Жаңаша ойын: STEAM-білім Қазақстанда қалай дамытылатын болады

Жаңаша ойын: STEAM-білім Қазақстанда қалай дамытылатын болады

Жаңа оқу маусымының басталуымен мектептерде қызу өмір басталады. Осыдан бес-жеті жыл бұрын мұғалімдер бәрін тәптіштеп айтып беріп, тапсырмалар беретін оқу процесі қарапайым еді, ал қазір жеткіліксіз болып қалды. Алуан түрлі технологиялар қарыштап дамып жатқанда балалар ақпаратты басқаша қабылдайды және пайдаланады.

«Оқушыларды құрғақ ережелер негізінде оқытудың еш мәні қалған жоқ. Оларға ғылымның қызық екенін, академиялық білімін практикалық жобаларға «салған» кезде сол білімге жан бітетінін көрсету керек», – дейді Caravan of knowledge корпоративтік қорының бас директоры Зарина Биюмбаева. Ол экономикалық даму деңгейі жоғары елдерде STEAM-білім қалай дамып жатқаны және сол тәжірибе Қазақстанда қалай қолданылып жатқаны туралы айтып берді.

– Зарина, Сіздің командаңызда STEAM саласында бірнеше зерттеу бар. Солардың қызықты нәтижелерімен бөлісіңізші.

STEM-нің (ағылшын тілінен science, technology, engineering and mathematics — жаратылыстану ғылымдары, технология, инженерия және математика) 70 жылдық тарихы бар. 1960-шы жылдары АҚШ-та жоғары технологиялық компаниялардың кәсіби кадрларға сұранысы қанағаттандырылмай қалды, өйткені америкалықтардың көпшілігінде жеткілікті біліктілік болған жоқ. Сонда АҚШ алғаш рет білім берудегі пәнаралық және қолданбалы әдіс-тәсілдер туралы ойлана бастады. Нәтижесінде STEAM қалыптасты, кейін трендке айналып, қазір көптеген елдерде мемлекеттік деңгейде енгізіліп жатыр, оған гуманитарлық ғылымдар, шет тілдері, жаңа медиа, кескіндеме өнері, би, театр, музыка кіреді.

Біз зерттеуді «Шеврон» компаниясының қолдауымен жүргіздік. Зерттеуде қамтылған елдердің іріктемесіне Финляндия, АҚШ, Корея, Жапония, Германия, Канада және Сингапур кірді.

Қайсысының тәжірибесі ең әсерлі болды?

Бізге АҚШ-та, Германияда және Финляндияда атқарылып жатқан жұмыс қатты ұнады.

АҚШ-та үкімет STEAM бойынша ерте жастан оқыту, оның халықтың әртүрлі әлеуметтік-экономикалық топтарынан шыққан оқушылардың оқу үлгеріміне қалай әсер ететінін зерттеуге гранттар бөлді. Ата-аналар мен мектепке дейінгі ұйымдарға арналған «STEAM туралы сөйлесейік, оқиық және ән салайық!» оқыту ресурстарының базасы қалыптастырылды, жас балаларға арналған математика және биология пәндері бойынша телебағдарламалар, ұялы қолданбалар, ойындар бар, математикадан тегін жазғы лагерьлер жұмыс істейді. Жалпы қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Оларда STEAM саласында білім беру балабақшадан басталып, educational pipeline немесе «білім құбыры» деп те аталатын мектеп – университет – кәсіби дайындық тізбегі арқылы өтеді. Жобалар үстел ойынының жаңа түрін жасаудан бастап биоотын өндіруге арналған биоөнімдердің ең тиімді түрлерін зерттеуге дейін әрқилы болуы мүмкін. Бірлескен жұмыс нәтижесінде топ көбірек білім жинақтай алады, ал ынтымақтастық табыстың негізгі құрамдас бөлігіне айналады.

Финляндия STEAM саласында әлдеқашан бәрін басып озған. Ұлттық білім кеңесі 1990-шы жылдардың аяғында LUMA бағдарламасын бастады, оны бүкіл елде арнайы орталықтар жүзеге асырды: ғылым және техника клубтары, лагерьлер құрылып, қолдау көрсетілді, балалар мен жастарға арналған тақырыптық күндер мен курстар өткізілді. Сонымен қатар Финляндияда мұғалімдер үшін ұлттық біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылды. Сол іс-шаралардың көпшілігі тегін және халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарамастан баршаға қолжетімді.

