Көбейсе басымыз – еселенер қалымыз
«Халқыңның ойла пайдасын»
Міржақып Дулатұлы
Жер шарын мекендеген 200-ден аса мемлекттердің территорияларымен салыстырғанда, Қазақстан жер аумағы бойынша 9-шы (2 724 900 км²) орынды алып отыра, айырықша деп саналатын құрметті 10 – тың санатына кірген. Әрине қуанарлық көрсеткіш. Сондықтан берекелі де мерекелі кең байтақ елімізді мақтан тұтамыз. Бірақ, еліміз 20 миллионнан сәл ғана асқан азаматтарының саны бойынша әлем мемлекеттері халықтары санынмен салыстырғанда 62-ші орында (оның ішінде қазақтардың саны 14,2 млн адам, немесе басқа халықтар санының 71 пайызын құрайды). Айта кетер болсақ, Жапония астанасы Токио қаласында 40 миллионға жуық халық тұрады: біздің мемлекетіміздің бүкіл халық санынан екі есе көп. Таңданарлық мәлімет! Қазақстандағы халықтың тығыздығы әлемдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі (7,5 адам/км²) болып саналады, сондықтан оған төменгі 184-ші орын еріксіз тиеслі болып тұр. Аталған салыстырмалы көрсеткіштерге Қазақстан мемлекеті аса мән беруі керек, ал халықымыздың санын өсіруге айырықша көңіл бөлу - болашағымыздың шынайы кепілі деп түсіну абзал.
Италия Республикасы 60 миллионға жуық халықы санымен әлем бойынша 71 орынды алып отыр (жері көлемі 301 340 км², әлем бойынша 72 орында). Қазақстанның территориясына 9 Италия сыйып кетеді екен. Осы көрсеткіштерге қарамай, Италия патриоттары халықтың өсімі өте төмен деп дабыл қағып жатыр. Тіпті католик шіркеуінің басшысы және бүкіл әлем бойынша 1,3 миллиард католиктерінің рухани жетекшісі Рим Папасы Франциск І-ші итальяндықтарды көп балалы болуға және оларды отбасында үй жануарларына алмастырмауға шақырды. Төмен туу көрсеткіші Италияның ең күрделі проблемаларының біріне айналды және билік бұл экономиканың күрт құлдырауына әкелуі мүмкін деп алаңдаушылық білдіреді. Жұырда понтифик Италиядағы демографиялық дағдарысқа арналған конференцияға қатысқанда, бір әйел сөмкесін ашып, одан «баласына бата беруін» сұраған. Байқаса, сөмкеде бала емес, кішкентай ит бар екен. «Қазір көп бала аштан өліп жатыр. Неге маған ит әкелесің?" - деп, Папа айырықша кейігенін білдірген. Понтифик өз сөзінде туу көрсеткішінің төмендеуі жастардың болашаққа деген сенімін жоғалтып, белгісіздікке бой алдыратынын меңзейтінін айтқан.
