Жаңа Қазақстанға – жаңа Елтаңба!
Егер ісім өнсін десең - ретін тап
Абай
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында былай деген болатын: "Ал Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек. Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады".
Бұл уақтылы дұыс өте ұсынысқа толығымен қосылатынымды білдіре отыра, ертеден көңілімде жүрген ойларды қоғамның назарына аударуды жөн көріп отырмын. Еліміздің Елтаңбасына байланысты қысқаша естеліктен бастайын. 1992 жылы мен Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінде Құқықтық ақпарат тобының жетекшісі қызметінде істеп жүрген кезім еді. Кейде халық қалаулары -депутаттармен жолығып қалғанда, пікірлесетін кездер болатын. Сол кезеңде депутаттар Елтаңбаның әртүрлі жобаларын талқылап, таңдалған соңғы нұсқаны қабылдау кезеңі еді. Ол нұсқамен мен де таныс болдым. Бірақ көп нәрселері көңілімнен шықпады. Оларды жадымда түйіп жүрдім. Бірде депутаттар отырыс залынан үзіліске шықты. Мен білгілі жазушы, депутат Шерхан Мұртазаның жанына барып: «Шераға, Елтаңбаның жобасының бетіндегі қанатты тұлпарлардың төбесіне орнатылған мүйіздер жақсы ырымға сай келмейді. Жылқы тектес жануарлардың төбесіне ешқашан мүйіз шыққан емес. Дұшпандар келеке етіп, бұл ат емес, теке (козел) демей ме? Әлемде қалыптасқан түсінік бойынша қай пенденің болсын төбесіне «орныққан» мүйіздің мәні теріс, оның астарына қарай келеке-күлкі ұғым береді емес пе? Бұл ұсынысқа сіз неге қарсы шықпадыңыз?» - деген сауал қойдым. « - Мен қарсы болдым, - деді Шерағаң - бірақ депутаттардың басым көпшілігі бұл жобаны қолдады. Сондықтан енді кеш, жоба бекиді». Мен қатты өкіндім. Кейіндері Елтаңбаның авторларының бірі Жандарбек Мәлібековтың естелігі бойынша білгенім, Республика Президенті Н.Назарбаев оның жанына келіп: «Тұлпарлардың төбесіне мүйіздерді орнықтыр» деген екен. Ел басшысының сөзіне кім қарсы шығады, Ж.Мәлібеков тапсырманы орындауға мәжбүр болыпты.
Енді осы «мүйізделгенпенде» (орысша - рогоносец) сөзіне байланысыты әлемдік қауымның түсінігінің астарын аша кетейін. «РОГОНОСЕЦ, -сца, м. (разг. шутл.). Муж, к-рому изменяет жена.»(С.И. Ожегов. Словарь русского языка. М., 1973, стр.628) – Мүйізделгенпенде - Әйелінің «теріс жүрісінен» қапы қалған күйеуінің сырт көз келемеж балама атауы). Жалпы алғанда, алданған, алдауға көнген пенде. Осыған орай, Қазақстанның Тәуелсіздік алған уақытынан бастап 30 жыл бойы еліміз талай алдану кезеңінен өткені туралы қоғамда сын пікірлер айтылып жүргені халыққа аян. Ел ауызында «Кемені қалай атасаң, солай жүзеді» деген нақыл сөз бар. Мақалдың мағынасы - кеменің атауы (мемлекетіміздің Елтаңбасы орайында) немесе адамның есімі оның өміріндегі оқиғаларға да әсер ететіндігі табиғи заңдылығы. Заттар атауы мен адамның аты һақындағы жағдаяттар - олардың өмірі мен тағдырында болып жатқан оқиғалар арасында белгілі бір құпия үйлесімділік. Бұл бір.
Екінші, жалпы алғанда, жолға шығарда екі ат бірге, бір бағытқа жегіледі. Сонда ғана көлік (символикалық елес-ұғым бойынша - мемлекет) алға жүреді. Ал Елтаңба бетіндегі пырақ-тұлпарлардың шаңыраққа артын беріп, теріс қарап, оны екі жаққа тартып тұрғаны да жақсылықтың нышаны емес. Қазақи ауыз екі сөзі бойынша бұндайды «терісбаққандар», «теріс азулылар», «теріс айналғандар» дейді.
Үшінші, Елтаңбадағы шаңырақ дұрыс орнықтырылмаған. Ол Елтаңба композициясында адамның басына киілген бөркіне немесе тақияға ұқсас орнықтырылуы керек еді. Сонда ғана дұрыс көрініс пен сәйкестік ұғым туар еді. Ал қазіргі бейнеде, пырақ-тұлпарларды бүйірінен көреміз, бірақ шаңыраққа келгенде, оның астынан қарап тұрғандаймыз. Сондықтан, бейнеде ой-пайым мақсаты мен бірбеткей бүтін көріністі туғызатындай композициялық құрылымның тұтастығы мен негізгі қасиеттерінің сақталуын қамтамасыз ететін байланыстар сәкестігі жоқ.
Төртінші, қазақта бір пенденің екінші пендеге айбат шегіп, оған қатулана сес көрсеткенде: Шаңырағыңды аударып, ортаңа түсрейін бе, осы - дейді. Ал қарғыстың бір түрі: Шаңырағың ортаңа түскір, патшағар. Елтаңбада шаңырақ аударылып түскендей көрніс беріп тұр.
Бесінші, шаңырақтың ортасындағы күлдіреуіштері «+» - крест(кірес) немесе «X»-(икс) тәріздес математикалық символдарды еске түсіріп тұр. Бұлар да теріс түсінік беретін көріністер. Мысалы, «+» (крес) христиан дінінің аса қасиетті заты, құрметтейтін құнды символы. Сонымен қатар, орысша «поставить крест» (крест қою) фразеологиялық тіркесі орыс тілінде кең таралған және танымал. Крест түріндегі белгінің тура мағынасы - бір нәрсенің түпкілікті жойылуын, тоқтатылуын немесе бір мақсаттан түбегейлі бас тартуды білдіреді. Сонымен қатар, ол әдетте негізсіз болып шыққан немесе теріс салдарға әкелген идеяларға, жоспарларға, үміттерге, қарым-қатынастарға байланысты қолданылады. «Х» таңбасының мәдениет пен өнерде де символдық мәні бар. Ол белгісізді, жұмбақты бейнелей алады. Әдебиетте «Х» таңбасы жиі белгісіз тұлғаны немесе нұсқаны көрсету үшін қолданылады. Мысалы, «х-фактор»- белгісіз факторды немесе анықтау қиын факторды білдіреді.
Қазіргі Елтаңбаның бетіндегі аталған символдар нені меңзеп тұрғанын көзі қырағы, жалпы оқыған-тоқығаны ауқымды, сыни көзқарасы ұшқыр, ұғымпаз жанға түсінікті болатыны айдан айқын.
Жаңа Елтаңбаның жобасын жасаушыларға ұсыныс ретінде айтарым, ол мүлдем жаңа сипатта жасалуы абзал. Бұрынғы Елтаңбаның үлгісі есепке алынбағаны дұрыс болады. Халықымызға деген жақсылығы мол Жаңа Қазақстанға - Еліміздің жарқын болашағына баланатын жаңа құтты Елтаңба бұйырсын!
Нақыпбек Садуақастегі, заңгер-құқықтанушы, публицист
[xfvalue_img]