ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН ПӘНДЕР БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ ЖОБАЛАР КОНКУРСЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығы жыл сайын жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсын (бұдан әрі – Конкурс) өткізеді. Биылғы жылы Конкурс 13-16 ақпан аралығында Алматы қаласында «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы базасында өткізілді.
Конкурс Қазақстанда 20-шы рет ұйымдастырылып отыр. Биылғы жылғы республикалық ғылыми жобалар конкурсының басты ерекшелігі –оқушылардың ғылыми жобаларын қорғаудың ашықтығы мен айқындылығын қамтамасыз ету мақсатында барлық секциялар онлайн-режимде өтті, бейне-көрсетілімдерге сілтемелер ҚР БҒМ және "Дарын" РҒПО-ның әлеуметтік желілердегі аккаунттарында ұсынылды. Конкурстың 18 секциясының 19 виртуалды бөлмесі 131 891 рет қаралды. Іс жүзінде кез келген адам әр секцияның жұмысына виртуалды қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Конкурстың қорытынды кезеңіне еліміздің барлық аймақтарынан ең үздік 625 жоба ұсынған 811 дарынды оқушылар іріктелді. Алматы қаласында 773 жас зерттеуші 601 ғылыми жобаларымен бақ сынасты, қалғандары дәлелді себептермен Конкурса қатыса алмады.
Конкурстың қазылар алқасының шешімімен ҚР БҒМ I дәрежелі дипломдары және алтын медальдармен 60 жеңімпаз (49 жоба), ІІ дәрежелі дипломдары және күміс медальдармен 103 жүлдегер (79 жоба), ІІІ дәрежелі дипломдары және қола медальдармен 176 жүлдегер (130 жоба) марапатталды.
Ұйымдастыру комитеті отырысының хаттамасына сәйкес Конкурстыңжеңімпаздары мен жүлдегерлерінің тізімін https://daryn.kz/olympiads/view/4/2904 cілтемесі арқылы көруге болады.
Конкурстың Үздік команда атағы және гран-при иегері Назарбаев Зиятеркерлер мектептерінің командасына берілді. Сондай ақ, командалық бірінші орынды Алматы қаласы, екінші орынды Павлодар облысы иеленді, үшінші орынды Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстары бөлісті.
Конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаздар қатарынан еліміздің құрама командасы 12-17 мамыр аралығында Феникс қаласында (Аризона штаты) өткізілетін жыл сайынғы Intel ISEF-2019 оқушылардың халықаралық ғылыми жобалар конкурсына өз жұмыстарын ұсынады.
Республикалық ғылыми жобалар конкурсы – «Қазақстан – 2050» стратегиясындағы Қазақстан дамуының экономикалық және әлеуметтік-мәдени модельдері» тақырыбындағы оқушылардың ғылыми зерттеулер конкурсы. Конкурс төрт бағыт бойынша өткізіледі: «Ғылыми-техникалық прогресс – экономикалық өсудің негізгі буыны», «Экономикалық және әлеуметтік процестерді математикалық модельдеу», «Таза табиғи орта – Қазақстан - 2050 стратегиясын іске асырудың негізі», «Қазақстанның тарихи ескерткіштері және болашақ дамуы бар саяхат бағдарлары».
Аталған зияткерлік сайыстар оқушылардың ғылым негіздеріне қызығушылығын дамыту, жоғары сынып оқушыларын ғылым мен техниканың әр түрлі салаларында шығармашылық қызметке тарту мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының қамқорлығымен өткізіледі. Конкурстың қазылар алқасының құрамына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақстан-Британ Техникалық университеті, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті және т.б. жетекші отандық жоғары оқу орындарының ғалым-педагогтары кіреді.
Қосымшаақпарат:
Астана қаласы, Республика к., 34а, «Дарын» РҒПО, тел. 8 (7172) 29 52 32, 29-50-76;
Алматы қаласы, Достық к., 124 «Дарын» РҒПО-ның филиалы, тел. 8 (7272) 62-78-62.
[xfvalue_img]