Қазақстан мен ЕО жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға ниетті
Астана, 2024 жылғы 21 қаңтар – Еуропалық тараптың бастамасымен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Қазақстан Республикасында тіркелген Еуропалық одақ елдерінің дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары үшін шолу брифингін өткізді.
Іс-шара барысында қазақстандық дипломат Қазақстан Республикасының сыртқы саяси басымдықтары туралы толыққанды баяндап, Орталық Азиядағы және өңір мен Еуроодақ арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту және көлік байланысын кеңейту бағытына ерекше назар аударды. Сондай-ақ ол еуропалық елшілерді еліміздің Ресей, Қытай және АҚШ-пен қарым-қатынастарының басымдықтары туралы хабардар етті.
ЕО-мен ынтымақтастық туралы айта келе, Р.Василенко саяси диалогтың жоғары қарқынын атап өтіп, сауда-инвестиция, көлік-логистика, жасыл энергетика, маңызды шикізат ресурстары сияқты ынтымақтастықтың басым бағыттары, сондай-ақ ҚР азаматтары үшін Еуропалық одақтың визалық режимін жеңілдету мәселесі бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды тиімді жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
«Өткен жыл Еуропалық одақпен және оған мүше мемлекеттермен қарым-қатынасымызды дамыту үшін өте жемісті болды. Жаңа күш-жігерді жұмсау арқылы 2025 жылы қарым-қатынастарымыз үшін бұдан да үлкен табыстарға жетіп, достық және өзара тиімді байланыстарымызды одан әрі нығайта алатынымызға сенімдіміз», – деді ҚР СІМ басшысының орынбасары.
ЕО елдерінің елшілерін Қазақстанның экономикалық даму серпінімен және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық нұсқауларына сәйкес қабылданып жатқан инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту шараларымен егжей-тегжейлі таныстыра отырып, Қазақстан мен ЕО арасындағы өзара байланысты нығайтуға және Орталық Азия өңірінің тұрақты дамуына ықпал ететін инфрақұрылымдық жобаларға инвестиция салуға шақырды.
Сонымен қатар тараптар алдағы биік және жоғары деңгейдегі іс-шаралардың кестесін талқылап, халықаралық күн тәртібіндегі аса өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Брифинг соңында қатысушылар екіжақты және көпжақты бағыттағы ынтымақтастықтың оң динамикасына қанағаттанушылық білдіріп, өзара мүдделі мәселелер бойынша өзара іс-қимылды арттыруға келісті.
Анықтама: Еуропалық одақ – Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық әріптесі. Ағымдағы жылғы қаңтар-қараша аралығында тауар айналымы 44,2 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,7%-ға артты (ҚР-дан экспорт – 34,6 млрд долл., ҚР-ға импорт – 9,6 млрд долл.). 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына еуропалық инвестицияның көлемі 180 млрд долларға жетті. Қазақстанда еуропалық қатысуымен 3000-нан астам компания қызмет етуде.
https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/922066?lang=kk
[xfvalue_img]