Елдің әртүрлі аймақтарындағы LUMA орталықтарының білім беру саласында өзіндік бағыты бар, әрқайсысының өз үйлестірушісі мен директоры бар, үнемі конференциялар өткізіліп тұрады. Мектеп мұғалімдері орталықта белгілі бір уақытқа тапсырыс беріп қойып, оқушылары орталықтың зертханаларына барады, эксперименттерге қатысады, ғалымдарға сұрақтар қоя алады. Жоғары сынып оқушылары үшін университет оқытушылары, профессорлар математика, химия, астрономия және биология бойынша лекциялар мен курстар жүргізеді. Ғарыш және спутниктер, микро- және нанотехнологиялар, медициналық химия тақырыптары аса танымал. Онда ойлауға, ойлануға баса назар аударылады.

Финдер үшін кеңістік дизайны, экологиялық таза өндіріс, заттар эргономикасы STEAM айналасына «тоғытылған». Олардағы технология мен ғылымға қатысты құрылым, мазмұн, жүйелік көзқарас бойынша пәнаралық оқыту нәтижелері әлемдегі ешбір елге ұқсамайды. Олар осы тұрғыда оқ бойы озық тұр.

Біз Финляндияның тәжірибесін Қазақстанда енгізуді ұйғардық, бірақ бізде ондай дамыған экожүйе болмағандықтан, оны мектеп бағдарламасына енгізу қиынға соқты. Сондықтан оны мектептен тыс шаралар: түрлі мамандандырылған лагерьлер, серіктестік бағдарламалар, іс-шаралар арқылы жүзеге асыруға тура келеді.

– Бізде STEAM бойынша ауқымды бірдеңе бар ма?

Иә, әрине. Осы саладағы жыл сайынғы шаралардың бірі «Шеврон» компаниясы ұйымдастыратын PRO.NRG Fest.

Бұл барлық санаттар бойынша мақсатты аудиторияны: ата-аналарды, балаларды, мұғалімдерді, білім саласына қандай да бір қатысы бар, бірақ мұғалім емес мамандарды, квазимемлекеттік секторды, білім беру саласындағы кәсіпкерлерді қамтитын Қазақстандағы алғашқы фестиваль. Фестивальдің мақсаты – отбасында да, қоғамда да білім мәдениетін қалыптастыру. Қазір отбасында білімнің орны аса жоғары емес.

Ата-ана баласының жоғары оқу орнына грантқа түскенін қалайды, сол үшін репетитор жалдайды. Бірақ нақты мақсатсыз білім алуға, оқуға түсуге көбісі мұлдем қызықпайды. Бұл түйіткілді мәселе, әсіресе Финляндия мен АҚШ туралы жоғарыда айтқанымды ескерсек,  сол елдерде жан-жақты білім алуға отбасында балалық шақтан бастап баулиды. PRO.NRG Fest – STEAM қолдаушыларының қауымдастығын дамытуға арналған құралдардың бірі.

– Фестиваль жағдайды қалай өзгертеді?

– Оның бірнеше міндеті бар, қазірдің өзінде соларды ойдағыдай орындап жатыр. Мысалы, ғылымды танымал етті, өйткені кейін осы тақырыпты басқа фестивальдер де іліп әкетті.

Осылайша елде STEAM білім беру мәдениеті қалыптасады. Егер 2020 жылы STEAM робототехникаға қатысты бірдеңе ретінде қабылданса, қазір мектеп, қоғам, жұмыс орны және бүкіл әлем арасында орнықты байланыстар тудыратын білім алу жолы деген түсінік бар. Сайып келгенде бүкіл әлемде экономикалардың бәсекеге қабілеттілігі артады.

– Отбасында білімге баулу өте маңызды дедіңіз. Бірақ балалар көп уақытын мектепте өткізеді ғой. Мұғалімдер арасында STEAM саласында жетістіктер бар ма?

2020 жылы төрт айда біздің STEAM курстары мен бағдарламаларына 189 мың мұғалім басынан аяғына дейін қатысты. Қазақстанда жалпы саны 300 мыңнан астам мұғалім бар, яғни жартысынан көбі STEAM бағдарламасына қызығушылық танытты. Біз сол туралы Ғылым және жоғары білім министрлігіне хабарладық, талқылауды бастадық, бірге жұмыс тобын құрдық, STEAM-ді дамытудың ұлттық жол картасын әзірлеуге кірістік. Оған 12 мың қатысушы кірді, олардың ішінде тоғыз мың адам белсенді қатысты. Олар мұғалімдер, ата-аналар, мектеп директорлары, министрлік пен квазимемлекеттік органдардың қызметкерлері болды. Біз барлық міндеттерді бірге талқылап, 2021 жылдың тамыз айында жол картасын бекіттік. Ол 2025 жылдың тамызына дейін қарастырылған. Жол картасы аясында көзделген барлық іс-шараларға «Шеврон» және ішінара ТШО қолдау көрсетеді.

