Мақсат – «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтайтын қоғам құру
Жемқорлық – адамзат пен қоғамның дамуын тежейтін жалпыға ортақ індет. Онымен күресу тек құзырлы органдардың ғана емес, барлық қоғам өкілінің басты міндеті болу қажет.
Осы орайда «Заң мен тәртіп» қағидатының сақталуына ерекше назар аудару, оның ішінде заңдылықтың бұзылуына жол бермеу аса маңызды. Бауыржан Момышұлы бабамыз «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды», - деп бекер айтпаған.
Бүгінгі таңда Агенттік қызметінің басым бағыты – сыбайлас жемқорлық превенциясы болып табылады. Яғни, жемқорлықтың салдарымен күресу емес, оны тудыратын себептерді жою.
Солтүстік Қазақстан облысында бұл жұмыс, әлеуметтік маңызға ие мәселелерден тұратын өңірлік «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасы» шеңберінде жүзеге асырылуда.
Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықтың себептері мен салдарын жоюда тиімді құралдар ретінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртық талдаулар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтер қолданылады.
Мәселен 2024 жылы спорт, орман пайдалану, халықты әлеуметтік қорғау, энергетика, жол құрылысы салаларында 7 сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау және су құрылымдарын пайдалану, бидай айналымы, агроөнеркәсіпті субсидиялау, ҚТҚ полигондары және т.б. салаларында 5 сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг өткізілді.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде автомобиль жолдарының құрылысы саласында 27 жемқорлық тәуекелі анықталып, жолдардың сапасы неліктен сын көтермейтініне көзіміз жетті.
Сыртқы талдау жоспарлаудан бастап бақылау мен күтіп ұстауға дейінгі жол құрылысы мен жөндеудің барлық кезеңдерінде жүйелі жемқорлық тәуекелдерінің бар екендігін көрсетті.
Нәтижесінде саланы дамыту, оның ішінде қолданыстағы НҚА-ға өзгерістер енгізу, ақпараттық жүйелерді әзірлеу, цифрлық шешімдер қабылдау үшін бірқатар ұсынымдар әзірленді.
Орман пайдалану саласында әкімшілік жауапкершілікке тарту кезінде орман шаруашылығы лауазымды тұлғаларының субъективті көзқарасы, еңбекақы төлеу қорын жоспарлау және игеру, рұқсат беру функцияларын іске асыру және орман қоры жерлерін пайдалану мәселелерін зерделедік.
Талдау кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарына отынның әділ бөлінбейтінін анықтадық.
Осыған байланысты, Департаменттің ұсынымы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына басым құқық бере отырып, жергілікті халықты отын сүрегімен қамтамасыз ету бойынша регламент әзірленді. Регламентке сәйкес орман шаруашылықтары осы санаттағы адамдар үшін ағашты дайын күйінде және олардың тұратын жерлеріне жақын жерде өткізуді жоспарлайтын болды.
Нәтижесінде тұрғындардың шығындарды айтарлықтай төмендеп, олардың әл-ауқатының жақсаруына мүмкіндіктер жасалды.
Қатты тұрмыстық қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг, өкінішке орай, экологиялық заңнаманың елеулі бұзушылықтарын анықтады. Атап айтқанда, полигондардың басым көпшілігі негізгі экологиялық нормалар мен стандарттарға сәйкес келмейтінін көрсетті.
Жағдайды түзету мақсатында Департаменттің ұсынымы бойынша жергілікті атқарушы органдармен тиісті Жол каратсы әзірленді.
Кәсіпкерлікті шенеуніктердің заңсыз араласуынан қорғауға да ерекше басымдық беріледі. Осы орайда «Бизнеске жол» жобасы шеңберінде өткен жылы мемлекеттік сатып алу, экспорттық бақылау, жер қатынастары сынды салалардағы 9 мәселе оң шешіліп, 22 кәсіпкердің құқығы қорғалды.
Биылғы жылы да бұл бағытта аяқ алыс жаман емес, жыл басынан бері 77 кәсіпкердің құқығы қорғалды.
Тағы бір тиімді жобалардың бірі – «Бірыңғай сатып алу терезесі» жүйесі. Аталған жүйе бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуының алдын алуға бақытталған.
2024 жылы мемлекеттік сатып алу веб-порталының мониторингі нәтижесінде 1,5 млрд теңгені құрайтын бюджет қаражатының жөнсіз жұмсалуына жол берілмеді.
Мәселен, бір ЖШС-ның жазғы дизель отынын 2 есе қымбат бағамен сатып алуының жолы кесіліп, 243 млн теңге сомасында бюджет қаражатының ұтымсыз жұмсалуына бөгет қойылды.
Аталған бағытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлердің де елеулі үлесін атап өткен жөн. Белсенді еріктілер 47 тақырыптық мониторинг жүргізіп, құны 360 млн теңгеден асатын тиімсіз сатып алулардың жойылуына септігін тигізді.
Қорытындылай келе, барлық атқарылып жатқан жұмыстар мен қабылданып жатқан шаралар – заңның атталуын болдырмай, керісінше тәртіптің үстемдік құруын қамтамасыз етуге бағытталған.
Мақсатымыз «Заң мен тәртіп» қағидатын қатаң сақтайтын, жемқорлыққа қарсы мәдениеті жоғары қоғам қалыптастыру.
Асхат Жақыпбеков
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы
[xfvalue_img]