Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының кубогі үшін шағын футболдан турнир өткізілді
«Football Plaza» стадионында Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының кубогі үшін «Спорт - ұлт денсаулығы» атты шағын футболдан турнир өтті. Бұл турнирді ұйымдастырушы – Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы. Аталған сайыс саламатты өмір салтын насихаттауға, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.
Турнирді Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова ашты.
«Турнирге қатысуға белсенділік танытқандарыңыз үшін алғыс айтамын. Барлық командаларға сәттілік тілей отырып, адал әрі қызықты ойын күтеміз», - деді Л.Құсайынова.
Жарысқа 11 команда қатысты. Олардың қатарында «ҚР ІІМ Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған күзет қызметі басқармасы» ММ («Сақшы»), Нұр-Сұлтан қаласының «Nur Otan» партиясы («NurOtan» партиясы), «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығы» ҚБ («Тигез Егитляр»), «Астана қаласының өзбек этномәдени орталығы» ҚБ («Пойтахт»), «Юнчи «дүнген этномәдени орталығы» ҚБ («Юнчи»), «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» ҚБ («Ахыска»), «Қазақстан Республикасының күрдтер «Барбанг қауымдастығы» АҚБ Астаналық қалалық филиалы» ҚБ («Якубин»), «Ақбозат» башқұрт этномәдени бірлестігі» ҚБ («Акбузат»), «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығы» ҚБ («Вайнах»), «Қазақстан ұйғырлары Республикалық мәдени орталығының филиалы» ҚБ («Көк Бөрә»), «Колхети» грузин қоғамдық-мәдени орталығы» ҚБ («Колхети») командалары болды.
«Уақыттың тығыздығына қарамастан, біз бүгінгі турнирге арнайы келдік. Бірінші ойынымыз өзбек этномәдени орталығының «Пойтахт» командасымен өтеді. Ақтық мәреге шығамыз деген ойдамын. Бүгінгі шара үшін ұйымдастырушыларға үлкен рахмет», - деді «ҚР ІІМ Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған күзет қызметі басқармасы» ММ басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Оралбек Омаров.
Ойын барысында командалар 4 топқа бөлінді. Турнир қорытындысы бойынша өзіндік ерекше тәсілімен үздік атанған «Вайнах» командасы кубок иегері атанып, 1 орын иеленді. Бұл командаға 150 000 теңге сертификаты табысталды. 2 орынды жеңіп алған «Акбузат» командасына 100 000 теңге сертификаты, ал 3 орын иеленген «Юнчи» командасына 80 000 теңге сертификаты берілді.
Турнирдің әр позициясы бойынша үздік жаттықтырушы мен үздік ойыншылар анықталды. Біз төменде олардың аты-жөндерін атағанды жөн санадық:
Үздік жаттықтырушы – Майербек Чатуев
Үздік қорғаушы – Мансур Дунзуров
Үздік шабуылшы – Мади Сүлейменов
Үздік ойыншы – Александр Семенцов
Үздік қақпашы – Рүстем Хутиев
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жанындағы
«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі
[xfvalue_img]