«Құрылтай - халық үні мен мемлекеттік шешім тоғысатын жаңа қоғамдық кеңістік»
Мемлекеттің беріктігі экономикалық әлеуетімен немесе қабылданған заңдарының санымен ғана өлшенбейді. Елдің шынайы күші азаматтардың үнін естіп, талап-тілегін түсініп, қоғамдық сұранысты нақты шешімдерге айналдыра алу қабілетінен көрінеді. Мемлекет пен қоғам арасындағы сенім де осындай өзара байланыстың сапасынан қалыптасады.
Құрылтайдың жаңа конституциялық кеңістіктегі орны осы тұрғыдан алғанда айрықша. Құрылтай қоғамдық ой мен мемлекеттік шешім тоғысатын, азаматтық сұранысты мемлекеттік саясатпен сабақтастыратын диалог алаңы. Құрылтайдың қоғамдық мәні қабылданған шешімдердің санымен емес, халықтың көкейіндегі мәселелерді дәл танып, олардың шешілуіне ықпал ете алуымен айқындалады.
Құрылтайдың тарихи мәні - ортақ мүддені қалыптастыру
Қазақ қоғамында Құрылтай ұғымының тарихи тамыры терең. Дәстүрлі түсінікте Құрылтай ел тағдырына қатысты маңызды мәселелер талқыланып, ортақ шешім ізделетін кеңес алаңы болған.
Бүгінгі Құрылтайдың мазмұны заман талабына сай жаңаруы заңды. Дегенмен тарихи сабақтастықтың өзегіндегі елдік мәселелерді ортақ талқылау, қоғамдық келісімге ұмтылу және ортақ жауапкершілік секілді қағидаттар өз мәнін сақтап отыр.
Қоғамдық келісім әртүрлі пікірлерді бір арнаға күштеп біріктіруді білдірмейді. Сан алуан көзқарастар ортақ мақсат пен елдік мүдде төңірегінде тоғысқанда, пікір алуандығы сапалы шешім қалыптастыратын күшке айналады.
Халық сенімі - депутаттық мандаттың негізі
Сайлау депутатқа мандат береді, мандат шешім қабылдау құқығымен қатар, халықтың сенімін ақтауға жүктелген жауапкершілікті білдіреді. Депутаттың қызметі сайлау нәтижесімен аяқталмайды, керісінше сайлаудан кейін азаматтардың үміті мен сенімін нақты іске айналдыру кезеңі басталады.
Өкілдік етудің өзегі халық атынан сөйлеумен қатар, азаматтарды тыңдау, ел ішіндегі ауқымды мәселелерді зерделеу және оларды мемлекеттік шешім қабылдау деңгейіне шығару. Депутат азамат пен мемлекеттік орган арасындағы байланысты қамтамасыз етіп, көтерілген мәселенің шешілу барысына белсенді араласуы керек.
Депутаттық сауалдың орны қоғам үшін әрқашан бөлек. Депутаттық сауал мемлекеттік органдардан нақты жауап алуға, азаматтардың сұранысын жоғары деңгейге жеткізуге және көтерілген мәселенің шешілу барығын бақылауға мүмкіндік беретін пәрменді парламенттік тетік. Сауал арқылы мемлекеттік органдардың ұстанымы нақтыланып, қабылданған шешімдер мен атқарылған жұмыстардың нәтижелілігіне қоғамдық назар артады. Сондықтан депутат қызметінің тиімділігін көтерілген мәселелердің санымен өлшеу жеткіліксіз. Негізгі бағалау өлшемі - қол жеткізген нәтиже мен қоғамға тигізген ықпал.
Заң қабылдау нақты нәтижеге бастар жол
Қазіргі кезеңде заңның қабылдануын түпкі нәтиже ретінде қарастыру жеткіліксіз. Ең бастысы құқықтық нормалардың нақты өмірде қаншалықты тиімді жұмыс істеп, азаматтардың күнделікті жағдайына қандай өзгеріс әкелетіні. Кез келген заң белгілі бір қоғамдық қажеттіліктен туындайды. Заң қабылданғаннан кейін оны іске асыру, орындалуын бақылау және тәжірибелік әсерін бағалау бастау алады.
Құрылтай қызметінде «мәселе - талдау - шешім - іске асыру - нәтиже - қоғамдық бағалау» сабақтастығы орнықса, заң шығару үдерісі азаматтардың нақты қажеттіліктерімен тығыз ұштасады.