Рим Папасы Франциск І-ші Италиядағы демографиялақ дағдарысқа байланысты алаңдаушылығын білдіргендігіне сай италияндықтар осы өзекті мәселеге назарларын аударып, үлкен ықыласпен құп қабылдайтыны сөзсіз. Өйткені Рим Папасының беделі қашанда зор. Ал жер көлемін салыстырғанда Қазақстан Италиядан 9 есе үлкен, бірақ халық саны бойынша үш есе аз. Осы тұрғыда, біз алаңдайтын жайт аз емес, өйткені Еліміз ғаламат байтақ жерді алып жатса да, халқымыз өте аз, ал өсімі - өте төмен. Оған қоса, көптеген азаматтарымыз шегара асып шет мемлекеттеріне кетіп жатқанын еске алсақ, жалпы алғанда осылардың бәрі қынжынарлық жағдай. Халықымыздың жанұя «саясатына» байланысты тұрмысындағы ертеден қалыптасқан дәстүріне сай бір шаңырақта көбіне 2-кі бала (бірі ұл, бірі қыз), тіпті бір-ақ бала кезігетінін көзімізбен көріп жүрміз. Әрине, олардың амандығын берсін, бірақ бұл «дәстүрмен» халықтың өсімі болмайды. Сонымен қатар, күннен - күнге жасөспірім қыздар мен әйелдердің оқуға деген ынтасы мен білімінің деңгейі өсіп келеді, бұл олардың перзенттерді дүниеге әкеуді кейінге қалдырудың елеулі себептерінің бірі болып табылады. Оқыған аналардың жасы ұлғайған сайын, көп балалы болу ықтималдығы да төмендейді. Білім денгейі биік әйелдер өздерінің рухани еркіндігі мен биік санатын аңғарғандықтары, соған сай іс-әрекет жасайтындықтары анық байқалады. Көбіне осыған байланысты олар нәрестелерді дүниеге әкелу, не әкелмеу мәселесін өздерінің шешімдеріне бағындырады. Бұның салдарынан қыз-келіншектер бірінші баланы дүниеге әкелуді кейінге қалдырады. Ал ғалымдардың зертеулеріне қарағанда әйелдер денсаулығы үшін ең жақсы репродуктивті жылдар 18 пен 25 жас аралығы болып саналады. Осы жас аралығындағы жүкті болған әйелдердің балаларының да денсаулығы жақсы болады екен. Ұлы Абай атамыз: «Адамның бір қызығы бала деген» деп бекер айтпаған. Сол қызықты уақытымен сезінуді кешіктірмеген жөн. Ал Қазақстанда соңғы жылдары босанатын әйелдің жасы 25-тен 29-ға дейін ұлғайған. Әлбетте, аталған құбылыс әрқашан отбасы санының қысқаруымен бірге жүретін урбанизацияның қарқынды процесімен де байланысты. Сондықтан, қалаларда балабақшалардың санын мейлінше көбейтіп, көп балалы жанұяларға арналған көпбөлмелі пәтерлерді салуды кешіктрмей қолға алу дұрыс болар еді. Бұл жағдайлар Үкіметімізді күрт ойландырып, халықымыздың өсімін көбейтуге бағытталған ауқымды шараларды іске асыратынын үміт етеміз. Әрине, бұрыннан Қазақстанда көпбалалы отбасыларды қолдаудың ауқымды жоспары іске қосылған. Олардың қатарында мемлекет тарапынан жасалатын жәрдемақылар, әлеуметтік төлемдер, жұмыспен қамту шаралары, салық салу жеңілдіктері қамтылған. Бірақ, бұл шараларды жан-жақты жетілдіру мен көбейту мақсаттары ойдан шығарылмауы абзал.
Айырықша атап өтер болсақ, көбіне көпбалалы отбасының балалары мейірімді, бауырмал, тәрбиелі, көпшіл, өмірдің қиыншылықтарына төзімді, қоғам және заман талаптарына бейімді болып келеді. Әрине, бұл қауым құптарлық жағымды ерекшеліктер.
Кейінгі мәліметтерге қарағанда, Қазақстанда 2752 мешіт, 5 мыңнан астам имам бар екен. Осыған орай, халықымыздың аздығы мен өсімінің төмендігі еліміздің Алланың түзу ақжолына қараған, имандылықты ұстанған имамдар мен моллаларды алаңдата ма?! Олар қалың халықтың алдында тұрып, Ислам дінін уағыздаумен қатар, Мұхаммед пайғамбар өзінің хадисінде: «Үйленіңдер, көбейіңдер, өйткені қиямет күні мен басқа жамағаттардың алдында сендерді мақтан тұтамын» деп жар салғанын естерінде ұстай ма екен? Қазақстан имамдары мен моллалары Еліміздегі көңілімізді құлазытар демографиялық ахуалға назар аударып, Рим Папасы Франциск І-шінің дабылын үлгі етіп, қазақтың әр шаңырағының көпалалы болуының Алла тағалаға жағымды, мемлекетке тиімді екенін жамағатқа жолдайтын уағыздарына әрдайым қосса, аса үлкен қайырлы іс болар еді. Халқымыздың саны көп болса, қазіргі анталаған дұшпандарымыз (Е.Федоров, А.Луговой тәрізділері мен басқалары) қаймығады, байтақ жерімізге қанша көз тігіп, қызықса да, тартып алуға жүректері дауаламайтын болады.
