«Әлеуметтік-еңбек саласындағы жағдай. Кәсіптік одақтар көзқарасы»

«Әлеуметтік-еңбек саласындағы жағдай. Кәсіптік одақтар көзқарасы»

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында ҚР Кәсіптік одақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов ҚРКФ қызметіндегі басты бағыттар, сондай-ақ еліміздегі әлеуметтік-еңбек саласындағы әл-ахуал туралы айтты.  

Қазақстан Республикасы Кәсіптік одақтар федерациясы (ҚРКФ) ең ірі қоғамдық ұйым болып табылады. Оның құрамына 2 миллион еңбеккер, 23 республикалық салалық, 17 аумақтық кәсіподақтар бірлестігі мен 18 мың бастауыш кәсіподақ ұйымдары кіреді.

Кәсіптік одақтардың басты міндеті – еңбек қатынастары саласында әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету. Мұнда басты фактор – Еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғау.

 «ҚРКФ төрағасы ретінде үш айда мен Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Қостанай, Түркістан облыстарын, сонымен қатар, Шымкент пен Алматы қалаларында болып, өңірлердегі еңбек саласындағы жағдайды өз көзіммен көріп қайттым. Кәсіподақ ұйымдарының мүшелерімен, еңбек ұжымдарымен және өңірлердің әкімдерімен кездесулерде біз мұнайшылардың, кеншілердің, педагогтар мен медицина қызметкерлерінің мәселелерін талқылап, еңбеккер халықтың еңбек құқықтарын қорғау мәселелерін қарастырдық», - деп мәлімдеді Ералы Тоғжанов.

Осы орайда ол ҚРКФ қызметіндегі негізгі бағыттарды, яғни тиімді әлеуметтік әріптестік, еңбек даулары мен кикілжіңдердің алдын-алу және шешу, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, ұжымдық шарттарды енгізу, кәсіби аурулар қаупін азайту, заңнаманы жетілдіру, қарызды еңбекті қолдану мәселелерін реттеу, ҚРКФ әлеуметтік жобаларын насихаттау және халықаралық әріптестікті нығайтуды атап өтті.

Әлеуметтік әріптестіктің тең құқылы қатысушысы ретінде Кәсіподақтар федерациясы Үкімет және жұмыс берушілермен бірге елімізде тиімді әлеуметтік-еңбек қатынастарын қалыптастыру бойынша келісілген стратегияны жүзеге асыруда.

Әріптестік негізі – ҚР Үкіметі, республикалық жұмысшылар бірлестіктері мен республикалық жұмыс берушілер бірлестіктері арасындағы 2018-2020 жылдарға арналған Бас келісім, сондай-ақ 21 салалық және 17 жергілікті келісім.

Еңбек даулары мен кикілжіңдер туралы сөз қозғағанда, ҚРКФ басшысы көп жағдайда еңбек даулары бастауыш кәсіподақ ұйымдары құрылмаған кәсіпорындарда орын алатынын атап өтті.

Сонымен қатар, ол ағымдағы жылы еңбек дауларына қатысты оқиғалар санының артқанына тоқталып өтті.

Соңғы 3 айдың ішінде 18 ұжымдық еңбек дауы тіркелген. Мәселен, Маңғыстау облысында – 7 жағдай, Алматыда – 5, Ақтөбе облысында – 2 оқиға орын алған.

Еңбек даулары көп жағдайда төменгі жалақы; шетелдік және отандық жұмысшылар арасындағы жалақыда диспропорция; жұмыс берушілердің жұмысшылар талабын ескермеуі, әріптестіктен және өзара тиімді шешімдерді қарастырудан бас тартуы; еңбек саласы және кәсіподақ қызметі жөніндегі қолданыстағы заңнаманың кемшілігі салдарынан орын алады.

2018 жылы ҚР Жоғарғы сотымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, мұның аясында аумақтық кәсіподақтар бірлестіктері базасында 17 Татуласу орталығы құрылды.

Осы жылы татуласу орталықтарында 1700 медиациялық рәсімдер өткізілді, олардың ішінде 1583 жуық еңбек дауы оңтайлы шешілді.

