Ұлттық мәдениеттің беделін көтеру – патриоттық парыз!

Ұлттық мәдениеттің беделін көтеру – патриоттық парыз!

«Өнердің теориясын меңгеру дегеніміз - өнерге қатысты мәселелерді ақыл арқылы ұғыну және талғам қабілетін игеру». Әл - Фараби - түркі ойшылдарының ең атақтысы, “Әлемнің 2-ұстазы” атанған ғұлама.    

Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық мәдениеттің беделін көтеру мәселесі бұрынғыдан да өзекті болып тұрғаны айқын. Өйткені ақпараттық кеңістікте түрлі мәдениеттер өзара бәсекеге түсіп, әлемдік бұқаралық мәдениет жас ұрпақтың талғамына, дүниетанымына және өмірлік ұстанымдарына мейілінше ықпал етуде. Мұндай жағдайда ұлттық болмысты сақтау дегеніміз - сыртқы ықпалдардан оқшаулану емес, керісінше, әлемдік өркениеттің жетістіктерін игере отырып, өз рухани ерекшелігімізді жоғалтпау және оны мейлінше дамыту. Мәдениет өткеннің тарихи жәдігері ретінде ғана қабылданбай, бүгінгі өмірдің белсенді қозғаушы күшіне айналуы тиіс. Ұлттық мәдениеттің беделі оның өнерінің даму деңгейімен де анықталады. Қазақ халқының күй өнері, дәстүрлі әні, айтысы, қолөнері, зергерлігі, ұлттық биі мен театр өнері – әлемдік мәдени кеңістікке іркілмей ұсынуға болатын рухани құндылықтар. Алайда ұлттық өнерді сақтау оны тек мұражайға орналастыру немесе мерекелік концерттерде көрсету деген сөз емес. Ол қазіргі заманның көркемдік талаптарына жауап бере алуы керек. Мысалы, дәстүрлі музыканы жаңа музыкалық жобаларда пайдалану, ұлттық аспаптардың мүмкіндігін әлемдік сахнада таныту, қазақтың ою-өрнегін заманауи дизайнмен үйлестіру - мәдениетті жаңғыртудың тиімді жолдары. Бұл жерде бір маңызды мәселені ескерген жөн: жаңашылдық ұлттық өнердің табиғатын бұзбауы керек. Ұлттық өнердің шынайы дамуы дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімді байланысына негізделуі тиіс. Ұлттық мәдениеттің беделі тек ел ішіндегі құрметпен шектелмеуі керек. Ол халықаралық деңгейде де танылуға тиіс. Өйткені мәдениет - мемлекеттің «жұмсақ күшінің» маңызды тетігі. Қазақстан әлемге өзінің табиғи байлығымен ғана емес, рухани мұрасымен, әдебиетімен, өнерімен, тарихи тұлғаларымен және заманауи шығармашылық жетістіктерімен танылуы қажет. Осы орайда аса атап өтуге лайық өнер иесі, айырықша дарынды - әнші Димаш Құдайберген. Оның өнері - қазақ халқының рухани байлығын әлемге танытқан, ұлттық мәдениеттің халықаралық беделін көтерген ерекше құбылыс. Оның шығармашылығы тек әншілік шеберлікпен ғана шектелмейді. Ол - қазақтың тілін, мәдениетін, музыкалық дәстүрін және ұлттық болмысын әлемдік сахнада насихаттап жүрген аса талантты өнер иесі. Оның халықаралық сахналардағы жетістіктері қазақ өнерінің әлемдік музыка кеңістігінде лайықты орны бар екенін көрсетті. Бұрын Қазақстанды жете тани бермеген көптеген шетелдік тыңдармандар Димаштың өнері арқылы қазақ халқының мәдениетіне, тарихына және тіліне қызығушылық таныта бастады. Димаштың өнеріндегі маңызды бағыттардың бірі - ұлттық музыкалық мұраны дәріптеу. Ол қазақтың халық әндерін, дәстүрлі музыкалық сарындарын және заманауи шығармаларды үйлестіре отырып, ұлттық өнердің мүмкіндігін жаңа деңгейде танытып келеді. Оның