Ал енді, осы күрделі демография мәселелері төңірегіндегі ой-пайымымызды көрші де бауырлас Өзбекстанды үлгі ете, салыстырмалы ақпараттарға көңіл бөлейік. 2024 жылдың мамыр айындағы ақпарат бойынша Өзбекстан Республикасының халқы 37 миллион дерлік адамды құрап тұр. Қызығарлық керемет көрсеткіш. Бұл Еліміздегі қазақтар санынан 3 есеге жуық көп. Дегенмен осы көрсеткішке таңырқағанымызбен, келмеске кеткен Кеңестік Социалистік Республикалар Одағындағы 1926 жылғы Бүкілодақтық халық санағы бойынша КСРО-да 3 968 289 қазақ, 3 475 340 өзбек азаматы есепке кірген. Демек, ол кезде қазақ өзбектерден 492 949 адамға көп болған. Ал қазіргі жағдайда, Өзбекстан абсолютті демографиялық өсім бойынша Орталық Азия елдері арасында көш бастап тұр. Әсіресе, қыстақ (өзбекше «qishloq») тұрғындары ұстаған әлеуметтік дәстүрлі ата салтына сүйенген қағидаларына сай құралған түсінік бойынша мүшелері мол (көбіне, әр шаңырақта 10 баладан) үлкен жанұя өзбек санының өсуі мен көптігі статистикасын айтарлықтай жақсартады және бұл үрдіс күшті демографиялық серпін беріп келе жатқаны айқын. Сонымен қоса, өзбек халықының менталитетіне сай, бойжеткен қыздардың ұғымдық ұстанымдары бойынша, 18-ге жеткен олар уақтылы тұрмысқа шықпуы «ұят» саналады екен. Бұл ой-мақсат олардың жанұяға деген құрметін, ыстық ықыласы мен балаларды өсіруге бағытталған ынталарын білдіреді. Өте тамаша! Осындай жағымды талпыныс оларға әке-шешелерінің жастайынан қалыптастырған тәрбиесінің нәтижесі. Халықтың санын өсіруге бұл жағдай да үлкен ықпал ететіні анық. Өзбек халықының игілікті атадәстүрлері мемлекет азаматтарының санының өсуіне үлкен ықпал етіп отырғаны анық.
Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2000 жылғы 17 тамыздағы № 1272 қаулысымен мақұлданған Қазақстан Республикасы мемлекеттік демографиялық саясатының тұжырымдамасында: «Демографиялық саясаттың мақсаты - демографиялық процестердегi жағымсыз тенденцияларды жою, құлдырап азаюды болдырмау, ел дамуының ұзақ мерзiмдi стратегиясына сәйкес халықтың сандық және сапалық өсуiн қамтамасыз ету» - деп көрсетілген. Осыған орай, демографиялық саясатты iске асыру кезiнде мемлекеттiк өкiмет органдарының алдында халықтың өсiп-өнумен қоса олардың денсаулық жағдайын жақсарту, өмiрдiң ұзақтығын ұлғайту, тууды тұрақтандыру және халықты ұдайы көбейтудi арттыру, отбасының тыныс-тiршiлiгi жағдайын жақсарту және нығайту, экологиялық зiлзаланың жағымсыз зардаптарымен күресу мiндеттері қойылған. Сонымен, қолданыстағы заңда мемлекет қызметкерлерінің құзыретіне сай осындай игілікті істерді жүзеге асыру шаралары жауапты парыз ретінде белгіленген.
Түркі халқының ұлы ойшыл ақыны Әлішер Науаи ұрпақтарға мынадай мәні мен тәлімі маңызды өлең шумақтарын қалдырып кеткен: «Өз халқының қамын жеп,/Қайрат қылмас кісіні,/-Атамаңыз адам деп,/ Ұқсаса да мүсіні». Жігерімізді ұлт мүддесіне жұмылдырайық, ағайын!
Нақыпбек Садуақастегі, заңгер-құқықтанушы, публицист
[xfvalue_img]