты көздейді: біріншіден, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттерінен қорғау үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған тұлғаның немесе жәбірленушінің құқықтарын іске асыруды қамтамасыз ету, екіншіден, іс қозғау, қарау және қайта қарау кезеңдерінде қабылданған іс жүргізу актілерінің заңдылығы мен негізділігін растау немесе жоққа шығару және жіберілген қателіктерді түзету.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға шағым іс бойынша қаулы шығарған судьяға жіберіледі, олар шағым, прокурордың апелляциялық өтінішхаты келіп түскен күннен бастап  жоғары тұрған сотқа үш тәулік ішінде, ал әкiмшiлiк қамаққа алу түрiнде жаза қолдану туралы қаулысына шағым, прокурордың апелляциялық өтінішхаты алынған күнi жіберуге міндетті.  Кодекстің осы талабын сақтау сот төрағасының, судьяның тұрақты қатаң бақылауында болады.

Шағымдану мерзіміне келетін болсақ, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулының көшірмесі тапсырылған күннен бастап он тәулік ішінде, ал шығарылған қаулыларға шағым жасауға құқығы бар тұлғалар істі қарауға қатыспаған жағдайда – оны алған күннен бастап жазбаша түрде не электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанында берілуі мүмкін. Шағым беру, прокурордың апелляциялық өтінішхат келтіру кезінде жоғарыда аталған тұлғалар осы мерзімдерді өткізіп алған жағдайда сот  оларды қарауға қабылдаудан бас тартуға құқылы емес.

Шағым, прокурордың апелляциялық өтінішхатында осы шағым, прокурордың апелляциялық өтінішхаты қаралатын соттың атауы, шағым берушiнiң, апелляциялық өтінішхат келтірген прокурордың тегі, аты және әкесінің аты (болған кезде) (заңды тұлғаның дәл атауы), тұрақты тұрғылықты жерi немесе тұрған жерi (пошта мекенжайы), яғни толық мағлұмат,  қай соттың қаулысына шағым берiлiп, апелляциялық өтінішхат келтіріліп отырған соттың атауы, сот қаулысының мазмұны, сондай-ақ өздерiнiң құқықтарын және бостандықтарын бұзады деп есептейтiн себептер, нақты тұжырымдалған өтінуі, талабы көрсетіле отырып,  шағым берген тұлғаның, апелляциялық өтінішхат келтірген прокурордың қолы қойылуы қажет. Ал егер шағым заңды тұлғаның атынан берiлсе, оның өкiлi немесе осыған уәкiлеттiк берілген басқа да тұлға қол қояды. Бұл өкiлеттiктi растайтын құжат шағымға қоса тіркеледі.

Жоғары тұрған соттың судьясы сот қаулысына шағым, прокурордың апелляциялық өтінішхаты олардың келіп түскен күнінен бастап он тәулік ішінде, ал егер жауаптылыққа тартылған адамға әкімшілік шара ретінде әкiмшiлiк қамаққа алу тағайындалса, олар берiлген, келтірілген кезден бастап бiр тәулiк iшiнде жеке-дара қарайды. Сонымен қатар  iс жүргiзуге қатысушылардан өтiнiшхаттар келіп түскен не iстiң мән-жайларын қосымша анықтау қажет болған жағдайларда, iстi қарап жатқан сот шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау мерзiмiн он тәуліктен аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкiн. Ал егер шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау кезінде қандай да азаматтық, қылмыстық немесе әкімшілік сот ісін жүргізуде қаралатын басқа іс шешілгенге дейін оны қарау мүмкін болмаған кезде, сот уәжді ұйғарым шығарып, мерзімді тоқтата тұруға міндетті.

Келтірілген шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау кезiнде шағымның, прокурордың апелляциялық өтінішхатының дәлелдерiне қарамастан сот iстi толық көлемде, шығарылған қаулының заңдылығы мен негiздiлiгiн тексеріп, ол жаңа фактiлердi анықтауға және жаңа дәлелдемелердi зерттеуге құқылы.

Жоғары тұрған сот әкімшілік іс бойынша келтірілген қаулыға шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарап, қаулыны – өзгеріссіз, ал шағымды, апелляциялық өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдыру; қаулыны өзгерту туралы; әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргiзудi болғызбайтын және әкiмшiлiк жауаптылыққа тартпауға мүмкiндiк беретiн мән-жайлар болған кезде, сондай-ақ қаулы шығарылғанда негізге алынған мән-жайлар дәлелденбеген кезде қаулының күшiн жою және iстi тоқтату туралы; iс бойынша қаулының күшiн жою және жаңа қаулы шығару туралы шешiмдердiң бiрiн қабылдайды.