орындауындағы қазақ әндері шетелдік тыңдармандарға ана тіліміздің әуезділігін, ұлттық музыканың әуенділігімен, тереңдігін сезіндіреді. Димаш - қазақ өнерінің әлемдік кеңістіктегі жарқын бейнесі. Өнер саласында осы биік деңгейден төмен түсіп қалмауымыз абзал. Осыған орай, Қазақстандағы дарынды жастардың легі сарқылмайтынына сенімдіміз. Олардың қатарында жезтаңдай әнші Рухия Байдүкенованы атап кетуге болады. Ол танымал қазақстандық әнші, 2021 жылы Беларусьтің Витебск қаласында өткен «Славян базары» халықаралық байқауының Гран-при иегері атанды, 2026 жылы Қытайдың Иу қаласында өткен «Silk Way Star» халықаралық музыкалық байқауының 2-маусымына қатысып, жеңіске жетті. Ұлттық мәдениеттің беделін көтеру тек өнер адамдарына немесе шығармашылық зиялы қауымға жүктелетін міндет емес. Бұл - мемлекеттік деңгейдегі маңызды мәселе. Мемлекет мәдениетті қаржыландырумен ғана шектелмей, оның еркін дамуына, шығармашылық ізденіске және жаңа идеялардың қалыптасуына жағдай жасауы керек. Қазіргі заманда мәдениеттің таралу жолдары түбегейлі өзгерді. Бұрын ұлттық құндылықтар көбіне кітап, театр, радио және теледидар арқылы насихатталса, бүгінгі күні әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалар қоғамдық талғамды қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Сондықтан ұлттық мәдениетті насихаттау заманауи ақпараттық кеңістіктен тыс қалмауы керек. Қазақ тіліндегі сапалы бейнероликтер, тарихи подкасттар, деректі фильмдер, әдеби талдаулар, танымдық бағдарламалар мен цифрлық мұрағаттар көбейгені жөн. Ұлттық мәдениеттің беделін көтеру - бір күнде шешілетін немесе тек мемлекеттік мекемелердің күшімен жүзеге асатын міндет емес. Ол қоғамның барлық мүшесінің қатысуын талап ететін ұзақ мерзімді рухани үдеріс. Қазақстанның әлем алдындағы абыройын көтерудің ең сенімді жолдарының бірі - ұлттық мәдениетті тек өткеннің мұрасы ретінде сақтап қоймай, оны болашақтың дамуына қызмет ететін қуатты рухани күшке айналдыру. Біз әлемге өз мәдениетімізді таныту арқылы тек қазақ халқын ғана емес, Қазақстан мемлекетінің өркениеттік келбетін де танытамыз. Өйткені экономикалық байлық мемлекетті қуатты етуі мүмкін, ал рухани байлық оған тарихи биіктік пен мәңгілік бедел береді. Әнші не қандай да болмасын өнер иесі тек әуезді әнімен, жағымды дауысымен ғана емес, сахнадағы мәдениетімен, өзін ұстау мәнерімен және сыртқы келбетімен де көрерменнің есінде қалатын өнер иесі. Сондықтан әншінің сахналық киімі - жай ғана сәндік бұйым емес, оның эстетикалық талғамын, рухани дүниесін, ұлттық болмысын және өнерге деген құрметін танытатын маңызды құрал. Сахнаға шыққан әрбір әнші ең алдымен киім кию мәдениетіне жауапкершілікпен қарауы керек. Өйткені сахна - кез келген киімді көрсететін орын емес, ол - өнер мен мәдениеттің, әсемдік пен тәрбиенің тоғысатын қасиетті кеңістігі. Сахналық киім эстетикалық талғамға сай болуы қажет. Әншінің киімі жинақы, жарасымды, көркем әрі оның орындайтын әнінің мазмұнына сәйкес болғаны жөн. Сахналық образ көрерменнің назарын әннен басқа жаққа аудармай, керісінше, музыканың әсерін күшейтуі тиіс. Киімнің мақсаты - әншінің шығармашылық бейнесін