Ғылым тәжірибеге жақындай түсті: Астанада GREEN SCIENCE KZ жобасының бірінші жылының қорытындылары шығарылды
2026 жылғы 29 қыркүйек Астана қ.
Астанада ғылыми негізделген көгалдандыру және ормандарды қалпына келтіру жөніндегі жобаның бірінші жылының нәтижелері ұсынылған GREEN SCIENCE KZ республикалық конференциясы өтті. Жобаны Қазақстан Республикасы Табиғи ресурстар және экология министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Ботаника және фитоинтродукция институты» ШЖҚ РМК «Шеврон» компаниясымен серіктестікте жүзеге асыруда. Жоба аясында Ботаника және фитоинтродукция институтының ғылыми ұсынымдарын Батыс Қазақстан өңірінің мамандары алды, ал Ұлытау облысының тұрғындары ормандарды қалпына келтіруге арналған отырғызу материалын өсіруді меңгере бастады.
Конференция Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде өтті. Оған ғылым, мемлекеттік органдар, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, университеттер, кәсіби қауымдастық және халықаралық ұйымдардың 90-нан астам өкілі қатысты. Қатысушылар зерттеу нәтижелерін муниципалитеттер, көгалдандыру және орман шаруашылығы мамандары, сондай-ақ жергілікті қауымдастықтар үшін практикалық құралға айналдыру жолдарын талқылады.
Жобаның бірінші жылындағы бағыттардың бірі - құрғақ климатта көгалдандыру жөніндегі ғылыми ұсынымдарды өңірлерге жеткізу болды. Ұсынымдар «Жасыл өсу контексіндегі Батыс Қазақстан өңірінің табиғи-шаруашылық және әлеуметтік-экономикалық жүйелерінің тұрақты дамуы» мемлекеттік ғылыми-техникалық бағдарламасын іске асыру барысында ботаник-сарапшылар жинаған деректерге негізделген. Осы бағдарлама аясында Институт қызметкерлері бірнеше жыл бойы қалалық көгалдандыруда қолданылатын өсімдіктердің түрлік әртүрлілігін кешенді зерттеп, далалық бақылаулар жүргізді. Нәтижесінде Институт Орал, Атырау, Ақтау және Ақтөбе қалаларына арналған каталогтардың 160 данасын басып шығарды. Оларда өсімдіктердің ғылыми негізделген ассортименті, су тапшылығы мен топырақтың тұздануын қоса алғанда, жергілікті жағдайларды ескере отырып, жасыл екпелерді құру және оларға күтім жасау жөніндегі ұсынымдар қамтылған.
Оралдағы семинарда бұл материалдар мемлекеттік органдар, көшетханалар, жобалау және көгалдандыру ұйымдарының 40-тан астам маманына таныстырылды. Ғалымдар қаланы көгалдандыруда одан әрі қолдану үшін 94 таксонды, ал ассортиментке енгізу үшін тағы 95 таксонды ұсынды. Кездесу қорытындысы бойынша Институт пен «Орал ботаникалық бағы» қоғамдық қоры ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. «Орал ботаникалық бағы» ҚҚ директорының орынбасары Роза Өмірзақова конференциядағы сөзінде атап өткендей, ұсынылған ассортимент пен өсімдіктерге күтім жасау жөніндегі ұсынымдар қамтылған каталогтар кейінгі жұмыс үшін көптен күткен бағдар мен регламентке айналды.
Атырауда 30-дан астам маман оқудан өтті. Ғалымдар қаланы көгалдандыруда қолдану үшін өсімдіктердің 157 таксонын ұсынды. Институт пен Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ынтымақтастығы да меморандуммен бекітілді. Университеттің проректоры Өтегенов Алмасбек Ұлықбекұлы өз сөзінде көгалдандыру жұмыстары ғылыми негізделген ұсынымдардан басталуға тиіс екенін атап өтіп, Университет пен Ботаника және фитоинтродукция институтының 75 сотық аумақта Қазақстандағы өзін-өзі өтейтін алғашқы ғылыми-өндірістік АгроТех көшетханасын құру жөніндегі бірлескен жобасы туралы айтты. «АгроТех пилоттық жобасы және “ақылды өнеркәсіптік көшетхана” құру - GREEN SCIENCE KZ жобасының қорытынды резолюциясын тікелей іске асыру», - деді Алмасбек Ұлықбекұлы таныстырылымының соңында.
Ұлытау облысында жоба ғылыми ұсынымдарды тұрғындарды практикалық оқытумен ұштастырды. Жаңаарқа ауданының Ақтау ауылында болашақта ормандарды қалпына келтіруге пайдалануға болатын отырғызу материалын өсіруге арналған демонстрациялық алаң құрылды. 40-тан астам жергілікті тұрғын көшет отырғызуға қатысып, тұқымдар мен ғалымдардың әдістемелік материалдарын алды. Конференцияда қатысушылар халықаралық тәжірибені пайдалана отырып, қауымдастықтарды ормандарды қалпына келтіруге тарту бойыншағы осындай бастамаларды дамыту жолдарын талқылады. Осы мақсатта конференция аясында Азия орман ынтымақтастығы ұйымының (AFoCO) воркшопы өтті. AFoCO Хатшылығының Даму мақсатындағы ынтымақтастық департаментінің директоры, доктор Seonghan Lee ауылдық көшетханаларды дамыту және қоғамдық бастамаларды мемлекеттік қолдау жөніндегі басқа елдердің тәжірибесін таныстырды. Лаоста ауыл тұрғындарының шарттық негізде көшет өсіріп, оларды отырғызуы және орманды қорғауға қатысуы; Корея Республикасында мемлекеттік сатып алудың жергілікті өндірушілердің көшеттеріне тұрақты сұранысты қамтамасыз етуі; сондай-ақ Моңғолияда тұрғындардың мемлекеттік көшетханалар базасында отырғызу материалын өсіріп, оны кейіннен жергілікті билік органдары мен жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың сатып алуы мысалдары қарастырылды.
