Канадада Еуразиямен сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылуда
Қазақстан Канададағы Елшісі Ақылбек Камалдинов Британдық Колумбия провинциясына ресми сапармен барып, үкімет өкілдері және жергілікті іскерлік топтармен келіссөздер жүргізді. Тынық мұхитының жағасында орналасқан Британдық Колумбия Канаданың Азия - Тынық мұхит және Еуразия өңіріне шығатын негізгі «қақпасы» болып қарастырылады.
Британдық Колумбия Заңнамалық мәжілісінің Төрағасы Дарил Плекас және Еңбек, сауда және технологиялар министрі Брюс Ралстонмен болған кездесулер барысында А.Камалдинов Қазақстан экономикасының Үшінші жаңғыруын іске асыру барысы және Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауының басты басымдықтары туралы жан-жақты түсіндіріп айтты.
Британдық Колумбияның энергетика, технологиялар, ауыл шаруашылығы, ғылым және инновация, сондай-ақ туризм секторларының зор әлеуетін ескере отырып, жүздесушілер канадалық бизнестің Қазақстан экономикасын одан әрі индустрияландыру және цифрландыруға қатысуын қарқындату перспективаларын атап өтті.
Сонымен қатар, сапар шеңберінде қазақстандық дипломат Канада мен Еуразия елдері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне арналған халықаралық конференцияда сөз сөйледі. Өз баяндамасында Елші өңірлік интеграцияны одан әрі дамытудың стратегиялық маңыздылығын, сондай-ақ Елбасы Н.Назарбаевтың Еуразиялық экономикалық одақ, Еуропалық одақ және «Белдеу және жол» қытайлық бастамасының негізінде Үлкен Еуразия форматындағы ынтымақтастықты ілгерілету туралы бастамасына ерекше назар аударды.
Канадалық іскерлік топтар мен сарапшылар ҚР-дың жаңа Ұлттық инвестициялық стратегиясы, мемлекеттік активтерді жекешелендіру үдерісі, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының жұмысымен таныстырылып, қазақстандық серіктестермен байланыс орнатуға және «Қазақстан-Канада» Іскерлік кеңесінің жыл сайынғы отырыстарына қатысуға қызығушылық білдірді.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің
[xfvalue_img]