«Заңгерлер әділ сайлау үшін» РҚБ мүшелеріне  СҰРАҚТАР

«Заңгерлер әділ сайлау үшін» РҚБ мүшелеріне СҰРАҚТАР

  1. ОСК тіркеген үміткер сайлауға қатысудан бас тарта ала ма?

 

Заң ғылымдарының кандидаты Серік Ақылбай:

 

Президенттiкке үміткер, тіпті ОСК тіркеуінен өтсе де, тіркелген күннен бастап және дауыс беруге екі күн қалғанға дейінгі кез келген уақытта өз кандидатурасын алып тастай алады («Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 60-бабы).

  1. БАҚ өкілдері менен сайлау туралы ойымды сұрады да, жарияланған мақалада (телесюжетте) сөзімді бұрмалап таратты. Не істеу керек?

 Заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Когамов:

«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі Заңына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары қызметінің негізгі қағидаттарына объективтілік және анықтық жатады (2-1 бап). Осыған сәйкес, журналист шындыққа сәйкес келмейтiн ақпаратты таратпауға міндетті (21-баптың 2-тармақшасы). 

Сипатталған жағдай орын алса, сізде төмендегі құқықтар бар:

- біріншіден, бұқаралық ақпарат құралы айтқан сөзіңіздің мағынасын бұрмалап таратқанына байланысты, одан осы мәліметке жауапты немесе теріске шығаруды талап етуге және, осыған қоса, шындыққа сәйкес келмейтін мағынада сөзіңіздің таратылуынан келтiрiлген залалдың және моральдық зиянның орнын толтыруын талап етуге құқығыңыз бар (19-бап);

- екіншіден, сотқа ұқсас талаптармен азаматтық іс қозғау тәртібінде жүгіну құқығыңыз бар (17-бап, 2-тармақ, 19-бап).

  1. Үміткердің біреуі қазақ тілі сынағынан өте алмағандықтан, оны ОСК тіркеген жоқ. Басқа үміткерлерді тіркеу аяқталғанға бұрын, осы үміткер емтиханнан қайта өте ала ма?

 Заң ғылымдарының кандидаты Серік Ақылбай:

Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау рәсімі Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2005 жылғы 31 тамыздағы № 12/26 қаулысымен бекітілген. Осы Қаулыға сәйкес сынақтан екінші рет өту көзделмеген.

Тілді еркін меңгерген адам сынақтан бірінші реттен сәтті өте алады, олай болмаған жағдайда бұл «еркін меңгеру» деңгейіне сәйкес келмейді деген ой дұрыс сияқты.

  1. Мен қандай да бір саяси партияның немесе қоғамдық бірлестіктің мүшесі емеспін, дегенмен, өз бастамаммен белгілі бір үміткердің үгітіне қатысқым келді (материалдарды тарату, тиісті іс-шараларға қатысу және т.б.) Бұл мүмкін бе? Бұл заң нормаларын бұзуға жата ма?

 Заң ғылымдарының докторы, профессор Сауле Амандыкова:

 Мемлекет азаматтарға, қоғамдық бiрлестiктерге Қазақстан Республикасының осы Конституциялық заңына, өзге де заң актiлерiне сәйкес белгілi бiр кандидатты, саяси партияны жақтап не қарсы кедергiсiз сайлау алдындағы үгiт жүргiзу құқығына кепiлдiк бередi. Осы Конституциялық заңға сәйкес сайлау қорларын құрмайтын азаматтар, қоғамдық бiрлестіктер қаржыландыруды талап етпейтiн сайлау алдындағы үгіт жүргiзуге құқылы («Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабы).

  1. Сайлау күнін басқа күнге ауыстыру мүмкін бе? Иә болса, қандай негізде?

 Заң ғылымдарының докторы, профессор Сауле Амандыкова:

 Конституциялық заңға сәйкес, егер сайлау бюллетенiне екiден артық Президенттiкке кандидаттар енгiзiлiп және олардың бiрде-бiреуi сайланбай қалса, Орталық сайлау комиссиясы ең көп дауыс алған екi кандидат бойынша Президент сайлауы жөнiнде қайта дауыс беру тағайындайды. Кандидаттардың біреуі шығып қалған жағдайда, сайлау бюллетенiне неғұрлым көп дауыс алған келесi кандидат енгізіледi.

Қайта дауыс беру осы Конституциялық заңның талаптарын сақтай отырып екi ай мерзiмнен кешiктiрiлмей өткiзiледi. Қайта дауыс берудi өткiзу туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланады («Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 63-бабы).

Егер Президент сайлауы жарамсыз деп танылса, не қайта дауыс беру сайланған Президенттi анықтауға мүмкiндiк бермесе, Орталық сайлау комиссиясы Президент сайлауын қайта тағайындайды.