Еңбек даулары мәселелері 23 қарашада Қостанайда Республикалық үшжақты комиссия және 26 қарашада Үкімет отырысында қаралды. Нәтижесінде Үкімет мүшелеріне ҚРКФ-пен бірге жұмысшылардың еңбек құқықтарының бұзылу фактілері бойынша алдын-алу шараларын қолдану арқылы өңірлерде әлеуметтік-еңбек жағдайына, еңбек қауіптері картасы негізінде еңбек дауларының туу қауіптеріне күнделікті мониторинг жүргізу туралы тапсырма берілді.

Біздің орталықтардың жұмысы Үкіметте қолдау тапты, және Премьер-Министр Асқар Мамин жұмыс орындарында Федерацияның медиация бойынша жұмыс тәжірибесін тиімді қолдануды тапсырды.

Федерация төрағасы өндірістік жарақат мәселелеріне айрықша тоқталып өтті.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, ағымдағы жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 1215 адам зардап шегіп, олардың 148-і қаза болды.

Бүгінде кәсіподақтардың бастамасымен барлық өңірлерде «Қауіпсіз еңбек» жергілікті бағдарламасы жүзеге асырылуда.  

Республика бойынша кәсіпорындарда 15 мың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер жұмыс істейді, олардың 95%-дан астамы кәсіподақтардың бастамасымен құрылды. Сонымен қатар кәсіподақтардан 18 810 техникалық инспекторлар осы мәселе бойынша қоғамдық бақылауды жүзеге асырып жатыр.

Осы жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптары үшін бірқатар Ұсыныстар әзірледі. Соның ішінде, Еңбек кодексінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестерді міндетті құру жөніндегі норманы бекіту; еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың рөлін күшейту; жұмысшыларды жазатайым оқиғалардан сақтандыру жүйесін тиімді жүргізу; ұжымдық шарттарға еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі арнайы бөлімдерді енгізу ұсынылды.

ҚРКФ төрағасының айтуы бойынша, ұжымдық шарт жұмысшылар үшін бірқатар әлеуметтік кепілдерді қамтамасыз ету мүмкіндігін береді.

 2019 жылдың 1 желтоқсанына дейін республика бойынша 115 991 ұжымдық шарт бекітілген, еліміз бойынша жұмыс істейтін кәсіпорындар мен ұйымдардың (барлығы 281 835) жалпы санынан алғанда қамтылу деңгейі - 41,2%. Олардың ішінде кәсіподақ ұйымдары жұмыс істейтін кәсіпорындарда қамтылу деңгейі 98 %-ды құрайды, яғни 17 мыңнан аса ұжымдық шарт бекітілген.

Барлық деңгейдегі кәсіподақтарды алаңдатып отырған тағы бір мәселе – қарызды еңбекті қолдану. Бұл көп жағдайда мұнай сервистік компанияларында орын алады.

Атап өткеніміздей, негізгі мәселе елімізде қарызды еңбектің заңнама тұрғысында реттелмеуі болып табылады. Бұл, өз кезегінде, қарызды еңбекпен айналысатын жұмысшылардың еңбек құқықтарының қорғалмауына алып келеді.

Осыған байланысты ҚРКФ қарызды еңбекпен айналысатын жұмыскерлерге ұжымдық шарт ережелерінің қолданылуы мен жұмыспен қамту жеке агенттіктеріне қойылатын талаптарды күшейтуді, сондай-ақ зиянды, қауіпті еңбек жағдайларында қарызды еңбекті қолдануға, тұрақты жұмысты атқару үшін қарызды еңбек бойынша жалдамалы жұмысшыны жалдауға тыйым салуды ұсынады.

ҚРКФ осы ұсыныстары ҚР Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаттары әзірлеген заң жобасында көрініс тапты.

ҚРКФ-тың заңнаманы жетілдіру мәселесіндегі маңызды қадамы – бірқатар кәсіподақ бастамаларының Парламент Мәжілісі депутаттарының кезекті пленарлық отырысында бірінші қаралымда мақұлданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасына енгізілуі. Осылайша, заң жобасына кәсіподақтардың жоғарғы кәсіподақ бірлестіктеріне мүшелік етуі міндетін алып тастау; республикалық, салалық, жергілікті кәсіподақтар бірлестіктерінің мәртебесін бекітуге арналған шарттарды жеңілдету; сондай-ақ кәсіподақтар бірлестіктерінің мәртебесін растау мерзімін заң органдарында тіркеген кезде 6 айдан 1 жылға дейін ұлғайту жөніндегі нормалар енді.

