ҚР СІМ-де гендерлік теңдік, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа және адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды
Астана, 2024 жылғы 3 маусым –Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші Алуа Надирқұлованың төрағалығымен «Адами өлшем жөніндегі диалог алаңы» консультативтік-кеңесші органының (бұдан әрі – «АӨДА» ККО) кезекті отырысы өтті.
Отырыс шеңберінде БҰҰ Комитетінің әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі ұсынымдарын іске асыру мәселелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасында адам саудасына қарсы күрес бойынша қабылданған шаралар талқыланды.
Іс-шараға Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың, мүдделі министрліктердің өкілдері, қазақстандық құқық қорғау ҮЕҰ өкілдері, сондай-ақ алаңның қонақтары –
БҰҰ Даму Бағдарламасының, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының, Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы өкілдігінің өкілдері қатысты.
А.Надирқұлова өзінің алғы сөзінде Қазақстанның гендерлік теңдік бастамасын ілгерілету және биылғы БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің сессияларында қаралған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі басымдықтары туралы ақпаратпен бөлісті. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 2022-2024 жылдарға мүшесі болып сайланды. Сонымен қатар, ол Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заңды (бұдан әрі – Заң) әзірлеу кезінде азаматтық қоғамның, адвокаттардың, депутаттардың, құқық қорғау институттары мен мемлекеттік органдардың бірлескен күш-жігері біріктірілгенін атап өтті. Нормативтік акт 2023 жылғы 8 желтоқсандағы Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспарын іске асыру аясында дайындалды.
Отырыс барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Найла Мұхтарова бүгінгі таңда әйелдердің қоғамдағы экономикалық және саяси ұстанымдарын барынша қолдауды қамтамасыз етуге, мемлекеттік органдар мен квази мемлекеттік сектор басшылығындағы әйелдер санын 30%-ға дейін ұлғайтуға, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға, гендерлік ағартуды ілгерілетуге, ана мен баланы қолдауға ерекше назар аударылатынын атап өтті. Қазіргі уақытта заңнамалық деңгейде сайлау партиялық тізімдерінде, сондай-ақ депутаттық мандаттарды бөлу кезінде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін міндетті 30% квоталар енгізілді.
Талқылау барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Башимов, барлық осал санаттарды қамтитын және халықаралық құқық қағидаттарына сәйкес келетін «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» құқық қорғайтын заң жобасы Мәжілісте қабылданып, Парламент Сенатына жіберілгендігі туралы ақпаратпен бөлісті. Депутаттар азаматтық қоғамның, халықаралық және қазақстандық құқық қорғау ұйымдарының, ғылыми және сараптамалық топтардың ұсынымдарын ескеретін жүзден астам түзетулер енгізді.
Отырыс барысында, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Вице - министрі Назгүл Сағындықова, адам саудасының құрбандарына мемлекеттік бюджеттен ұсынылатын арнаулы әлеуметтік қызметтер (әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық, құқықтық қызметтер) кешені туралы хабардар етті. Сонымен, жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша жыл басынан бері адам саудасының 192 құрбанына көмек көрсетілді, оның ішінде 74 адам – шетелдік азаматтар.
Өз кезегінде, ҚР Ішкі істер министрлігі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті басқармасының бастығы Шынар Көшербаева, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» алғашқы арнайы заң жобасының рөлін ерекше екендігін атап өтті. Ол кейбір анықтамаларды халықаралық стандарттарға сәйкестендіруді, уәкілетті органдарды, олардың құқықтары мен міндеттерін белгілеуді, сондай-ақ адам саудасы құрбандарының, оның ішінде кәмелетке толмағандар мен шетелдік тұлғалардың құқықтарын бекітуді қарастырады.
Үшінші мәселе аясында ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің орынбасары Ренат Зулхаиров, а.ж. 15 сәуірде денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу бөлігінде әкімшілік заңнаманы криминализациялау мәселесін қарайтын Заңға қол қойылғандығын хабарлады. Құқық бұзушының мінез-құлқына қойылатын ерекше талаптар шеңберінде сотқа «агрессорды» тұрғын үйден уақытша шығару құқығы берілетіні атап өтілді. Сонымен қатар, оған Әлеуметтік бейімделу орталықтарында өз іс-әрекеттерін уақытша ойлап алу ұсынылады. Бұдан басқа, сот «агрессордың» денсаулық сақтау ұйымдарында міндетті психокоррекциялық курстардан өтуін тағайындауға құқылы.
Жалпы, күн тәртібін талқылау ашық және сындарлы сипатта өтті. Мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өкілдері проблемалық мәселелерді тыңдап, әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен адам саудасына қарсы күрес мәселелерін жүйелі түрде жақсарту үшін практикалық ұсыныстар берді.
«АӨДА» ККО 2013 жылы ҚР СІМ бастамасымен құрылды. Алаң Үкімет пен азаматтық сектор арасындағы диалогты ілгерілетудің тиімді құралы болып табылады. Алаңда халықаралық ұйымдардың (БҰҰДБ, БҰҰ БЖКБ, ЕҚЫҰ және т.б.) байқаушылары ретінде қатысу кезінде адам құқықтарын қорғаудың әртүрлі өзекті мәселелері талқыланады.
[xfvalue_img]