Мажарстан Сыртқы істер министрінің Қазақстанға ресми сапары туралы
Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Петер Сийарто Нұр-Сұлтанға ресми сапармен келіп, оның шеңберінде Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен екіжақты келіссөздер өтті.
Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Мажарстан ынтымақтастығын одан әрі кеңейту жолдарын, сондай-ақ Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі (Түркі кеңесі) шеңберіндегі өзара іс-қимылды талқылады. Өзара қызығушылық тудыратын халықаралық сипаттағы бірқатар мәселелер, соның ішінде қазақстандықтар үшін Еуроодақ визалық режимін оңайлатуға қатысты мәселелер қаралды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша келесі құжаттарға қол қойылды: Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Мажарстан Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрлігі арасындағы дамуға ресми көмек саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум, Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институты мен Мажарстан сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер институты арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Мажарстан Адами ресурстар министрлігі арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы бағдарлама.
Сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мажар министрінің екі елдің 30-ға жуық ірі іскер топтар өкілдерінің қатысуымен Дипломатиялық бизнес-клуб мүшелерімен кездесуінің басты тақырыбы болды.
Сапар барысында П.Сийарто Қазақстан Республикасы Президентінің қабылдауында болады және Сауда және интеграция министрімен кездесу өткізеді, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Түркі академиясы мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне барады.
Гуманитарлық ынтымақтастық аясында бүгінде Мажарстанда 1000-ға жуық қазақстандық студент білім алып жатқанын атап өткен жөн. Мажарстан жыл сайын Қазақстан үшін 250 білім грантын бөледі.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің
[xfvalue_img]
7 пікір