Заң жобасын әзірлеу жұмысы барысында Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әріптестік қатысушыларына тең құқық қамтамасыз ету, қоғамдық бақылау тиімділігін арттыруға, кәсіподақтардың мақсаттары, міндеттері мен қызметтерін нақтылауға, жұмысшылардың әлеуметтік кепілдерін белгілеуге, үстеме жұмыс ақысын арттыруға, мереке және демалыс күндері, түнгі уақытта және өзге де нормалар кезінде атқарылатын жұмысты төлеуге бағытталған 30-дан астам толықтыруларды ұсынды.

Еңбеккерлердің құқықтық қорғалуы мен кепілін арттыру мақсатында ҚРКФ Үкіметке Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) бес конвенциясын ратификациялау бойынша шаралар қолдануды ұсынды: «Ұжымдық сөйлесу арқылы ықпал ету туралы» 154 конвенциясы, «Ауыл шаруашылығындағы еңбек гигиенасы мен қауіпсіздігі туралы» 184 конвенция, «Толық емес жұмыс уақыты жағдайындағы жұмыс туралы» 175 конвенциясы, «Әлеуметтік қамсыздандырудың төменгі нормалары туралы» 102 конвенциясы, «Дамыған елдерді ескере отырып төменгі еңбекақыны бекіту туралы» 131 конвенциясы, «Мәжбүрлі немесе міндетті еңбек туралы» №29 конвенция хаттамасы.

ҚРКФ ұсынысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Қазақстанның көрсетілген халықаралық құжаттарға бірігу мүмкіндігін талқылау бойынша жұмыс тобын құру туралы тапсырма берді.

Бүгінде ҚРКФ әлуеметтік жобалары еңбек нарығының заманауи талаптарына толыққанды жауап бере алады.

Ералы Тоғжанов атап өткендей, Кәсіптік одақтар федерациясының жанында «Келешек» жастар кеңесі жұмыс істейді. Жастар кеңесі еңбекші жастарды жалпықұқықтық оқытуды жүзеге асыру бойынша белсенді жұмыс атқаруда. ҚРКФ Оқу орталығының базасында білім беру хабы құрылды, мұнда 2 000-ға жуық жас тәлім алды.

Қостанай облысында пилоттық режимде жастарды мектептен бастап кәсіпке бейімдеуге арналған ақпараттық портал өз жұмысын бастады, сондай-ақ кәсіподақ мүшелерінің балаларына арналған балабақшалар бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда.

 Сондай-ақ, әр жерде коворкинг-орталықтарын құру жоспарлануда. Мұнда толық жабдықталған жұмыс орындары ұсынылады және үй жағдайында жұмыс істей алмайтындар үшін жұмыс істеуге арналған оңтайлы алаң болып табылады.

Сөз соңында ҚРКФ басшысы кәсіподақтардың ақпараттық қызметінің жаңа форматта жүргізіліп жатқанына баса назар аударды, сонымен қатар кәсіподаққа мүшелігіне тәуелсіз барлық еңбеккерлер үшін ашықтығын жеткізді.

 «Күн сайын біз осы мәселелер аясында өзіміздің ресми сайтта, «Қазақстан кәсіподағы» кәсіподақ газетінде ақпараттарды жариялап отырамыз.  Әр кәсіподақ мүшесімен тікелей байланыс орнату үшін мен әлеуметтік желідегі блогымның жұмысын жандандырдым. Әр жұмысшы Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшам арқылы менімен тікелей байланыса алады. Бұнымен қоса, федерацияның ресми парақшасы және орынбасарларымның да жеке парақшалары бар. Кез келген жұмысшы кәсіподақ мүшесі болып табылмаса да, өз мәселесі бойынша бізге жүгіне алады», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

 

ҚР Кәсіптік одақтар федерациясының баспасөз қызметі

 

 

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Негізгі жаңалықтар

Логотип

Портал туралы

Ел мен әлем жаңалықтары!

© 2024 INFOZAKON. Барлық құқықтар сақталған.