Қазақстан мен Жапонияның арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Жапонияның Парламенттік сыртқы істер вице-министрі Йошикава Юумимен кездесіп, екі елдің арасындағы экономикалық әріптестіктің перспективасын талқылады.
Ведомство басшысы еліміздің экономикасына инвестиция тарту үшін Жапонияның ірі бизнесімен әріптестік байланысты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Бұған қоса тараптар таяу арада үкіметаралық комиссияның отырысын өткізуге байланысты нақты мерзімді белгілеуге уағдаласты.
Аталған кездесуде биыл Токио қаласында өткізілуі тиіс экономикалық ынтымақтастық жөніндегі екі елдің үкіметтік және жеке сектордың Қазақстан-Жапония бірлескен комиссиясының VIII отырысына қатысты мәселелер де қаралды.
«Жапония Қазақстанның ірі экономикалық серіктестерінің бірі саналады. Үкіметаралық комиссияның VIII отырысы Қазақстан-Жапония Экономикалық ынтымақтастық комитетінің XVII бірлескен отырысымен біріктірілетін болады. Бұл ретте бірлескен комиссияның қызметі аясында сауда-инвестициялық бағыттағы ынтымақтастықты, автомобиль өндірісі, электроника және электротехника саласындағы тәжірибемен алмасуды, сондай-ақ жасыл технологиялар бағытындағы әріптестікті кеңейту мен ақпараттық технологиялар және электронды өнеркәсіп сегментіндегі стартаптарды дамыту мәселелерін қарастыруды ұсынамыз», деді Марат Қарабаев.
Осы орайда қазақстандық тарап аталған басқосуды сәтті өткізуге қол ұшын беруге дайын екендерін жеткізді.
Үкіметаралық комиссияның отырысын өткізу форматын талқылау мен оны бірлесіп іске асыру мақсатында жобалар пулын айқындау үшін М.Қарабаев осы үкіметаралық комиссияның тең төрағасы, Жапонияның Экономика, сауда және өнеркәсіп министрінің орынбасары Хирай Хирохидемен онлайн форматта кездесу ұйымдастыруды ұсынды.
Өз кезегінде Йошикава Юуми қазақстандық әріптесінің ұсыныстарын қолдайтынын айтып, бұл туралы Жапонияның Экономика, сауда және өнеркәсіп министрлігінің басшылығына жеткізетініне уәде етті. Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар іскерлік әңгімеге ризашылықтарын білдіріп, екі елдің қарым-қатынасын одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.
ҚР ИИДМ баспасөз қызметі
[xfvalue_img]