Республика күні
25 қазан – Республика күні!
Биылғы жылы Республика күні елімізде ұлттық мереке ретінде екінші мәрте аталуда.
2022 жылдың 16 шілдесінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың отырысында Республика күні мерекесін қайта атап өтуді ұсынды. «Республика күнін қайтарудың маңызы зор. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек»,- деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. 2022 жылдың 29 қыркүйегінде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілерінде кинематография, мәденет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойған еді. Аталған заңға сәйкес Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылды.
Тарихқа үңілсек, 1990 жылдың 25 қазаны еліміз үшін ерекше күн. Бұл күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен тарихи құжат, яғни «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының егемендігі туралы» Декларациясы қабылданды. Қабылданған Декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналды.
Республика күні 1995 жылдың қазан айынан бастап ұлттық мереке мәртебесінде тойланып, 2001 жылы 13 желтоқсанда мемлекеттік мерекелер қатарына енген Республика күні 2009 жылы 22 сәуірде Президенттің бұйрығымен ол статусынан айырылды. Осылайша, Республика күні мемлекеттік мейрам қатарынан алынып тасталды. Тарихи сәт! Өткен 2022 жылы араға 13 жыл салып, Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылды.
Данара Уразаева
Орал қаласының мамандандырылған
тергеу соты әкімшісінің жетекші маманы
[xfvalue_img]