«Жаңа Конституция - құқықтық жаңғырудың мызғымас тұғыры»
Қазақстанның өркениетті даму жолынан жаңылмай, тұрақты әрі сапалы ілгерілеуін қамтамасыз ету бүгінгі күннің басты талабы. Осы тұрғыдан алғанда, конституциялық реформа уақыт сұранысынан туындаған заңды әрі стратегиялық қадам. Ата Заң - көпұлтты қоғамды біріктіретін, мемлекеттің саяси-құқықтық болмысын айқындайтын іргелі құжат. Тәуелсіз Қазақстанның қолданыстағы Конституциясы елімізді демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырып, адам құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары құндылық ретінде бекітті. Ол жылдар бойы саяси тұрақтылықтың, қоғамдық келісімнің және халықаралық беделдің сенімді құқықтық негізіне айналды.
Алайда заман талабы, қоғамдық қатынастардың күрделенуі мен жаңа саяси кезеңнің ерекшеліктері негізгі Заңды жүйелі түрде жаңғыртуды қажет етті. 2025 жылдың төртінші тоқсанында Конституцияға өзгерістер енгізу мәселесі көтеріліп, қоғамда кең талқылауға ұласты. Нәтижесінде, жекелеген түзетулермен шектелмей, жаңа редакциядағы Конституцияны қабылдау қажеттігі айқындалды. Тәуелсіз Қазақстанның үшінші Конституциясының жобасының бүкілхалықтық талқылауға ұсынылуы ел өміріндегі маңызды тарихи белес.
Жаңа редакция тек мазмұндық жағынан ғана емес, құрылымдық тұрғыдан да жаңармақ. Конституция Кіріспеден, 11 бөлімнен және 104 баптан тұрады. Екі жаңа бөлім - «Халық Кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі» енгізіледі. Төрт бөлімнің атауы өзгертіліп,
77 бапқа түзетулер енгізіледі.
Жобада билікті бөлу қағидаты жаңаша мазмұнмен толықтырылып, құқық үстемдігін қамтамасыз ету тетіктері нақтыланады. «Адам және азамат» бөлімі елеулі түрде күшейтіледі. Өмір сүру құқығын абсолютті құндылық ретінде тану, жеке тұлғаның қолсұғылмаушылығын нақтылау, «Миранда қағидаларын» бекіту, цифрлық кеңістікте дербес деректерді қорғау, ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғауды күшейту, әлеуметтік құқықтарды кеңейту мұның бәрі адамға бағдарланған мемлекеттің айқын белгісі.
Сонымен қатар, «Сот төрелігі, прокуратура және құқық қорғау тетіктері» бөлімі кешенді түрде қайта қаралады. Сот билігінің тәуелсіздігі күшейтіліп, әділсот қағидаттары нақты айқындалады. Адвокатураның құқықтық мәртебесін жеке баппен бекіту, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің конституциялық мәртебесін күшейту азаматтардың құқықтарын қорғаудың институционалдық негізін нығайтады. Аталған өзгерістер құқық үстемдігін қамтамасыз етудің жүйелі тетігін қалыптастырады.
Жобаны талқылау барысында ерекше мән берілетін мәселенің бірі мәтіндердің қазақ және орыс тілдеріндегі мазмұндық сәйкестігі. Конституция тікелей қолданылатын құқықтық акт. Сондықтан екі тілдегі нұсқаның құқықтық мағынасы, терминологиясы мен заңи құрылымы толық үйлесуі тиіс. Заңи техника талаптарының сақталуы құқық қолдану тәжірибесінің айқындығы мен тұрақтылығының кепілі.
Жаңа редакциядағы маңызды өзгерістердің бірі - заң шығарушы билік институтын жаңғырту. Жобаға сәйкес, жоғары өкілді орган «Құрылтай» деп аталып, бір палаталы негізде құрылмақ. Оның құрамы өкілдік сайлау жүйесі арқылы қалыптастырылады. Мұндай шешім саяси бәсекелестікті арттырып, партиялардың қоғамдық жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.
2022 жылғы 26 қаңтарда Сенат отырысында сөйлеген сөзінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси партиялардың ел дамуындағы айрықша рөлін атап өтіп, халық мүддесін қорғай алатын жауапты әрі ықпалды саяси күштердің қажеттігін айтқан болатын. Осы тұрғыдан алғанда, өкілдік сайлау жүйесі саяси жүйені институционалдық тұрғыдан нығайтудың маңызды құралы болмақ.
Сонымен бірге, сайлау жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында партиялық тізім бойынша дауыс беру кезінде сайлаушыға тізімдегі нақты кандидатты белгілеу мүмкіндігін беру орынды болар еді. Мұндай тәсіл азаматтарға саналы таңдау жасауға жол ашып, өкілді биліктің тиімділігін арттырады. Партиялар өз тізіміне қоғам сеніміне ие, білікті әрі беделді тұлғаларды енгізуге мүдделі болады. Ал азаматтар нақты адамға сенім білдіру арқылы саяси үдерістерге белсендірек араласады.
Нәтижесінде партиялар мен қоғам арасындағы байланыс нығайып, саяси мәдениет жаңа деңгейге көтеріледі. Өкілді орган құрамына шынайы қоғамдық қолдауға ие азаматтардың келуі мемлекеттік шешімдердің сапасына да оң ықпал етеді.
Елімізде орын алып жатқан әрбір бастаманы белсенді түрде қолдап, атсалысатын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті https://farabi.university/ студенттері ел ертеңінің тірегі, ұлт болашағының жарқын кепілі.
Бүгінде университет қабырғасында білім алып жүрген жас буынның Отанға деген сүйіспеншілігі олардың білімге құштарлығынан, қоғамдық белсенділігінен және ел дамуына үлес қосуға деген ұмтылысынан айқын көрінеді.
Студент жастар тек кәсіби маман болып қалыптасуды ғана мақсат етпей, ұлттық құндылықтарды құрметтеп, тәуелсіз еліміздің дамуына қызмет етуді басты парыз санайды. Олардың бойындағы патриоттық рух, азаматтық жауапкершілік және жаңашыл ойлау қабілеті Қазақстанның кемел келешегінің берік негізі.
Ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде дамуын жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған жүйелі реформалар болып табылады. Бұл мемлекеттік институттарды жетілдіру ғана емес, билік пен халық арасындағы сенімді нығайтуға арналған стратегиялық қадам.
Еліміздің болашағы үшін қабылданатын әрбір шешім жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан жаңа Конституцияны талқылау мен қабылдау үдерісі барша азаматтың ортақ борышы. Бірлік пен парасаттылық танытқан жағдайда ғана Қазақстан өркениетті даму жолында нық әрі сенімді қадам жасайды.
Нажия Калишева
Әл-Фараби атындағы КазҰУ-нің заң ғылымдарының докторы, мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының доценті
Диана Мусабаева
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі
Заң департаменті Құқықтық қамтамасыз ету басқармасының бас сарапшысы
[xfvalue_img]
