Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитіне қатысты
Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммиті Түркияда болған жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, саммитті өткізуді ұсынған Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке және қонақжайлықпен қарсы алған Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға алғыс айтты. Бұдан кейін Қазақстан Президенті жер сілкінісінен қаза тапқан марқұмдардың туған-туыстарына және бүкіл Түркия халқына тағы да көңіл айтты.
– Алапат зілзаланың зардабын тартқан түрік елінің қайғысы барша түркі жұртының қасіреті деп білемін. Қазақта «Қайғыны бөліссең – азаяды» деген сөз бар. Ағайынның басына күн туғанда біздің халқымыз ешқашан қол қусырып отырмайды. Қазақстан халқы бірден түрік бауырларға қол ұшын созды. Құтқарушыларымыз және дәрігерлеріміз дереу көмекке аттанды. Қажетті құралдармен жабдықталған ең тәжірибелі, білікті мамандарымыз құтқару жұмысына атсалысты. Бауырлас елге гуманитарлық және қаржылай көмек көрсетілді. Жойқын жер сілкінісі еліміздің азаматтарын да бей-жай қалдырмады. Біздің халқымыз бауырларымыздың басына түскен қиындықты бірге көтеруге атсалысты. Қазақта «Асар» деген жақсы ұғым бар. Жұрт бірлесіп, мұқтаж жанға көмек қолын созады. Осы мақсатта Қазақстаннан Анадолы еліне көптеген еріктілер келіп, аянбай еңбек етті. Олар – ел басына ауыртпалық түскенде алғы шепте болатын шынайы патриот азаматтар, жаны таза адамдар. Еріктілерді ортақ іске жұмылдыру аса маңызды. Сондықтан мен Ұйымымызға мүше елдердің өкілдерін биыл Астанада өтетін Еріктілер форумына шақырамын. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Біз бауырлас Түркияға одан әрі қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент апат аймағында әлеуметтік нысан салып беруге Қазақстан дайын екенін атап өтіп, халықаралық қауымдастықтың Анадолы еліне көрсеткен демеуін жоғары бағалайтынын жеткізді.
– Еуропадағы серіктестеріміздің Халықаралық донорлар конференциясын өткізу туралы бастамасын құптаймыз. Мұндай бастамаларға түркі елдері де атсалысады деп сенемін. Түркі мемлекеттері сын сағатта ауызбіршілік пен жанашырлықтың озық үлгісін көрсетті. Осы бауырмалдығымыз нығая түссін. Әрдайым бір-бірімізге қамқор болып, ынтымағымыз жараса берсін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы басқосудың «Апат және төтенше жағдайлар менеджменті, гуманитарлық көмек» деген тақырыпта өтуі бекер емес екенін атап өтті. Президенттің пікірінше, жер жүзінде табиғи және техногендік апаттар көбейіп жатыр. Бұл жағдай өте өзекті халықаралық мәселенің біріне айналды.
Қасым-Жомарт Тоқаев осындай күрделі кезеңде Қазақстан гуманитарлық шаралардан шет қалмайтынына тоқталып, түркі елдері төтенше жағдай кезінде тиімді әрекет ете білуі керек екеніне назар аударды. Сондай-ақ Ұйым хатшылығы мен мүше мемлекеттер арасындағы байланыстарды нығайта түсу үшін бірқатар ұсыныс айтты.
– Біз табиғи апаттың алдын алу үшін күш жұмылдыруымыз керек. Түркиядағы зілзала қауіп-қатерге қашанда дайын болу қажеттігін көрсетті. Сондықтан ұйым аясында Төтенше жағдайлар мекемелерінің бірлескен күшін жасақтауды ұсынамын. Оны Алматыдағы Төтенше жағдайлар және алапат жер сілкіністерінің қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталықтың негізінде ашуға болады. Бұл орталықты 2016 жылы Қазақстан және Қырғызстан үкіметтері құрған. Бірлескен күшке Ұйымның Азаматтық қорғаныс хатшылығы мәртебесін берген жөн деп санаймын. Ол апаттан зардап шеккен елдерге көмек көрсету жұмыстарын үйлестіретін болады. Осы құрылым аясында халықаралық іс-шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, құтқарушылардың біліктілігін арттыру және оқу-жаттығу курстары өткізіледі, – деді Президент.
Мемлекет басшысы іздестіру және құтқару қызметтерінің дайындығын күшейту қажеттігін екінші ұсыныс ретінде атады. Осы мақсатта Президент елдеріміздегі Төтенше жағдай мекемелерінің күштері мен техникалық құрал-жабдықтарының тізімін әзірлеуді ұсынды. Бұл шара қиын-қыстау сәтте шұғыл әрекет етіп, апаттың салдарын жоюға бағытталған іс-әрекеттерді үйлестіруге мүмкіндік бермек.
Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайдың алдын алу үшін ақпарат бөлісіп, құтқарушылардың тәжірибе алмасуы өте маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ биыл күзде Қазақстанда «Қазқұтқару» халықаралық оқу-жаттығу жиыны өтетінін еске салды. Президент Ұйымға мүше елдердің құтқару қызметтерін аталған іс-шараға қатысуға шақырып, сол кезде осы салаға жауапты мекеме басшыларының алғашқы басқосуын өткізуге болатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі геосаяси жағдай мен әлемдегі экономикалық ахуалдың күрделі кезеңінде Түркі әлемінің өзара ынтымақтастығы нығая түскенін өте дұрыс қадам деп санайды.
– Біздің ұйым сол арқылы халықаралық деңгейде өзіндік орны бар екенін көрсетті. Елдеріміз саяси, экономикалық және мәдени ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруі қажет. Бұл – Қазақстанның сыртқы саясатындағы басым бағыттың бірі, – деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы жиынға қатысушыларды биыл күзде Қазақстанда өтетін Ұйымның оныншы мерейтойлық саммитіне шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қиын сәтте халықаралық қауымдастықтың түрік халқына қолдау көрсетуі Режеп Тайип Ердоғанның жоғары беделі мен еліне жасап жатқан риясыз қызметінің нәтижесі деп санайтынын жеткізді. Оның пікірінше, биыл 100 жылдығын атап өтетін Түркия Республикасы зор беделге ие. Оның дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан Түркия басшысына алдағы Президент және Парламент сайлауында сәттілік тілеп, оны түрік жұртының қолдайтынына сенім білдірді.
Президент сөзінің соңында жиынға қатысушыларды алдағы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтап, осы мейраммен тұспа-тұс келетін қасиетті Рамазан айының басталуына орай ізгі тілегін білдірді.
Сонымен қатар жиында Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстанның Милли Генгеші Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан және Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Қубанычбек Өмірәлиев сөз сөйледі.
Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитінің қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:
1.Түркі мемлекеттері ұйымы кезектен тыс саммитінің Анкара декларациясы;
2.Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау механизмін құру туралы шешім.
3.Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісім.
https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-turki-memleketteri-uyymynyn-kezekten-tys-sammitine-katysty-1625552
[xfvalue_img]
1 пікір