Қайта сайлау алғашқы сайлаудан кейiн екi ай мерзiмнен кешiктiрiлмей өткiзiледi. Дауыс беру бастапқы сайлауды өткiзу үшiн жасалған тiзiм бойынша және сол сайлау учаскелерiнде өткiзiледi («Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 64-бабы).

  1. Конституцияға сәйкес кезекті Президент сайлауы желтоқсан айының бірінші жексенбісінде өтеді. Оның өкілеттік мерзімі - 5 жыл. Жаңадан сайланған Президент осы мерзімді 2024 жылдың жазында аяқтайды. Бір жағынан, егер келесі сайлау 2023 жылы желтоқсанда өткізілсе, осы Президенттің өкілеттік мерзімі 5 жылдан кем болмақ.

 Ал, керісінше Президент сайлауын 2024 жылы көктемде не жазда өткізсек, Конституцияның кезекті сайлау мерзімдері туралы талаптары орындалмай қалады.

 Осындай парадокс. Шын мәнінде, сайланатын Президенттің өкілеттік мерзімі 5 жылдан кем болмақ. Әлде басқа шешім бар ма? Сіздің пікіріңіз?

Заң ғылымдарының докторы, профессор Сауле Амандыкова:

Бұл сұраққа жауап «Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 1 және 3 тармақтарын және 94-бабының 1-тармағы ресми түсіндіру туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2005 жылғы 19 тамыздағы N 5 Қаулысында бекітілген.

Бұл қаулыда 2005 жылы сайлауды өткізудің ұқсас мәселесі қарастырылған.

Өтiнiш беруге мынадай негiз болған. Конституцияда кезектi Президент сайлауын өткiзу мерзiмiн түрлiше айқындайтын нормалар бар, атап айтқанда: "Егер Республика Конституциясының Президент сайлауларының барлық жағдайлары үшiн ортақ норма ретiнде бағалауға болатын 41-бабының 1-тармағын басшылыққа алсақ, мұндай кезектi сайлау 2005 жылғы желтоқсанның бiрiншi жексенбiсiнде өткiзiлуге тиiс, өйткенi қазiргi Мемлекет басшысы өкiлеттiгiнiң жетi жылдық мерзiмi 2006 жылғы 20 қаңтарда, яғни 7 жыл бұрын сайланған Қазақстан Президентi ант берген күнi (ант берген кез, Республика Конституциясының 42-бабының 1-тармағына сәйкес, сайланған Мемлекет басшысының қызметке кiрiскен кезi болып табылады) аяқталады.

Конституциялық Кеңес төмендегідей түсіндірме берді: Қазақстан Республикасы Президентiнiң кезектi сайлау күнiн айқындаған кезде, Негiзгi Заңда көрсетiлген Мемлекет басшысының сайлау күнi мемлекеттiк билiктiң бастауы ретiнде халықтың өз еркiн бiлдiру кезеңiнiң басталуы болып табылатынын ескерген жөн. Осы сайлау күнi Қазақстан халқы билiктiң демократиялық сипатын айқындаушы, оған ең жоғары заңдылық берушi өзiнiң еркiн бiлдiрiп, өз егемендiгiн көрсетедi.

Қазақстан Республикасы Президентiнiң кезектi сайлауы 2005 жылғы желтоқсанның бірінші жексенбiсiнде өткiзiлуге тиіс.

Бұл жағдайда, Конституцияның 42-бабының 2-тармағына сай, сайланған Президент 2006 жылғы қаңтардың екiншi сәрсенбiсiнде (11 қаңтарда) ант беруге тиiс. Бұл 1999 жылғы 20 қаңтарда қызметiне кiрiскен қазiргi Мемлекет басшысының өкiлеттiк мерзiмiн қысқарту болып табылмайды, өйткенi Негiзгi Заңның 41-бабының 1-тармағына сәйкес Республика Президентi өз қызметiне жетi жылға кiрiспейдi, керісінше, жеті жыл мерзімге сайланады. Сайлау күнi сайлау процесiне, соның iшiнде Президенттiң қызметiне кiрiсуiне байланысты өзге барлық күндерге қарағанда басымды болып табылады.

Конституциялық Кеңес қаулысының негізінде, Президент сайлауы 2023 жылы желтоқсан айының бірінші жексенбісінде өтетін болады.

  1. Кандидаттар оларға сайлау кезеңінде көмек көрсететін сенім білдірілген адамдарды таңдауға құқылы. Олар үгіт жұмыстарын жүргізеді. Мүддесіне өкілдік етеді. Мемлекеттік қызметшілер мен шетелдік азаматтар осындай сенім білдірілген тұлға бола ала ма? Егер мемлекеттік қызметші осындай сенім білдірілген тұлға бола алса, онда жұмысын сайлау науқанымен қалай үйлестіретін болады? Бұл заң бұзушылыққа жата ма?

 Заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Когамов:

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңның 31-бабының 4 тармағына сәйкес, сенiм білдiрiлген адам Қазақстан Республикасының азаматы болуға тиiс, ол Сенат депутатын сайлау кезiнде мәслихат депутаты, қандай да бiр сайлау комиссиясының мүшесi, саяси мемлекеттiк қызметшi лауазымындағы адам болмауға тиiс.  Яғни, жоғарыда аталған жағдайларды қоспағанда мемлекеттік қызметші (саяси мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда) тиісті кандидаттардың, саяси партиялардың сенім білдірілген адамы бола алады және олардың жұмыс орындары (мемлекеттік лауазымдары) сақталады («Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» 2015 жылғы 23 қарашадағы Заңның мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулер жөніндегі 13-бабын қараңыз).

Енді шетел азаматтарына қатысты. Олар байқаушы ғана бола алады және міндетті түрде белгіленген тәртіппен шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен жіберіледі («Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 20-2-бабын қараңыз).

Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарға Қазақстан Республикасындағы сайлауды байқауға қатысуға шақыруды Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, Сыртқы істер министрі жібере алады. Шақыру Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі арқылы жіберіледі. Шақыруда миссия саны мен құрамына, сондай-ақ миссияда гендерлік балансты, елдік өкілдікті қамтамасыз етуге қатысты тілектер қамтылуы мүмкін. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша Орталық сайлау комиссиясының жанында аккредиттеледі. Аккредиттеу үшін шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне өз байқаушыларының, өкілдерінің тізімін ұсынады.

Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары болып табылмайтын жеке тұлғалар аккредиттеуге жатпайды.

Қазақстан Республикасында саяси, экономикалық немесе басқа мүдделері бар не Қазақстан Республикасының, шет мемлекеттің заңнамасын немесе халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған нормаларын бұзғаны үшін олардың аккредиттелуі кері қайтарып алынған (күші жойылған) не аккредиттеуге өтінім бергенге дейінгі бес жыл ішінде қылмыстық іс, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық немесе сайлау кезеңінде заңсыз қызмет жасауда кінәлі деп танылған адамдар аккредиттелмейді.

 

  1. Кезектен тыс Президент сайлауының Күнтізбелік жоспары бойынша кандидаттарды тіркеу 11 мамыр күні сағат 18.00-де аяқталады. Сайлау алдындағы үгіт тіркеу аяқталғаннан кейін бірден басталады және 8 маусым күні сағат 00.00-ге дейін өтеді. Кандидаттар үгітті ерте, мысалы, 11 мамыр күні сағат 17.00-де бастаған жағдайда, оның салдары қандай болуы мүмкін?

 Заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Когамов:

 Жоғарыда мен осы сұраққа ішінара жауап бергенмін. Осы мәселе «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда нақты қарастырылған, сайлау алдындағы үгiт кандидаттар тiркелген мерзім аяқталған кезден басталады және... (27-бап, 2-тармақ).  Аталмыш заңның 27-бабының 2-тармағына қоса, осы талап 28-баптың 2-тармағында да белгіленген: «осы Конституциялық заңға сәйкес белгiленген тiркеу мерзiмi аяқталған кезден бастап, үгіт науқаны аяқталғанға дейiн кандидаттардың, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партиялардың өздерiнiң сайлау алдындағы бағдарламаларын баспасөзде және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында үгiттеуге және насихаттауға құқығы бар». 

Осылайша, сайлау үгітін ерте, яғни канидатты тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін бастау «Сайлау алдындағы үгiтті оған тыйым салынған кезеңде жүргiзу» туралы ӘҚБтК-нің 102-бабының негізінде осыған кінәлі адамдардың әкімшілік жауапкершілікке тартылуына әкеледі.

Президенттіке кандидаттарға келер болсақ, Орталық сайлау комиссиясы кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталғанға дейiн, сайлау күні не соның алдындағы күнi сайлау алдындағы үгiтін жүргiзген жағдайда кандидатты тiркеуден бас тартады немесе тiркеу туралы шешiмнің күшiн жояды ( «Қазақстан  Республикасындағы сайлау туралы» заң, 59-бап, 7-тармақ, 3-тармақша).

  1. Тыныштық күні кандидаттар барлық үгіт плакаттарын, жазуларын алып тастап, теледидарда жарнамаларын тоқтатуға міндетті ме?

