Саудтық «Almarai» компаниясы Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытуда
2019 жылы 3 қыркүйекте Рияд қаласында Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын саудтық «Almarai» компаниясының Басшысы Джордж Шордеретпен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен компания арасында ынтымақтастық орнату жолдары талқыланды, соның ішінде елімізде азық-түлік, тауық еті және сүт өнімдерін шығаратын бірлескен кәсіпорындар құру мүмкіндіктері бойынша пікір аламасылды.
Осы ретте Елші Қазақстанның ауыл шаруашылық кешені туралы кеңінен әңгімелеп, бұл салаларды дамыту бағытында Үкімет тарапынан қабылданып жатқан іс-шаралар туралы ақпараттандырды. Сонымен қатар ол елімізде шетелдік инвесторларға берілетін жеңілдіктер, олардың құқықтары мен инвестицияларын қорғайтын заңдар жөнінде айта отырып, компания басшылығының назарына агро-өнеркәсіп кешені саласындағы бірқатар инвестициялық жобаларды ұсынды.
Бұған қоса Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының (АҚИҰ) қызметімен таныстырып, оның шеңберіндегі өзара ықпалдасу мүмкіндіктерімен хабардар етті.
«Almarai» басшысы еліміздің ауыл шаруашылығы, агро-өнеркәсіп саласындағы инвестициялық мүмкіндіктер туралы ақпаратты үлкен қызығушылықпен қабыл алып, Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға мүдделілік танытты.
Кездесу қорытындысы бойынша ү.ж. күз мезгілінде Нұр-Сұлтанда өтуі жоспарланып отырған Қазақстан-Сауд Арабиясы Іскерлік кеңесінің 1-ші отырысына қатысу мақсатында компания делегациясының елімізге сапарын ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
1977 жылы негізі қаланған «Almarai» компаниясы, сүт, нан өнімдерін, түрлі шырындарды, құс етін және балалар тағамын шығаратын және өз тауарларын шет елдерге ауқымды көлемде экспорттайтын Таяу Шығыстағы ең ірі азық-түлік өндірушісі болып табылады. Оның АҚШ, Аргентина, Мысыр және Иорданияда жеке фермалары мен өндіріс орындары бар.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің
баспасөз қызметі
[xfvalue_img]