ӘқбтК-нің 840-бабына сәйкес, судьяның сот қаулысында жазылған iстiң нақты мән-жайлары туралы түйіндерінің шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау кезiнде зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуi; әкiмшiлiк жауаптылық туралы заңның дұрыс қолданылмауы; осы Кодекстiң процестік нормаларының елеулi түрде бұзылуы; қаулымен қолданылған әкiмшiлiк жазаның жасалған құқық бұзушылық сипатына, кiнәлiнiң жеке басына немесе заңды тұлғаның мүлiктiк жағдайына сәйкес келмеуi бірінші сатыдағы сот қаулысының күшiн жоюға не оны өзгертуге және қаулы шығаруға негіздер болып табылады.

Шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау кезiнде зерттелген дәлелдемелерге сот қаулысындағы iстiң нақты мән-жайлары туралы түйіндердің сәйкес келмейтiнiн анықтаса, судья бұл қаулының күшiн толық немесе iшiнара жойып, сот қаулысында анықталмаған немесе қаулы шығарған судья назарға алмаған фактiлердi дәлелдендi деп танып, жаңа қаулы шығарады.

Сонымен қатар, осы Кодекстiң 1-бөлiмiнiң және 2-бөлiмi жалпы бөлiгiнiң талаптарын бұзу, осы Кодекстiң 2-бөлiмi ерекше бөлiгiнiң қолданылуға жататын бабынан немесе бабының бөлiгiнен басқасын қолдану және ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабының санкциясында көзделгеннен анағұрлым қатаң әкiмшiлiк жаза қолдану әкiмшiлiк жауаптылық туралы заңды дұрыс қолданбау болып танылады.

Шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау кезiнде осы Кодекстің қағидаттары бұзылса, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргiзудi болғызбайтын және әкiмшiлiк жауаптылыққа тартпауға мүмкiндiк беретiн мән-жайлар болған кезде іс бойынша iс жүргiзу тоқтатылмаған болса, мiндеттi түрде зерттелуге жататын дәлелдемелер зерттелмеген болса, дәлелдемелердi зерттеуден негiзсiз бас тартылғаны жалпы әкімшілік жауапкершілік туралы заңды дұрыс қолданбау,  осы Кодекстің процестік нормаларын елеулі түрде бұзу, қаулымен қолданылған әкімшілік жазаның жасалған құқық бұзушылық сипатына, кінәлінің жеке басына немесе заңды тұлғаның мүліктік жағдайына сәйкес келмеуі анықталса, судья iс бойынша қаулының күшiн жояды және iс жүргiзудi тоқтатылып, шығарылған қаулы дереу жария етiледi.

Іс бойынша өзіне қатысты қаулы шығарылған жеке тұлғаға немесе заңды тұлғаның өкiлiне, жәбiрленушiге, апелляциялық өтінішхат келтірген прокурорға қаулының көшiрмесi ол шығарылғаннан кейiн үш тәулiкке дейiнгi мерзiмде табыс етіледі немесе жолданады, ал қамаққа алу туралы сот қаулысына шағым, прокурордың апелляциялық өтінішхаты бойынша қаулы – қаулыны орындайтын органның (лауазымды адамның), сондай-ақ өзiне қатысты шығарылған тұлғаның назарына қаулы шығарылған күнi жеткiзілуі тиіс.

Демек, сот актілерінің материалдық және процестік заңның қолданылуға жататын нормаларына сәйкестігі туралы қорытындыны тек апелляциялық және кассациялық сот ісін жүргізу рәсімдерінде жоғары тұрған сот сатыларында ғана жүзеге асырылады.

Сондықтан азаматтардың сот жүйесіне деген сенімінің артуына негіз болатын,  халықтың сот төрелігіне қолжетімділігін қамтамасыз етуде, қоғамда заңдылық пен тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндік беретін апелляциялық сатының сот өндірісінде алатын орны ерекше.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қайдарова Айгүл

 

 

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

1 пікір

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Негізгі жаңалықтар

Логотип

Портал туралы

Ел мен әлем жаңалықтары!

© 2024 INFOZAKON. Барлық құқықтар сақталған.