СОТТАҒЫ ТЕХНОЛОГИЯ ЖЕТІСТІГІ
Қазіргі таңда еліміздегі сот жүйесі заман талабына сай жаңа технологияларды кеңінен пайдаланып келе жатыр. Сот жүйесінде жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану сот төрелігінің мінсіз қызмет етуіне өз септігін тигізуде. Елімізде жарияланған карантин кезінде де, төтенше жағдай кезінде де азаматтардан түсетін талап-арыздар саны және қылмыстық істердің саны артпаса, азайған жоқ. Осыған орай сот жүйесі де жаңашылдыққа бет бұрып, қашықтықтан онлайн форматта азаматтардың құқықтарын бұзбай, ашық сот отырыстарын нақты уақыт режимінде, бейнеконференц байланысы арқылы қашықтан өткізуді қолға алды. Тіпті, тергеу изоляторында қамауда отырған айыпталушыларды да сот залына айдауылдамай (тасымалдамай), аталмыш мекемелерде арнайы құрылғылармен залдар жасақталып, «TruConf» бағдарламасын қолдана отырып, сот отырысына қатысуға мүмкіншілік туғызды. Облыс көлемінде Бөкей ордасы аудандық соты шалғай аудан болсада, сот отырысының қашықтан өткізілуі тараптардың, сот отырысына қатысушылардың уақытын тиімді пайдалануға және шалғай аудандарда немесе басқа қалаларда тұратын тараптардың жол қаражатын үнемдеуге де үлесін қосуда. Айта кетер болсақ, «Төрелік» ақпараттық жүйесін әр маман жақсы меңгерген. «Сот кабинеті» ақпараттық сервисін пайдалану мақсатында, 2021 жылдың 4 айында 77-әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс, 38- арызбен талап-арыздар электронды түрде түссе, 10-қылмыстық іс электронды форматта түскен. Тараптарға «SMS-хабарлама» жолданып, дыбыс-бейне жазатын бағдарламалар сынды жаңа заманауи технологиялар сот жүйесінде кеңінен қолданылып, сот ісін жүргізуді айтарлықтай жеңілдетуде.Әр күн сайын сот отырыстары онлайн режімінде өтуде. Сондықтан да, сот жүйесінде жаңа ақпараттық технологияларды пайдаланудың маңызы зор деп айтуға болады.
Зияш Зайнуллина
Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы аудандық сотының кеңсе меңгерушісі
[xfvalue_img]