Бішкекте Қырғызстан мен Қазақстан жоғары оқу орындары ректорларының Бірінші халықаралық форумы өтті
2021 жылғы 22 қарашада Бішкекте Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының жоғары оқу орындары ректорларының алғашқы форумы өтті. Форум тақырыбы қазіргі заманғы жоғары білім беруді трансформациялаудың негізгі трендтеріне және екі мемлекеттің жоғары білім беру мектептерін интеграциялау траекториясына арналды.
Іс-шараға екі елдің білім беру ведомстволарының министрлері, сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстанның жетекші жоғары оқу орындарының 50-ге жуық ректорлары қатысты.
Форумды Қырғыз Республикасының Білім және ғылым министрлігі, Қырғыз Республикасының Жоғары оқу орындарының қауымдастығы, Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары ректорларының кеңесі ұйымдастырды.
Форумның негізгі желісі Түркітілдес мемлекеттердің Ынтымақтастық Кеңесінің таяудағы VIII саммитінің күн тәртібінде көтерілген мәселелерге арналды. Естеріңізде болса, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркітілдес мемлекеттердің Ынтымақтастық Кеңесінің VIII саммитінде қатысушы елдерді экономикалық, гуманитарлық және экологиялық ынтымақтастықты дамытуға бірлескен күш-жігер жұмсауға шақырған болатын.
Форумның ашылуында Қырғыз Республикасының Білім және ғылым министрі Болотбек Купешев баяндама жасап, форумға қатысушыларға Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың, Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары ректорлары кеңесінің төрағасы, Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың, Қырғыз Республикасының жоғары оқу орындары қауымдастығының төрағасы, Бішкек мемлекеттік университетінің ректоры Абдылда Мұсаевтың және тағы басқалардың құттықтау сөзі оқылды.
Қазақстан Республикасы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары ректорларының кеңесі, Еуразия ұлттық университеті атынан сөз сөйлеген Ерлан Бәтташұлы бүгінгі кездесудің Түркістан декларациясының ережелерін іске асыру аясында өтіп жатқанын тілге тиек етті.
-Бұл Түркістан декларациясына қол қойылғаннан кейінгі бірінші ректорлар форумы және Орта Азия жоғары білім беру кеңістігін құрудағы алғашқы нақты қадам, - деді. - Біздің елдеріміз бен халықтарымыз арасындағы қатынастардың ерекше мәртебесі бар. Бір ғана фактіні келтірейін: қазақстандық жоғары оқу орындарында мыңнан астам қырғыз азаматы, ал Қырғыз Республикасының жоғары оқу орындарында екі мыңнан астам Қазақстан азаматы білім алуда.
Бүгін біз екі академиялық өкілді орган – Қырғыз Республикасының жоғары оқу орындары қауымдастығы мен Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары ректорларының кеңесі арасындағы ынтымақтастық үшін іргетас қалап отырмыз.
Біздің елдеріміздің Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығының негізгі бағыттарының бірі Орталық Азия жоғары оқу орындарының альянсын құру болып табылады. Бұл бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды дамытуға, студенттер мен ПОҚ ғылыми тағылымдамаларын жүзеге асыруға, академиялық ұтқырлық бойынша студенттер алмасуды кеңейтуге, филиалдар ашуға, білім беру бағдарламаларын интеграциялауды жүргізуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары ректорлары кеңесінің төрағасы өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру үшін жекелеген проблемалар мен жаңа мүмкіндіктер бар екенін де жасырмады.
-Мысалы, біздің елдеріміздің тәжірибесі жастардың жоғары білім алу үшін басқа елдерге кетуін көрсетеді. Демек, біз әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті сапалы білім беру бағдарламаларын жасауымыз керек. Бұл біздің күш-жігерімізді біріктіру, үздік тәжірибелермен алмасу және сапалы білім алу үшін жағдай жасау арқылы мүмкін болады. Оның оңтайлы шешімі еңбек нарығында сұранысқа ие бағдарламалармен біздің жоғары оқу орындарымыздың филиалдарын ашу болуы мүмкін,- деді Ерлан Сыдықов.
Сонымен қатар спикер бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуді және нәтижелерді халықаралық деректер базасына кіретін ғылыми журналдарда жариялауды ұсынып, қазақстандық ЖОО халықаралық рейтингтерге қатысу тәжірибесімен бөлісе алатынын жеткізді.
Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ректоры Мейрам Бегентаев пен Қырғыз мемлекеттік техникалық университетінің ректоры Мирлан Шылыбаев Орталық Азия университеттерінің ғылым, ғылым және бизнес арқылы өзара әрекеттестігі мен интеграциясы тақырыбында баяндама жасады.
Форум шеңберінде Қырғыз Республикасының Жоғары оқу орындарының қауымдастығы мен Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары ректорларының кеңесі арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге және Қырғыз Республикасы мен Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық туралы шарттарға қол қойылды.
Іс-шара соңында форумның қорытындысы бойынша Қарар қабылданды.
[xfvalue_img]
28 пікір