Заң ғылымдарының кандидаты Серік Ақылбай:

Сайлау күні және соның алдында бір күн бұрын, «тыныштық күні, барлық сайлау алдындағы үгіт тоқтатылуға міндетті. Бұрыннан ілулi тұрған плакаттар мен жазуларды сол орындарында қалдыруға болады, бірақ жаңа баспа немесе ақпараттық үгіт материалдарды шығаруға тыйым салынады.

Сол күні теледидарда үгіт жарнамалар тоқтатылады, интернет желісінде бұрын орналастырылған үгіт материалдарды бұрынғы орындарында қалдыруға болады. Дегенмен, бұрын орналастырылған материалдарды интернет-ресурстардың басты беттеріне не ТОП-қа шығаруға тыйым салынған («Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заң, 32-бап).

  1. Қазақстан Республикасының сайланған Президенті 2019 жылы 16 маусымнан кешіктірмей жеті күн ішінде тіркеуден өтуге міндетті. Ол тіркеуден өтпесе, сайлау қайтадан өте ме?

 Заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Когамов:

Бұл сұрақ сайланған Президентке емес, ҚР ОСК-на бағытталуы керек сияқты, себебі заң бойынша осындай тіркеуді жүзеге асыру осы органның міндеті. 

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 66-бабының 1-тармағына сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы аумақтық сайлау комиссияларының хаттамалары негiзiнде сайлау өткiзген күннен бастап жетi күн мерзiм iшiнде сайланған Республика Президентiн тiркейдi. 

Сонымен бірге, егер учаскелердiң немесе әкiмшiлiк бөлiнiстердiң жалпы санының кемiнде төрттен бiр бөлiгiнде: 1) сайлау жарамсыз деп танылса; 2) не оның барысында немесе дауысты санау не дауыс беру нәтижелерiн анықтау кезiнде осы Конституциялық заңды бұзу орын алса, Орталық сайлау комиссиясы тиiстi сайлау комиссияларының ұсынысы, азаматтардың арыздары бойынша сайланған Президенттi тiркеуден бас тартуы мүмкiн.

 Қайта сайлау жөнінде 64-баптың 1-тармағында: Егер Президент сайлауы жарамсыз деп танылса, не қайта дауыс беру сайланған Президенттi анықтауға мүмкiндiк бермесе, Орталық сайлау комиссиясы Президент сайлауын қайта тағайындайды, деп бекітілген.

  1. Президенттіке үміткер және оның жұбайысы тіркелуден өтпес бұрын салық декларациясын тапсыруға міндетті. Салық органдары олардың шынайлығын тіркелген күннен бастап он бес күннің ішінде тексереді. Декларацияда ақпарат берудің қандай салдары болуы мүмкін?

Заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Когамов:

Осы сұрақта Президенттіке кандидаттың жалған декларация тапсыруы туралы айтылып тұрған сияқты.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 59-бабының 7-тармағының 3-1 тармақшасына сай, ОСК декларацияны тапсыру кезіне кандидат немесе оның зайыбы (жұбайы) декларациялаған кірістері мен мүлкi туралы мәлiметтердің анық еместiгi анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес кандидатты тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жояды.  

 

«Заңгерлер әділ сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестігінің (РҚБ) міндеті - жоғары мемлекеттік органдарға сайлауды бақылау болып табылады. Бірлестіктің заңгерлері Қазақстан Республикасының заңнамасына және халықаралық құқыққа сәйкес ашық, әділ сайлау өткізуге үлес қосуға тырысады.

 

Қоғамдық бірлестік мүшелері:

Серік Ақылбай, заң ғылымдарының кандидаты;

Сауле Амандыкова, заң ғылымдарының докторы, конституциялық құқық;

Марат Башимов, заң ғылымдарының докторы, конституциялық құқық, адам құқықтары;

Марат Когамов, заң ғылымдарының докторы, қылмыстық іс жүргізу құқығы;

Марат Сарсембаев, заң ғылымдарының докторы, халықаралық құқық, адам құқықтары;

Сергей Ударцев, заң ғылымдарының докторы, конституциялық құқық.

 

Қазіргі уақытта қоғамдық бірлестік 2019 жылдың 9 маусымында өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына заң тұрғысынан түсініктеме беруде.     

________________________________________

 

Сізді қызықтыратын сұрақтар бойынша бізбен хабарласыңыз:

Нұр-Сұлтан қ., Қонаев к-сі, 12/1, 11-офис, Р1-қабат.

8 (7172) 68 97 71

+7-775-454-10-35

fairelectionskz@gmail.com

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 1

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Негізгі жаңалықтар

Логотип

Портал туралы

Ел мен әлем жаңалықтары!

© 2024 INFOZAKON. Барлық құқықтар сақталған.