Қазақстан мен Мажарстан стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайындығын растайды
Астана, 2023 жылғы 12 шілде – Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрлігі Мемлекеттік хатшысының орынбасары Адам Штифтер Қазақстан-Мажарстан саяси консультацияларының кезекті раунды барысында екі елдің стратегиялық ынтымақтастығын одан әрі жан-жақты нығайтуға бағытталған өзара бағытты растады.
Тараптар Қазақстан мен Мажарстан арасында тұрақты саяси диалог қалыптасқанын, қазіргі геосаяси жағдайдың ең өзекті мәселелері бойынша өзара түсіністіктің сақталып отырғанын және аймақтағы қауіпсіздік сын-қатерлеріне бірлесіп әрекет ететінін растады. Түрлі халықаралық платформаларда тараптардың ұлттық мүдделеріне сай келетін бастамаларына өзара қолдау көрсетіледі.
«Біздің әріптестігіміздің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан Мажарстанды Орталық және Шығыс Еуропадағы негізгі әріптестердің бірі ретінде қарастырады. Бүгінгі таңда біздің мемлекеттеріміз өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және нығайтуға деген ұмтылыстарға толы», – деп атап өтті Р. Василенко.
Консультациялар барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі жандандыру қажеттігіне тоқталып өтті. Бұл ретте сауда-экономикалық байланыстарды дамытуда Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Мажарстан үкіметаралық комиссиясы маңызды рөл атқарады.
Дипломаттар сондай-ақ екі елдің білім беру саласындағы өзара іс-қимылының жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Қазіргі уақытта Мажарстанда мыңға жуық қазақстандық студент оқиды. Осы мақсатта Мажарстан жыл сайын 250 грант бөледі.
Бұл тұрғыда сұхбаттастар екі елдің халықтары арасындағы сан ғасырлық тарихи байланыстардың болуын ерекше атап өтті.
БҰҰ, ЕҚЫҰ және Мажарстан бақылаушы болып табылатын Түркі мемлекеттері ұйымын қоса алғанда, халықаралық алаңдарда өзара іс-қимылды нығайтудың маңыздылығы атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар достық пен өзара тиімді ынтымақтастық негізінде Қазақстан-Мажарстан стратегиялық әріптестігін одан әрі нығайту бағытына бейілділігін тағы да растады.
Анықтама: 2022 жылы өзара сауда көлемі 172,2 млн АҚШ долларын құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 19,5%-ға көп. 2023 жылдың алғашқы 5 айында тауар айналымы 68,4 млн АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26,3%-ға өсім көрсетті. 2005 жылдан бастап 2023 жылғы I тоқсанына дейін Мажарстаннан ҚР-ға инвестиция көлемі 322 млн АҚШ долларын құрады. 2022 ж. қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 49,8 млн АҚШ долларына жетті (1,9 есе өсу). ҚР-да мажарлық қатысумен 70-ке жуық компания тіркелген. Олардың ішінде Moll, Globalia, Gedeon Richter және т.б. мажар флагмандық компаниялар бар.
[xfvalue_img]
27 пікір