ашу. Әрине, ұлттық нақышқа басымдық берілуі керек. Қазақ әншілері сахнада ұлттық киім үлгілерін, ою-өрнектерді, дәстүрлі әшекейлерді заманауи сән үлгілерімен үйлестіре пайдаланса, бұл ұлттық мәдениетіміздің насихатталуына зор үлес қосар еді. Домбырамен ән айтқан өнерпаздың киімі де қазақтың рухани дүниесімен үйлесіп жатса, оның сахналық болмысы әлдеқайда әсерлі көрінеді. Сахналық киім өнер жанрына сәйкес болуы қажет. Мысалы, опера әншісінің, халық әншісінің, эстрада орындаушысының және дәстүрлі музыка өкілінің сахналық киімдері бірдей болмауы заңды. Әр жанрдың өзіндік эстетикалық талаптары бар. Алайда қандай жанрда өнер көрсетсе де, әнші әдептілік пен талғампаздық шегінен шықпағаны дұрыс. Әншілер сән қуалаудан гөрі мәдени құндылықтарды жоғары қоюы керек. Өкінішке қарай, кейбір сахналық қойылымдарда киімнің шектен тыс ашықтығы мен орынсыз ерекшеленуге ұмтылу өнердің мазмұнын көлеңкеде қалдырады. Сахнадағы еркіндік дегеніміз - талғамсыздық емес. Өнер адамы жаңашылдыққа ұмтылғанымен, қоғамдық мәдениет пен көрерменнің эстетикалық талғамын да ескеруге тиіс. Сахналық киім әншінің жеке шығармашылық қолтаңбасын танытуы қажет. Әлемдік деңгейдегі өнерпаздардың ерекшелігі - олардың музыкалық орындауымен қатар, өзіндік сахналық стилінің қалыптасуында. Қазақ әншілері де ұлттық дәстүрді заманауи сәнмен ұштастырып, өзіне тән қайталанбас образ қалыптастыруға ұмтылғаны жөн. Сонымен, әншінің сахналық киімі - оның мәдени деңгейінің, эстетикалық талғамының және өнерге деген жауапкершілігінің көрінісі. Әдемі киіну дегеніміз - қымбат киім кию немесе көрерменді ерекше сыртқы бейнемен таңғалдыру емес. Нағыз әдемілік - жарасымдылықта, қарапайымдылықта, талғампаздықта және ұлттық құндылықтарға құрметпен қарауда.  Әншінің басты қаруы - дауыс, басты байлығы - өнер, ал сахналық киімі сол өнердің көркемдік жалғасы болуы керек. Сахна әншінің жеке сән-салтанатын көрсететін орын ғана емес, ұлттық мәдениеттің деңгейін танытатын рухани орын. Әнші - тек әуезді дауыстың иесі ғана емес, ол - сахна мәдениетін қалыптастыратын, өнер арқылы халықтың рухани дүниесіне әсер ететін тұлға. Сондықтан әншінің сахнадағы жүріс-тұрысы, киім киісі, сөйлеу мәнері, көрерменмен қарым-қатынасы мен өзін ұстауы оның кәсіби деңгейін және азаматтық мәдениетін танытады. Десек те, кейбір әртістеріміздің сахнаға не себепті ауқымды ауыр бөрік, көлемі үлкен тымақ және қолапайсыз қалың шапан киіп шығады деген ой келеді. Сахна қашанда ғимараттың ішінде орналасқан, сондықтан оның ішінде «ызғырық аяз не үскірік боран» соқпайтыны белгілі емес пе? Сонда, әртістер оларды не үшін киеді? Қазақтың ұлттық ерекшелігінің көрсету үшін бе? Бірақ, бөрік пен тымақ қазақтың ең басты ұлттық белгісі еместігі анық. Өйткені бөрік пен тымақты қазақтан басқа да халықтар пайдаланады. Әртістер көбіне ұшақпен қаладан қалаға, басқа көліктермен ауылдан ауылға сапарлап, гастрольдерде жүреді. Бұларды басқа да жеңіл киімдермен қоса алып жүру оңай еместігі анық. Сонымен қоса, бөрік,  тымақ пен шапанды дайындап, тіктіру мемлекеттік бюджетке де қомақты шығын. Ал мысалы, европалық симфония оркестрінің музыканттары