Халықымызды көбейту - болашағымыздың кепілі
«Халқыңның ойла пайдасын»
Міржақып Дулатұлы
Жер шарын мекендеген 200-ден аса мемлекттердің территорияларымен салыстырғанда, Қазақстан жер аумағы бойынша 9-шы (2 724 900 км²) орынды алып отыра, құрметті деп саналатын 10 – тың санатына кірген. Әрине қуанарлық жайт. Сондықтан берекелі де мерекелі кең байтақ елімізді мақтан тұтамыз. Бірақ, Еліміз 20 миллионнан сәл ғана асқан азаматтарының саны бойынша әлем мемлекеттері халықтары санынмен салыстырғанда 62-ші орында (оның ішінде қазақтардың саны 13,4 млн адам, немесе басқа халықтар санының 70,7 пайызын құрайды). Айта кетер болсақ, Жапония астанасы Токио қаласында 40 миллионға жуық халық тұрады: біздің мемлекетіміздің бүкіл халық санынан екі есе көп. Таңданарлық мәлімет! Қазақстандағы халықтың тығыздығы әлемдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі (7,5 адам/км²) болып саналады, сондықтан оған төменгі 184-ші орын еріксіз тиеслі болып тұр. Өкінішке орай айтар болсақ, аталған салыстырмалы көрсеткіштерге Қазақстан мемлекеті аса мән бермей келе деуге болады, ал оның халықымыздың санын өсіруге айырықша ынта білдіріп отырғанын байқамаймыз.
Италия Республикасы 60 миллионға жуық халықы санымен әлем бойынша 71 орынды алып отыр (жері көлемі 301 340 км², әлем бойынша 72 орында). Қазақстанның территориясына 9 Италия сыйып кетеді екен. Осы көрсеткіштерге қарамай, Италия патриоттары халықтың өсімі өте төмен деп дабыл қағып жатыр. Тіпті католик шіркеуінің басшысы және бүкіл әлем бойынша 1,3 миллиард католиктерінің рухани жетекшісі Рим Папасы Франциск І-ші итальяндықтарды көп балалы болуға және оларды отбасында үй жануарларына алмастырмауға шақырды. Төмен туу көрсеткіші Италияның ең күрделі проблемаларының біріне айналды және билік бұл экономиканың күрт құлдырауына әкелуі мүмкін деп алаңдаушылық білдіреді. Жұырда понтифик Италиядағы демографиялық дағдарысқа арналған конференцияға қатысқанда, бір әйел сөмкесін ашып, одан «баласына бата беруін» сұраған. Байқаса, сөмкеде бала емес, кішкентай ит бар екен. «Қазір көп бала аштан өліп жатыр. Неге маған ит әкелесің?", - деп, Папа кейігенін білдірген. Понтифик өз сөзінде туу көрсеткішінің төмендеуі жастардың болашаққа деген сенімін жоғалтып, белгісіздікке бой алдыратынын меңзейтінін айтқан.
Рим Папасы Франциск І-ші Италиядағы демографиялақ дағдарысқа байланысты алаңдаушылығын білдіргендігіне сай италияндықтар осы өзекті мәселеге назарларын аударып, үлкен ықыласпен құп қабылдайтыны сөзсіз. Өйткені Рим Папасының беделі қашанда зор. Ал жер көлемін салыстырғанда Қазақстан Италиядан 9 есе үлкен, бірақ халық саны бойынша үш есе аз. Осы тұрғыда, біз алаңдайтын жайт аз емес, өйткені Еліміз ғаламат байтақ жерді алып жатса да, халқымыз өте аз, ал өсімі - өте төмен. Оған қоса, көптеген азаматтарымыз шегара асып шет мемлекеттеріне кетіп жатқанын еске алсақ, жалпы алғанда осылардың бәрі қынжынарлық жағдай. Халықымыздың жанұя «саясатына» байланысты тұрмысындағы ертеден қалыптасқан «госстандарт» (бұл мақала автордың мысқыл ретінде пайдаланған термині) шартына сай бір шаңырақта көбіне 2-ақ бала ( бірі ұл, бірі қыз) кезігетінін көзімізбен көріп жүрміз. Әрине, олардың амандығын берсін, бірақ бұл «саясатпен» халықтың өсімі болмайды. Сонымен қатар, күннен - күнге жасөспірім қыздар мен әйелдердің оқуға деген ынтасы мен білімінің деңгейі өсіп келеді, бұл олардың перзенттерді дүниеге әкеуді кейінге қалдырудың елеулі себептерінің бірі болып табылады. Оқыған аналардың жасы ұлғайған сайын, көп балалы болу ықтималдығы да төмендейді. Білім денгейі биік әйелдер өздерінің рухани еркіндігі мен биік санатын аңғарғандықтары, соған сай іс-әрекет жасайтындықтары анық байқалады. Көбіне осыған байланысты олар нәрестелерді дүниеге әкелу, не әкелмеу мәселесін өздерінің шешімдеріне бағындырады. Бұның салдарынан қыз-келіншектер бірінші баланы дүниеге әкелуді кейінге қалдырады. Ал ғалымдардың зертеулеріне қарағанда әйелдер денсаулығы үшін ең жақсы репродуктивті жылдар 18 пен 25 жас аралығы болып саналады. Осы жас аралығындағы жүкті болған әйелдердің балаларының да денсаулығы жақсы болады екен. Ұлы Абай атамыз: «Адамның бір қызығы бала деген» деп бекер айтпаған. Сол қызықты уақытымен сезінуді кешіктірмеген жөн. Ал Қазақстанда соңғы жылдары босанатын әйелдің жасы 25-тен 29-ға дейін ұлғайған. Әрине, аталған құбылыс әрқашан отбасы санының қысқаруымен бірге жүретін урбанизацияның қарқынды процесімен де байланысты. Сондықтан, қалаларда балабақшалардың санын мейлінше көбейтіп, көп балалы жанұяларға арналған көпбөлмелі пәтерлерді салуды кешіктрмей қолға алу абзал. Бұл жағдайлар Үкіметімізді күрт ойландырып, халықымыздың өсімін көбейтуге бағытталған ауқымды шараларды іске асыратынын үміт етеміз.