2027 жылы GREEN SCIENCE KZ жобасы ұзақ мерзімді зерттеулердің нәтижелерін көгалдандырумен айналысатын ұйымдар, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен жергілікті қауымдастықтар өкілдеріне арналған практикалық құралдарға айналдыруды жалғастырады. «GREEN SCIENCE KZ ғылыми білімді, өңірлердің тәжірибесін және жергілікті қауымдастықтардың қатысуын біріктіреді. Біз мұндай ынтымақтастықтың құндылығын көріп отырмыз және жобаны 2027 жылы жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Мұндай жұмыстың бір реттік семинар түрінде емес, жүйелі түрде жүргізілуі қажет екенін түсінеміз: байланыстарды нығайтып, білімді тереңдетіп, көгалдандыру және ормандарды қалпына келтіруге қатысатын барлық тараптың өзара іс-қимылының тұрақты моделін қалыптастыру маңызды», - деді Chevron компаниясының әлеуметтік серіктестік жөніндегі аға кеңесшісі Лейла Айтмұханова.
«Ботаника және фитоинтродукция институтында Қазақстанның барлық өңіріндегі өсімдіктерді табиғи өсу ортасында зерттеу арқылы жинақталған ғылыми білімнің мол қоры бар. Сонымен қатар, ботаниктердің ғылыми жұмысының нәтижелері қалаларды көгалдандыратын және ормандарды қалпына келтіретін мамандар үшін құралға айналғанда ғана ол ең жоғары пайда әкеледі. Жобаның бірінші жылында біз өңірлердегі мамандарға нақты аумақтардың жағдайларын ескеретін ұсынымдарды жеткіздік. Енді олардың практикада қолданылу аясын кеңейту маңызды», - деді Ботаника және фитоинтродукция институтының бас директоры Гүлнара Ситпаева.
Қосымша ақпарат үшін: Баян Қоспенбетова, Ботаника және фитоинтродукция институтының маркетинг және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бастығы, bayan.kospenbetova@botsad.kz
АНЫҚТАМА ҮШІН:
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Ботаника және фитоинтродукция институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорны 1932 жылы құрылған. Институт қызметінің мақсаты — әлемдік ғылымның жетістіктерін ескере отырып, ботаника және фитоинтродукция салаларында іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізу. Ботаника және фитоинтродукция институтында 11 ғылыми зертхана жұмыс істейді. Институт BR21882122 «Батыс Қазақстан өңірінің табиғи-шаруашылық және әлеуметтік-экономикалық жүйелерін жасыл өсу жағдайында тұрақты дамыту: кешенді талдау, тұжырымдама, болжамды бағалау және сценарийлер» ғылыми-техникалық бағдарламасы аясында (2023–2025 жылдар) Батыс Қазақстан қалаларын көгалдандыру жүйесінде пайдаланылатын ағаш-бұта өсімдіктерінің түрлік алуантүрлілігіне кешенді зерттеу жүргізді. www.botsad.kz
«Chevron» — әлемдегі жетекші интеграцияланған энергетикалық компаниялардың бірі. Компания сенімді, қолжетімді және таза энергия прогресс үшін қажет деп есептейді. «Chevron» мұнай мен табиғи газ өндірумен, жанар-жағармай материалдарын, мұнай-химия өнімдері мен қоспаларды өндірумен айналысады, сондай-ақ өз бизнесі мен энергетика саласын дамытуға бағытталған технологияларды әзірлейді. Компания мұнай-газ бизнесін дамытуға, қызметінің көміртек сыйымдылығын төмендетуге және жаңартылатын отын өндіру, көміртекті ұстау және офсеттерді пайдалану, сондай-ақ сутегі мен басқа да инновациялық технологиялар сияқты төмен көміртекті бизнес бағыттарын дамытуға ұмтылады. www.chevron.com
Жоба туралы: «Green Science KZ» білім беру жобасы Қазақстанның ұлттық парктері мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының (ЕҚТА) әлеуетін арттыруға, сондай-ақ биоалуантүрлілік пен климаттық тұрақтылықты арттыруға бағытталған ғылыми негізделген, тұрақты көгалдандыру тәжірибелерін енгізуге бағытталған. Жобаны Ботаника және фитоинтродукция институты Chevron компаниясымен серіктестікте жүзеге асыруда. Жоба 2026 жылғы қаңтарда Батыс Қазақстан және Ұлытау облыстарында басталды және 2027 жылы жалғасын табады.
[xfvalue_img]
