Мәжіліс сұйытылған газ айналымын реттеу туралы заңды екінші оқылымда қабылдады
Депутаттар сұйытылған газ айналымын реттеу процестерін реинжинирингтеу мәселелері туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Сондай-ақ Қазақстан мен Түркия арасындағы ақпарат алмасуды ұйымдастыру және кедендік бақылау рәсімдерін жеңілдету туралы келісімді ратификациялап, жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева сұйытылған газ айналымын реттеу процестерін реинжинирингтеу туралы заң осы тапшы тауарды бөлу мен пайдаланудың барынша ашықтығын қамтамасыз ететінін айтты. Бұл үшін бірқатар ереже қарастырылған. Оның ішінде бөлшек бағаны реттеуді Бәсекелестікті қорғау агенттігінен Бірыңғай баға саясатын қалыптастыру үшін Энергетика министрлігіне беру. Екіншісі – қажетті деректерді алудың тәуелсіз процедурасы арқылы сұйытылған газды таратудың ашық жүйесін құру. "Барлық дерек қолданыстағы ақпараттық жүйелерден алынады. Сұйытылған газ айналымы зауыттан тұтынушы резервуарына дейін ашық болады. Тапшы тауардың қайда, қашан, кім және кімге сатылғаны туралы ақпарат жеткізу жоспарын қалыптастыру рәсімінен адам факторын алып тастауға мүмкіндік береді", - деп түсіндірді Е.Смышляева. Оның айтуынша, жеткізу тізбегіне қатысатын және жеткізу жоспары бойынша тауарларды алуға құқығы бар субъектілердің саны да шектеулі. Өнеркәсіптік кешендердің объектілерін үшінші тұлғаларға беру алынып тасталды, бұл әділ бағаның қалыптасуына оң әсер етеді. Көрші елдерге және облыстар арасындағы газ ағынымен күресу тетіктері енгізілуде. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында да бірқатар өзгеріс ұсынылуда. "Тауарлық газды тұрмыстық және өндірістік нысандарға қосудың техникалық шарттарының әрекет ету мерзіміне шектеу енгізілді. Қазіргі жобалардың нақты қажеттіліктерін бағалау және іске асырылмаған өтінімдерді алып тастау жаңа тұтынушылар үшін сақталған тауарлық газ ресурстарын босатады", – деді депутат. Сондай-ақ заңда 2023 жылғы 1 шілдеден бастап пәтер иелері кооперативтерінің және көппәтерлі тұрғын үйді басқару жөніндегі басқа да тұтыну кооперативтерінің қызметін тоқтату туралы норма алынып тасталды. Оларға қойылатын талаптар басқа заң жобасы аясында әзірленетін болады. Әріптесінің баяндамасын тыңдап болған соң мәжілісмендер оны талқылап, нәтижесінде заңды екінші оқылымда көпшілік дауыспен қабылдады. Сондай-ақ депутаттар Қазақстан мен Түркия үкіметтері арасындағы ақпарат алмасуды ұйымдастыру және кедендік бақылау рәсімдерін жеңілдету туралы келісімді ратификациялады. Заң жобасын Мәжіліске Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев таныстырды. Ол құжаттың негізгі мақсаты электронды ақпарат алмасу арқылы тиімділікті арттыру және кедендік бақылауды жүргізу уақытын қысқарту екенін атап өтті. Бұдан бөлек палата комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Олар: Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау мәселелері туралы, заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы төрт ілеспе жоба. Соның ішінде «Прокуратура туралы» Конституциялық заңға, Салық және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерге, сондай-ақ басқа да заңнамалық актілерге енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бар. Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер жауапты мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік-экономикалық тақырыптар бойынша өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.
https://www.parlam.kz/kk/mazhilis/news-details/id50146/1/1
[xfvalue_img]
27 пікір