Кейінгі мәліметтерге қарағанда, Қазақстанда 2752 мешіт, 5 мыңнан астам имам бар екен. Осыған орай, халықымыздың аздығы мен өсімінің төмендігі еліміздің Алланың түзу ақжолына қараған, имандылықты ұстанған имамдар мен моллаларды алаңдата ма?! Олар қалың халықтың алдында тұрып, Ислам дінін уағыздаумен қатар, Мұхаммед пайғамбар өзінің хадисінде: «Үйленіңдер, көбейіңдер, өйткені қиямет күні мен басқа жамағаттардың алдында сендерді мақтан тұтамын» деп жар салғанын естерінде ұстай ма екен? Қазақстан имамдары мен моллалары Еліміздегі көңілімізді құлазытар демографиялық ахуалға назар аударып, Рим Папасы Франциск І-шінің дабылын үлгі етіп, қазақтың әр шаңырағының көпалалы болуының Алла тағалаға жағымды, мемлекетке тиімді екенін жамағатқа жолдайтын уағыздарына әрдайым қосса, аса үлкен қайырлы іс болар еді. Халқымыздың саны көп болса, қазіргі анталаған дұшпандарымыз (Е.Федоров, А.Луговой тәрізділері мен басқалары) қаймығады, байтақ жерімізге қанша көз тігіп, қызықса да, тартып алуға жүректері дауаламайтын болады.
Ал енді, осы күрделі демография мәселелері төңірегіндегі ой-пайымымызды көрші де бауырлас Өзбекстанды үлгі ете, салыстырмалы ақпараттарға көңіл бөлейік. 2024 жылдың мамыр айындағы ақпарат бойынша Өзбекстан Республикасының халқы 37 миллион дерлік адамды құрап тұр. Қызығарлық керемет көрсеткіш. Бұл Еліміздегі қазақтар санынан 3 есеге жуық көп. Дегенмен осы көрсеткішке таңырқағанымызбен, келмеске кеткен Кеңестік Социалистік Республикалар Одағындағы 1926 жылғы Бүкілодақтық халық санағы бойынша КСРО-да 3 968 289 қазақ, 3 475 340 өзбек азаматы есепке кірген. Демек, ол кезде қазақ өзбектерден 492 949 адамға көп болған. Ал қазіргі жағдайда, Өзбекстан абсолютті демографиялық өсім бойынша Орталық Азия елдері арасында көш бастап тұр. Әсіресе, қыстақ (өзбекше «qishloqlik») тұрғындары ұстаған әлеуметтік дәстүрлі ата салтына сүйенген қағидаларына сай құралған түсінік бойынша мүшелері мол үлкен жанұя өзбек санының өсуі мен көптігі статистикасын айтарлықтай жақсартады және бұл үрдіс күшті демографиялық серпін беріп келе жатқаны айқын. Сонымен қоса, өзбек халықының менталитетіне сай, бойжеткен қыздардың ұғымдық ұстанымдары бойынша, 18-ге жеткен олар уақтылы тұрмысқа шықпуы «ұят» саналады екен. Бұл ой-мақсат олардың жанұяға деген құрметін, ыстық ықыласы мен балаларды өсіруге бағытталған ынталарын білдіреді. Өте тамаша! Осындай жағымды талпыныс оларға әке-шешелерінің жастайынан қалыптастырған тәрбиесінің нәтижесі. Ертеде менімен пікірлескен Нәсір есімді ұлты өзбек аспирантының айтуы бойынша, оның жерлестерінің көбісінің түсінігі бойынша, орта мектепті жаңа ғана бітіріп, оқуын әрі қарай жалғастырмаған жас қыздар бағалы саналып, қалыңмалы қымбат болса да, соларға үйленуге тырысады екен. Халықтың санын өсіруге бұл жағдай да үлкен ықпал ететіні анық. Өзбек халықының игілікті дәстүрлері мемлекет азаматтарының санының өсуіне үлкен ықпал етіп отыр.
Түркі халқының ұлы ойшыл ақыны Әлішер Науаи ұрпақтарға мынадай мәні мен тәлімі маңызды өлең шумақтарын қалдырып кеткен: «Өз халқының қамын жеп,/Қайрат қылмас кісіні,/-Атамаңыз адам деп,/ Ұқсаса да мүсіні». Жігерімізді ұлт мүддесіне жұмылдырайық, ағайын!
Нақыпбек Садуақастегі, заңгер-құқықтанушы, публицист
[xfvalue_img]