Мұғалімдер туралы сұрағыңызға оралсақ, Қазақстанда STEAM бағдарламасын өз бетінше өзгертуге қабілетті мұғалімдердің қажетті саны дайындықтан өтті деп айта аламын, олар өте мықты. Оны 4 800 мұғалім күнделікті жұмысында пайдаланады, біздің материалдарды үнемі алып тұратын сегіз мыңға жуық мұғалім сұрақтарға жауап береді, зерттеулерге қатысады, 14 200 мұғалім STEAM дамуын сырттай бақылайды.

2022 жылы өткен бірінші PRO.NRG Fest фестиваліне шетелдік лекторлар шақырылды – ол кезде Қазақстанда пәнаралық білім беру бойынша өз мамандары болған жоқ. Бірақ сол кездің өзінде шетелдік және отандық спикерлердің арақатынасын 20%-ға 80% ету басты мақсат болып белгіленді. Ақыры соған жеттік. Биыл фестивальде небәрі екі-үш шетелдік болады, ал қалғандары бәсекеге қабілетті контент бере алатын жергілікті мұғалімдер. Тамаша. PRO.NRG Fest әдеттегідей Астанада 21 қыркүйекте EXPO Astana Халықаралық қаржы орталығының (AIFC) ғимаратында өтеді. Кіру тегін болады, қазір-ақ тіркелуге болады. Бұл –бүкіл отбасына арналған фестиваль, көптеген қызықты шаралар болады: Қазақстанның және дүние жүзінің түкпір-түкпірінен келген ғалымдардың дәрістері, интерактивті шоулар, шеберлік дәрістері, ғылым мен өнер тақырыбында көркемсурет көрмелері, бүкіл отбасына арналған ойындар мен байқаулар. Фестиваль туралы жаңалықтарды Instagram арқылы бақылап отыруға болады.

– Қазақстанда STEAM бойынша әрі қарайғы іс-қимылдар жоспары бар ма?

Бізде STEAM-ді өздері дамытуға дайын сарапшылардың саны жеткілікті екенін ескерсек, өзін-өзі реттеу үдерісі басталғанын анық түсінеміз. Ендігі міндетіміз – контентке көп араласпай, олардың бастамаларын тек гранттармен қолдап отыру. Қатысуымызды 20% деңгейінде қалдырған жөн, онда да негізінен кейбір күрделі тақырыптарды ұсынумен, шетелден бірегей спикерлерді әкелумен шектеледі, осылайша біздің сарапшылар ұмтыла алатын биік межелерді белгілейді.

Сонымен қатар біз аймақтарды дамыту кейстерін жүзеге асыруға көмектесетін STEAM құзыреттері орталығын құрғымыз келеді. Онда оқушылар, мұғалімдер, мұнай секторының және басқа да өнеркәсіп салаларының мамандары пәнаралық әдісті оқи-зерттей алады. Яғни климаттың өзгеруі, баламалы энергетика, ресурстарды сақтау, креативтік индустрияда жаңа бағыттар ашу және т.с.с. сияқты нақты мәселелерді шешу үшін кешенді білімді қолдану жолға қойылады.

Біздің елдің аумағы үлкен, әр аймақтың өзіндік экономикалық ерекшеліктері бар. Біз оқушылар, мұғалімдер, студенттер, сарапшылар қазірдің өзінде STEAM білімін нақты істерде қолданатын қоғамдастықтар құра бастаса дейміз. Бұл үлкен міндет, өйткені Орталық Азияда кез келген іс гибридтік форматта жасалуы тиіс, яғни шетелдік әдіс-тәсілдерді өз менталитетімізге бейімдеуіміз керек. Бірақ мұндай модельдер көптеген елдерде бар, олар, әрине, Қазақстанға қарағанда әлдеқайда көп қаржыландырылады. Уақыт өте келе демеушілері бар серік-зертханалар құрылып, бәлкім, мемлекет тарапынан да қолдау көрсетіледітн шығар деп ойлаймын.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Негізгі жаңалықтар

Логотип

Портал туралы

Ел мен әлем жаңалықтары!

© 2024 INFOZAKON. Барлық құқықтар сақталған.