ежелден бастарына ештеңе кимей отырады. Бұл өнерге ешқандай нұқсан келтірмейді. Осыларды айта келе, сахнаға бөрік, тымақтың және қалың шапанның орнына ұлттық оюмен әдемі өрнектелген жеңіл баскиім, тақия және шапан киіп шыққан дұрыс. Тағы айта кетер болсақ, көзіміз көріп жүрген тақия мен шапандардың беттерінде ою-өрнек өте баттитыла, көлемді салынып, жапсырылған. Олардың талғампаздықпен әдемі әспеттеліп,  ұсақтау көмкерілгені жөн. Сахнада көпшілік домбырашылар аяқтарын айқастырып, тіпті оларды алдыларына «өңгеріп алып», бәтеңкелерін тым көтеріңкі  ұстап та отырады (өкінішке орай, бұл үрдісті бейнелеу өнері де қабыл алған: Астанадағы «Думан» мейманханасының алдындағы Құрманғазының ескерткішіне назар аударыңыз). Бұлай отыру көрген көзге ерсілеу. Басқа халықтарда бұндай әдет жоқ. Ал бұны көрген шет елдер көрермендері не ойлайды екен? Бұны келемеж көрсе де, келеке ретінде қабылдаса да - іштерінде. Аяқты ұзақ айқастырып отыру медициналық және биологиялық тұрғыдан бірнеше себепке байланысты зиянды деп саналады. Мысалы, бұл қан айналымының бұзылуына, қанның тоқырауына, варикоз және тромбоз қаупіне,  жамбас пен омыртқаның қисаюына, қан қысымының көтерілуіне, жүйкелердің қысылуына себепкер болады екен. Медицина саласының ғалымдарының зерттеулері бойынша отыру кезінде осы позицияны ұнататын ер адамдар бедеулікке де шалдығады екен. Тағы айта кетер бір келеңсіз жайт. Домбырашыларымыз кейде сахнада домбыраны тізерлеп те ойнайды. Сыртта, қала алаңдарында, тіпті тастай қатты асфальт бетінде де тізерлеп ойнайтындардың қатары көбейіп барады. Біріншіден, қай жағынан алсақ та, бұл дұрыс емес сөкет көрінетін құбылыс. Қазақта дұшпанын мұқатқанда, «тізесін бүктірдім» дейді. Сонда орындаушылар жұрт алдында өздерінің кемсініп, мұқалып тұрғанын түсінбей ме?! Екіншіден, домбыраны тізерлеп ойнағанда тізеден не қалады, тізе ауруға шалдықпай ма? Тізе ауруы – жарақаттан, артық салмақтан немесе буын тозуынан туындайтын жиі кездесетін мәселе. Бүл үрдіске қазақ неге үйір болды? Менің пайымдауымша, домбыраны тізерлеп ойнауға еліктеу 1970 жылы түсірілген қазақтың атақты «Қыз Жібек» фильмінен басталған болуы керек. Сол фильмінде Шегенің ролін шебер сомдаған қазақтың көрнекті театр және кино актері Әнуар Молдабековтің тізе бүгіп аса әсерлі орындаған сәті біраз домбырашыларға үлгі болғаны аян. 1991 жылы халықаралық «Азия дауысы» байқауында бүл үлгіні әнші Қыдырәлі Болманов  қайталады. Содан бастап бұл үлгі Елімізде кең жайыла бастады. Ал қазақтың домбырасының «құлағында ойнайтын» шебер орындаушы орыс азаматы Олег Никитин күйлерді тізесін бүгіп, немесе аяғын айқастырып орындаған емес. Орындамайды да. Бұл әркімге де түсінікті жайт екені анық. P.S. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі осы мақаладағы көтерілген мәселелерге назар аударып, дұрыс шешім қабылдайды деген ойдамын.

Нақыпбек Садуақасов, заңгер-құқықтанушы, публицист

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 1

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Негізгі жаңалықтар

Логотип

Портал туралы

Ел мен әлем жаңалықтары!

© 2024 INFOZAKON. Барлық құқықтар сақталған.