Елімізде өндірілетін минералды ресурстардың пайдасын халық көруі керек — Марат ҚАРАБАЕВ
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев еліміздегі шет мемлекеттердің елшілерімен кездесіп, ведомствоның құзырындағы салалар бойынша өзара ынтымақтастықты дамытудың жолдарын талқылады.
Мәселен, тараптар өнеркәсіп және жер қойнауын пайдалану саласындағы әріптестікті нығайту мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ аталған бағыттарға сәйкес Қазақстанға инвестиция тартудың мүмкіндіктері пысықталды. Әсіресе ведомство басшысы биыл министрлік қатты пайдалы қазбалардың 25 кен орны бойынша жер қойнауын пайдалануға құқық беретін аукционды өткізетінін жеткізіп, оның онлайн форматта ұйымдастырылатынына баса назар аударды.
«Аталған аукцион онлайн режімде, яғни ашық түрде өткізіледі. Оған еліміз бен шетелдік инвесторлар қатыса алады. Жер қойнауын игеретін инвесторларға қойылатын басты талаптардың бірі – өндірілетін минералды ресурстар халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізуі тиіс. Демек, бірінші кезекте жаңадан ашылатын өндіріс орындарында жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылуы қажет. Екіншіден, сол халықтың пікірін ескеріп, жергілікті әлеуметтік мәселелердің шешілуіне атсалысуы керек», деді Марат Кәрімжанұлы.
Сондай-ақ министр аукционға қойылатын пайдалы қазбаларға байланысты шағын ақпараттық материалдар дайындалғанын айтты. Бұл арқылы әлеуетті жер қойнауын пайдаланушы кез келген кен орнына қатысты мәліметпен танысып, соған сәйкес өзіне қажетті лотқа қатыса алады. Аталған ашық сауданың артықшылығы – адами фактордың орын алуына жол бермейді.
Кездесудің соңында тараптар іскерлік әңгімеге ризашылықтарын жеткізіп, экономикалық қарым-қатынасты одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.
ҚР ИИДМ баспасөз қызметі
[xfvalue_img]