2020 жылғы 25 маусымда ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау науқаны аясында Ортсайлауком отырысы өтті
2020 жылғы 25 маусымда онлайн режимде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының (бұдан әрі - Ортсайлауком) отырысы өтіп, мына мәселелер қаралды:
- "ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан өтелетін шығыстарының мөлшерін белгілеу және ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттардың сайлау қорлары туралы";
- "ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын өткізу кезінде ҚР Орталық сайлау комиссиясының Интернет-ресурсының функционалын пайдалану регламентін бекіту туралы".
Отырысты аша отырып, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев 2020 жылғы12 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау науқанының барысымен қысқаша таныстырды
"Ағымдағы жылғы 25 маусымдағы жағдай бойынша 88 адам ұсынылды. Орташа алғанда бір депутаттық орынға 5 адам үміткер болып отыр" - деп атап өтті Төраға Б.Имашев.
Отырыстың бірінші мәселесі бойынша Ортсайлауком хатшысы Сәбиля Мұстафина баяндама жасады. С.Мұстафина өз баяндамасында мемлекет кандидаттарға бұқаралық ақпарат құралдарында өз бағдарламаларымен сөз сөйлеу үшін тең қаражат бөлінуіне кепілдік беретінін атап өтті:
- теледидарда (тікелей эфирде немесе жазбада) - он бес минут;
- радиода-он минут;
- мерзімді баспа басылымдарында немесе желілік басылымдарда жарияланым үшін екі мақала 0,1 баспа табақтан артық емес.
Кандидаттар өздерінің сайлау алдындағы бағдарламаларымен сөз сөйлеу үшін мемлекет бөлген қаражат шеңберінде баспа және/немесе желілік басылымдардағы, теле-, радиоарналардағы жарияланымдар көлемін өздері бөледі.
Сондай-ақ республикалық бюджет қаражатынан кандидаттардың сайлау алдындағы жариялы іс-шараларын өткізуге, үгіт материалдарын шығаруға арналған шығыстары мен көлік шығыстары Орталық сайлау комиссиясы белгілеген мөлшерде өтеледі.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде ОСК өз қаулысымен ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан өтелетін шығыстарын 450 000 теңге көлемінде белгіледі: 1) теледидардан, радиодан бағдарламамен сөз сөйлеу және мерзімді баспа басылымдарында 2 мақала жариялау үшін - 300 000 теңге; 2) сайлау алдындағы көпшілік іс-шараларды өткізу және үгіт материалдарын шығару үшін - 70 000 теңге; 3) көлік шығындары үшін - 80 000 теңге.
Сондай-ақ, С.Мұстафина ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттардың сайлау қорлары туралы ақпаратты түсіндірді.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттың сайлау қоры:
1) жалпы сомасы заңнамамен белгіленген ең төменгі жалақының екі жүз есе мөлшерінен аспауы тиіс кандидаттың меншікті қаражаты, бұл 8 500 000 (сегіз миллион бес жүз мың) теңгені құрайды;
2) жалпы сомасы заңнамада белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінен бес жүз еседен артық аспауға тиіс Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұйымдарының ерікті қайырмалдықтары, бұл 21 250 000 (жиырма бір миллион екі жүз елу мың) теңгені құрайды.
Белгіленген мөлшерден тыс түскен ақшалай қаражат сайлау қорына есептелуге жатпайды және оларды енгізген азаматтар мен ұйымдарға қайтарылады. Бұл ретте аталған қаражатты қайтаруға байланысты шығыстар оларды енгізген азаматтар мен ұйымдардың есебінен жабылады.
Жасырын қайырмалдықтар республикалық бюджет кірісіне айналады. Сайлау қорларына тек заңды жолмен алынған қаражат ғана жіберілуі мүмкін.
Сайлау қорының қаражатына билік ету құқығы тек Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттарға ғана тиесілі. Сайлау қорларының қаражатынан кандидаттар мына шығындарды төлейді:
1) кез келген тіркелген бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлеуге;
2) сайлау алдындағы көпшілік іс-шараларды, сайлаушылармен кездесулерді ұйымдастыруға және өткізуге;
3) баспа, дыбыс-бейне және өзге де үгіт материалдарын шығаруға және (немесе) таратуға;
4) заңды және жеке тұлғалардың үгіт жұмысын ұйымдастыру жөніндегі қызметтеріне ақы төлеуге;
5) сайлау алдындағы үгіт жүргізуге байланысты көлік және іссапар шығыстарын жабуға;
6) сайлау науқаны үшін арнайы дайындалған баспа материалдарын, оның ішінде иллюстрациялық материалдарды, сондай-ақ белгішелерді, туларды, жалаушаларды және басқа да белгілер мен нышандарды тегін тарату үшін дайындауға құқығы бар.
Кандидат өз кандидатурасын алып тастаған немесе кандидатты тіркеу туралы шешімнің күші жойылған жағдайда сайлау қорына келіп түскен ақша оларды енгізген азаматтар мен ұйымдарға қайтарылады. Бұл ретте аталған қаражатты қайтаруға байланысты шығыстар оларды енгізген азаматтар мен ұйымдардың есебінен жабылады.
Отырыстың екінші мәселесі бойынша Орталық сайлау комиссиясының Инженерлік-техникалық орталығының директоры Қанат Арсақбаев баяндама жасады.
Қ.Арсақбаев өз баяндамасында Ортсайлауком мүшелерінің қарауына "ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын өткізу кезінде ҚР Орталық сайлау комиссиясының Интернет-ресурсының функционалын пайдалану регламентін бекіту туралы" қаулыны шығарды.
Регламентке сәйкес Ортсайлауком интернет-ресурсының функционалы таңдаушыларды - мәслихат депутаттарын тіркеу және дауыс берудің алдын ала қорытындыларын онлайн режимде шығару үшін пайдаланылатын болады.
Бұл жүйе дербес деректер және оларды қорғау, ақпараттық қауіпсіздік туралы заңнама талаптарын сақтай отырып іске асырылды.
ҚР ОСК төрағасы Б.Имашев "Сенат депутаттарының жанама сайлауын өткізу кезінде қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды қолдану сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етеді" - деп атап өтті.
Атап өту қажет, ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын электрондық сүйемелдеу 2017 жылғы сайлауда, 2018 және 2019 жылғы Шымкент қаласынан ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауында табысты түрде пайдаланылған болатын.
Отырыстан кейін брифинг өткізіліп, онда Ортсайлауком өкілдері БАҚ-тың сұрақтарына жауап берді.
Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясының
Баспасөз қызметі
[xfvalue_img]