Көліктегі әкімшілік құқық бұзушылықтар және сот актілерін орындамаумен байланысты әкімшілік істерді қарау мәселелері бойынша дөңгелек үстел өткізілді
Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында «Көліктегі әкімшілік құқық бұзушылық саласындағы және сот актілерін орындамауға байланысты әкімшілік істерді қарау кезінде туындайтын проблемалық мәселелер» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Іс-шараға Батыс Қазақстан облыстық сотының судьялары Махметов Қ.Б., Ахметов Ә.М., Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Нұрмағамбетова Б.Т., Орал қаласы прокуратурасының бөлім басшысы Нұрманов А.А., БҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Шайхиев С.Б., БҚО ПД ӘПБ бастығының орынбасары Нагимов М.Н., БҚО ПД ӘПБ ПО бастығы Калибеков М.К., БҚО ПД жанындағы ӘПБ бастығы Ибрайымов О.А., Орал қ. ПБ ӘПБ бастығы Мендіханов Н.И., Орал қ. ПБ ППБ штаб бастығы Недопекин К.А., БҚО жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы басшысының орынбасары Қарекесов Е.А.,Орал қ. Сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлімінің басшылары Джумагалиева С.Б., Есенгазиева А.М., Орал қ. МӘС-ң судьялары қатысты.
Дөңгелек үстелге қатысушылар көліктегі әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғау кезінде хаттамаларды дұрыс толтыру, істерді тиісті түрде ресімдеу, дәлелдемелерді сапалы жинау, жеке сот орындаушылардың әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау үшін аумақтық бөлімге материалдарды жіберу, сондай-ақ заңды қаулы шығару тәртібін сақтау мәселелерін қозғады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманың қағидаларын сақтамау іс бойынша іс жүргізуді жарамсыз деп тануға, осындай іс жүргізу барысында қабылданған шешімдердің күшін жоюға немесе жиналған дәлелдемелердің күші жоқ деп тануға әкелетінін назарға алу қажеттілігі атап өтілді.
Бұдан басқа, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қысқартылған іс жүргізудің 42-тарауының талаптарын мүлтіксіз сақтау қажеттілігі, ӘҚБтК-нің 809-бабының талабына сай, осы кодекстiң 741 және 742-баптарында көзделген мән-жайлардың ең болмағанда бiреуi болған кезде, жүргiзуінде iс жатқан лауазымды адамға істі сотқа жібермей, оны әуре-сарсаңға салмай iс жүргiзудi тоқтату туралы қаулы шығаруға мүмкіндік беретіндігі ескертілді.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша барлық іс жүргізу талаптарын сақтау, әрбір істің мән-жайларын уақтылы, жан-жақты, толық және объективті анықтау, оны осы Кодекске сәйкес шешу, іс жүргізуге қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін іске асыруды қамтамасыз ету, әкімшілік құқық бұзушылықтар жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау, дәлелдемелерді сапалы жинау, оның ішінде егер адам бұрын көлік құралын жүргізу құқығынан айырылған болса, жүргізуші куәлігін алғандығы туралы анықтаманы іс материалдарына міндетті түрде қосу, іс бойынша әуре-сарсаңға салуды жою, істі сотқа жіберу мерзімін бақылауға алу туралы іс-қимылдар алгоритмі әзірленді.
Руслан Демеуов
Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының кеңсе меңгерушісі
[xfvalue_img]
28 пікір