Қабылданған шешімнің орындалуы жүйелі түрде сараланып, тәжірибелік ықпалы бағаланады. Қоғамдық өмірдегі өзгерістер мен жаңа талаптарға қарай құқықтық нормалар жетілдіріледі.Өйткені заңның құндылығы мәтінінің мінсіздігімен қатар, адам өміріндегі нақты өзгерістен көрінеді.
Өңірлердің үні - ел дамуының маңызды көрсеткіші
Құрылтайдың қоғамдық тиімділігі ел өңірлеріндегі ахуалды қаншалықты терең түсініп, жергілікті ерекшеліктерді мемлекеттік күн тәртібіне шығара алуымен қалыптастырылады.
Қазақстанның әр өңірінің әлеуметтік-экономикалық сипаты әртүрлі. Бір жерде инфрақұрылым мен жұмыспен қамту алдыңғы қатарға шықса, басқа аймақта экология, су ресурстары, өндіріс немесе урбанизация өзектілік танытуы мүмкін. Ауылдық жерлерде әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі мен жастардың тұрақтап қалуы өзекті болса, ірі қалаларда тұрғын үй, көлік, білім беру және еңбек нарығына қатысты мәселелер басым болуы ықтимал. Сондықтан мемлекеттік саясат орталықтағы статистикалық көрсеткіштермен шектелмей, азаматтардың күнделікті өміріндегі нақты жағдайды да назарға алуы маңызды рөл атқарады.
Өңірлерден келетін ақпаратты жүйелі сараптау жергілікті мәселелерді дер кезінде анықтап, оларды жалпыұлттық күн тәртібіне шығаруға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл мемлекеттік шешімдердің сапасын арттыруға да ықпал етеді. Өйткені елдің шынайы ахуалын статистикалық көрсеткіштерден бөлек, сол деректердің ар жағындағы адам тағдырынан көруге болады.
Жастар және жаңа қоғамдық сана
Елдің болашағын айқындайтын негізгі күштердің бірі - жастар. Бүгінгі жас буын ақпаратты еркін қабылдайды, әлемдік тәжірибемен салыстырады және мемлекеттік институттардан ашықтықты, әділеттілікті әрі жедел әрекетті ұстанады.
Жастардың азаматтық белсенділігі сайлауға қатысумен шектелмейді. Жас буын сапалы білімге, лайықты еңбекке, кәсіби өсуге, кәсіпкерлікке, цифрлық ортаға және әлеуметтік мобильдікке қатысты нақты мүмкіндіктерді күтеді. Құрылтайдың жастармен өзара байланысы жас буынның өзекті мәселелерін талқылаумен қатар, жастардың қоғамдық шешімдерді қалыптастыру үдерісіне белсенді араласуына жол ашуы қажет.
Еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының бірі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің https://farabi.university/ бұл бағыттағы орны айрықша.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жоғары білікті мамандар даярлайтын білім ордасы болумен қатар, ғылыми ой мен қоғамдық пікір қалыптасатын іргелі интеллектуалдық орта.
Университетте құқық, экономика, саясаттану, әлеуметтану, халықаралық қатынастар, цифрлық технологиялар және басқа да салалар бойынша жүргізілетін зерттеулер мемлекеттік саясатты ғылыми тұрғыдан жетілдіруге берік негіз бола алады.
Университет жастарының ғылыми ізденістері, қоғамдық бастамалары мен азаматтық ұстанымы жаңа қоғамдық сананың қалыптасуына серпін береді. Білімді, сыни ойлайтын әрі ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын жас ұрпақ мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуына тікелей ықпал етеді.
Шығыстың ұлы ойшылы, «Екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр Әл-Фарабидің қайырымды қоғам туралы философиялық тұжырымдары да бүгінгі күнмен үндеседі. Ғалымның қоғам игілігін білім, парасат, әділет және өзара жауапкершілікпен сабақтастыруы қазіргі қоғамдық даму үшін де құнды бағдар.
Білім мен ғылымды қоғамдық шешім қабылдау үдерісімен ұштастыру Құрылтайдың болашаққа бағдарланған бағыттарының біріне айнала алады.
