Қазақстан мен Кипр ауқымды ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко жұмыс сапарымен Кипр Республикасында болды. Сапар аясында екі ел сыртқы саяси ведомстволары арасында алғашқы саяси консультациялар мен Қазақстанның Никосиядағы Құрметті Консулдығын ашу рәсімі өтті.
Р. Василенконы Кипр Президенті Никос Христодулидис қабылдады, сондай-ақ Сыртқы істер министрі Константинос Комбоспен, Кипр Өкілдер палатасының Адам құқықтары жөніндегі тұрақты комитетінің төрайымы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Вице-президенті Ирен Хараламбидиспен, Халықаралық істер комитеті - парламенттік достық тобының мүшелерімен және «Кипр-Қазақстан» бизнес-қауымдастығының өкілдерімен келіссөздер жүргізілді.
Кипр Президентінің қабылдауында қазақстандық дипломат 1 қазанда атап өтілетін Кипр Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау жолдауын табыс етті. Мемлекет басшысына ізгі тілектерін жолдаған Н.Христодулидис екіжақты қарым-қатынастардың деңгейін жоғары бағалап, оларды одан әрі тереңдетуге және кеңейтуге қызығушылық танытатынын хабарлады. Ынтымақтастықтың ең перспективалы салаларының қатарына инвестициялар, ақпараттық технологиялар, «жасыл» энергетика, туризм және азаматтар арасындағы байланыстарды кеңейту кірді.
Халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылау барысында тараптар мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеуді қоса алғанда, БҰҰ Жарғысының негізгі қағидаттарына өзара бейілділігін растады.
Кипрдің Сыртқы істер министрімен достық және сындарлы күйде өткен жан-жақты келіссөздер барысында тараптар қос ел арасындағы саяси диалогты тереңдетудің қазіргі деңгейі мен перспективаларына қатысты пікір алмасты. Дипломаттар екіжақты қатынастардың үдемелі дамуына оң баға беріп, ынтымақтастықтың жол картасын әзірлеу арқылы осы бағыттағы күш жігерді нақтылау және құрылымдау бойынша қадамдарды белгіледі.
Кездесу қорытындысы бойынша К.Комбос және Р.Василенко екі ел туризм министрліктері арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат осы перспективалық саладағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын таяу болашаққа бекітеді.
Р. Василенко мен Кипр СІМ Тұрақты хатшысы Кириакос Куростың төрағалығымен өткен саяси консультациялардың бірінші раунды Астана мен Никосияның саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылды одан әрі қарқынды дамыту мен нығайтуға деген өзара көзқарасын растады. Сондай-ақ, Жерорта теңізі шығыс жағалауы мен Орталық Азия өңірлеріндегі ахуал, жаһандық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасу болды.
Сонымен қатар, екі елдің көпжақты форматтағы өзара іс-қимылы талқыланды. ҚР-Еуроодақ аясындағы ынтымақтастық аспектілеріне ерекше назар аударылып, бұл ретте Кипр тарапы Астана мен Брюссельдің оны одан әрі дамыту жөніндегі күш-жігеріне тұрлаулы қолдау білдірді. Дипломаттар биыл Лимасол мен Алматыда өткен бизнес-форумдардың жемісті қорытындыларын да атап өтті.
Кипр Өкілдер палатасында өткен кездесуде И.Хараламбидис ү.ж. наурызда Қазақстанда болған парламенттік сайлауға ЕҚЫҰ ПА қысқа мерзімді бақылаушылар миссиясының басшысы ретінде Астанаға жасаған сапарын жылы лебізімен еске алып, еліміздегі қоғамдық-саяси реформалардың дамуына және демократиялық қайта құру үдерісіне қолдау білдірді.
Кипр басшылығының, сондай-ақ парламенттік достық тобының және «Кипр – Қазақстан» бизнес-қауымдастығы өкілдерінің ерекше назары Президент Қ.Тоқаевтың саяси жүйені жаңғырту және ел экономикасын реформалау жөніндегі, оның ішінде Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында айтылған бастамаларына аударылды.
Сапардың нәтижелі және жемісті күн тәртібінің шарықтау шегі Кипр Үкіметі мүшелерінің, депутаттарының, дипломатиялық корпус, іскер топтар, қазақ диаспорасы мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен Никосиядағы Қазақстанның Құрметті Консулы кеңсесінің салтанатты ашылу рәсімі болды.
Рәсімге қатысушыларға арнаған сөзінде Р. Василенко Қазақстан-Кипр қатынастарын дамытудағы Құрметті консулдықтың маңызды рөлін атап өтті. Бұрын белгілі саясаткер болған және беделді бизнесмен ҚР Құрметті консулы Георгиос Лаккотриписті қауым жұртшылыққа таныстыра отырып, қазақстандық дипломат консулдықтың қызметі туризмді, мәдениетті, ғылымды, білім беруді, экономика мен сауда салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға және нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді. Консулдық жұмысының сөзсіз басымдығы шетелдегі қазақстандық азаматтардың құқықтарын қорғау және оларға көмек көрсету болып табылатыны атап өтілді.
Іс-шараларға Қазақстанның Кипрдегі Елшісі Сатыбалды Бұршақов қатысты.
https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/627665?lang=kk
[xfvalue_img]