Цифрлық мемлекет - жаңа жауапкершілік
Қазіргі кезеңнің тағы бір ерекшелігі мемлекет пен азамат арасындағы байланыстың цифрлық кеңістікке қарқынды ауысуы.
Электрондық үкімет, цифрлық платформалар, ақпараттық жүйелер және жасанды интеллект негізіндегі технологиялар мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашуда. Сонымен бірге цифрландыру құқықтық және этикалық сипаттағы жаңа мәселелерді де алға шығарып отыр.
Дербес деректерді қорғау, цифрлық құқықтар, ақпаратқа қолжетімділік, жасанды интеллектіні жауапты пайдалану және алгоритмдердің ашықтығы технология саласының шеңберінен шығып, азаматтың құқықтары мен бостандықтарына тікелей әсер ететін бағыттарға айналды.
Сондықтан Құрылтайдың күн тәртібінде технологиялық дамудың адам мүддесімен үйлесуі айрықша назарда болғаны орынды.
Цифрландыру мемлекет пен азамат арасындағы қашықтықты қысқартып, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен ашықтығын арттыруға қызмет етуі керек. Технология адамға қолайлы орта қалыптастырған кезде ғана оның қоғамдық құндылығы артады.
Басты капитал қоғамдық сенім
Кез келген мемлекеттік институттың ең құнды ресурсы сенім. Алайда сенім бір реттік акциялармен немесе жария мәлімдемелермен қалыптаспайды. Сенім күнделікті жұмыстың нәтижесінде орнығады. Қабылданған заң адамның өміріне оң өзгеріс әкелгенде, қоғамдық сенім одан әрі нығая түседі. Құрылтайдың тиімділігін бағалауда азаматтармен тұрақты әрі нәтижелі байланыс орната білу қабілеті айрықша мәнге ие. Сенім айтылған уәдемен емес, орындалған іспен қалыптасады.
Тарихи міндет - жаңа өкілдік мәдениетін қалыптастыру
Бірінші шақырылымдағы Құрылтай алдында тарихи маңызы зор міндет тұр, бұл жаңа өкілдік мәдениетін қалыптастыру. Мұндай мәдениетте депутат пен азамат арасындағы байланыс сайлау кезеңімен шектелмейді. Қоғамдық пікір шешім қабылдаудың барлық сатысында ескеріліп, ғылыми сараптама мен азаматтық көзқарас өзара сабақтасады. Өңірлердің ерекшелігі назардан тыс қалмайды. Мемлекеттік шешімдердің орындалуы нақты көрсеткіштер арқылы бағаланады.
Құрылтай халықтың сөзін мемлекеттік шешімге ұластыратын, қоғам мен мемлекетті жақындастыратын институт ретінде қалыптасуы керек. Азаматтық бастама мен мемлекеттік саясат арасында берік байланыс орнатып, ел көлеміндегі өзекті мәселелерді талқылаудың және шешім іздеудің тиімді алаңына айналу жаңа кезеңнің басты сұраныстарының бірі.
Өйткені мемлекеттің күші тек билік институттарында емес, сол институттарға деген халықтың сенімінде. Ал халықтың сенімі айтылған сөзден емес, орындалған істен қалыптасады.
Сондықтан Құрылтайдың жаңа дәуірдегі басты миссиясын бір ғана сабақтастықпен түйіндеуге болады: халық үні - қоғамдық сұранысқа, қоғамдық сұраныс - мемлекеттік шешімге, мемлекеттік шешім - нақты нәтижеге, нақты нәтиже – қоғамдық сенімге айналады.
Құрылтайдың тарихи маңызы да дәл осы сабақтастықпен өлшенбек. Халық үні жоғалмай, азаматтық сұраныс ескеріліп, мемлекеттік шешім адамның күнделікті өміріндегі нақты өзгеріске айналған жерде өкілді биліктің шынайы мәні ашылады.
Құрылтай - халық пен мемлекет арасындағы байланысты нығайтып, елдің ортақ мәселесін ортақ жауапкершілікпен талқылап, оны нақты шешімге ұластыратын жаңа қоғамдық кеңістік.
Нажия Калишева
Әл-Фараби атындағы КазҰУ-нің заң ғылымдарының докторы, мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының доценті
Диана Мусабаева
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі
Заң департаменті Құқықтық қамтамасыз ету басқармасының бас сарапшысы
[xfvalue_img]
