РҮК отырысы: ҚРКФ төрағасы жұмысшылардың табысы мен өмір сүру сапасын арттыру бойынша ұсыныстар жасады

РҮК отырысы: ҚРКФ төрағасы жұмысшылардың табысы мен өмір сүру сапасын арттыру бойынша ұсыныстар жасады

  Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен бейнеконференцбайланысы арқылы Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның отырысы өтті.

Кездесу барысында әлеуметтік әріптестер еңбек қатынастарын реттеу мәселелерін, «Теңізшевройл» ЖШС-нің жұмыстан босатылған жұмысшыларын жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету шараларын талқылады, сондай-ақ Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасы қаралды.

Отырыс барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин еңбекақы жүйесін заңнамалық деңгейде сапалық жағынан жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар айтты.

«Кәсіподақтар федерациясы қоғамның әділеттілікке деген сұранысын айтарлықтай дәрежеде қанағаттандыратын, сондай-ақ халықтың нақты табысын арттыру үшін жағдай жасауға мүмкіндік беретін бірқатар жүйелі шараларды ұсынып отыр», - деді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Ол, ең алдымен, еңбекақы жүйесін анықтау механизмін қайта қарау қажеттігін атап өтті.

«ҚР Еңбек кодексінің 107-бабына сәйкес қызметкердің жалақысы еңбек шартының, ұжымдық шарттардың және жұмыс берушінің актілерінің жағдайларымен айқындалатын жұмыс берушідегі қолданыстағы еңбекке ақы төлеу жүйелеріне сәйкес еңбек шартында белгіленеді. Ұжымдық шарттарда еңбекке ақы төлеу жүйесі және жұмыс берушінің актілері туралы ережелер қамтылуы тиіс болғанымен, іс жүзінде бұл механизм тиімсіз. Бұл жағдайдың негізгі себебі жұмыс берушінің қызметкерге ықпалы және кәсіподақ ұйымдары болмаған жерде жасалған ұжымдық шарттардың декларативті сипаты болып табылады», - деді Сатыбалды Дәулеталин.

Бұл ретте ҚРКФ төрағасы елімізде жасалған 154 635 ұжымдық шарттың тек 25-30 мыңға жуығына кәсіподақтар қол қойғанын еске салды. Оның айтуынша, қалған 129 000 келісімшарттың мазмұны сұрақ тудырады.

«Қызметкерлерге жұмыс берушінің еңбекақы төлеуге қатысты қабылдаған шешімдеріне ықпал ету механизмін жасау үшін ҚР Еңбек кодексінің 107-бабына жұмысшылар өкілдерінің пікірін ескере отырып, еңбекке ақы төлеу жүйесін айқындайтын жұмыс берушінің актілерін шығаруды қарастыратын толықтырулар енгізуді ұсынамыз», - деді Сатыбалды Дәулеталин.

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы еңбекақыны уақтылы төлеуді қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аударды.

Ол жұмыс беруші еңбекақыны төлеу бойынша өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда жұмысшының өз жұмысын тоқтата тұру құқығын заңнамалық деңгейде қарастыруды ұсынды.

«Еңбекке ақы алу құқығының конституциялық қамтамасыз етілуіне қарамастан, жалақы бойынша берешек мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 113-бабына сәйкес жұмыс беруші жалақыны толық көлемде және белгіленген мерзімдерде төлемеген кезде әкімшілік жауапкершілікке тартылады және жұмыскерге берешек және төлем кідіртілген кезең үшін өсімпұл төлеуге міндетті. Бұл ретте жұмыскерге жұмыс берушіге қандай да бір ықпал ету мүмкіндігінсіз тек уақтылы және толық көлемде жалақысын алу құқығы ғана қамтамасыз етіледі. Осыған байланысты  жұмысшыға кешіктірілген сома мен өсімпұлды төлегенге дейін жұмысты тоқтата тұру және бүкіл мерзімге жұмыс орнында болмау құқығын заңмен бекіту ұсынылады. Бұл нормадан ерекшелік ретінде соғыс жағдайы мен төтенше жағдай енгізу, халықтың өмірін қамтамасыз етуді ұйымдастыру және т.б. жағдайларды қарастыру қажет», - деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.

Сонымен қатар, ол ХЕҰ-ның №173 «Жұмыс берушінің төлем қабілетсіздігі жағдайында еңбеккерлердің талаптарын қорғау туралы» конвенциясын толық көлемде ратификациялауды ұсынды.

«Яғни, кезектілік басымдығын белгілеу нормасынан ғана емес, сонымен қатар жұмыс берушінің төлем қабілетсіздігі жағдайында қызметкерлерді жалақысын жоғалтудан сақтандыру арқылы да», - деп нақтылады Сатыбалды Дәулеталин.

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы жалақыны индекстеу бойынша шаралар кешенін де атап өтті. Кәсіподақтар ең төменгі жалақыны жыл сайынғы міндетті индекстеуді енгізуді, сондай-ақ экономикада жалақыны индекстеу тәртібі мен мерзімдерін реттеуді ұсынып отыр.

«Ең төменгі жалақы 42 500 теңгеге дейін көтерілгеннен кейін және қазір оның 60 000 теңгеге дейін көтерілуімен ең төменгі жалақыны индекстеу мәселесі шешілген жоқ. Сондай-ақ, іс жүзінде, көп жағдайда жалпы экономикада  жалақыны индекстеу мәселесі ашық күйінде қалып отыр. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 157-бабының 2-тармағы 2) тармақшасына сәйкес ұжымдық шартқа жалақыны индекстеу тәртібін енгізу міндетті ереже емес, тек мүмкіндік болып табылады. Осыған байланысты Кәсіподақтар федерациясы ағымдағы күнтізбелік жыл бойынша тұтыну бағасының жылдық индексінің есептік мәні бойынша ең төменгі жалақыны жыл сайынғы индекстеу  нормасын қарастыруды ұсынады», - деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталин атап өткендей, басшы мен жұмысшы арасындағы табыстың теңсіздігі өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

«Елімізде жалақы көлемінде негізсіз айырмашылық байқалады. Кейбір жағдайларда жұмыс беруші мен жұмысшының табысы 50 және одан да көп есеге ерекшеленеді. Ал бұл айырмашылықты ешбір еңбекке қатысу коэффициентімен және жауапкершілік деңгейімен түсіндіруге болмайды. Әлемдік тәжірибе тұрғысынан мұндай теңсіздіктер еңбек нарығындағы қиыншылықтарды көрсетеді», - деді ҚРКФ басшысы.

Бұл әділетсіздікті жою үшін басшы мен қатардағы жұмысшылардың жалақысының арақатынасының шекті деңгейін 1 еселік және 10-нан аспайтындай етіп белгілейтін заңнамалық норманы енгізуді ұсынды.

ҚРКФ ұсыныстарының бір бөлігі ең төменгі жалақыны, азық-түлік себетінің құнын және ең төменгі күнкөріс деңгейін анықтау жүйесіндегі құқықтық олқылықтарды жоюға бағытталған.

Сатыбалды Дәулеталин бұл көрсеткіштер қазақстандықтардың нақты қажеттіліктеріне сәйкес келмейтінін атап өтті және әлеуметтік әріптестерді тиісті тәсілдерді әзірлеу бойынша шұғыл шаралар қабылдауға, сондай-ақ ХЕҰ-ның №131 «Дамушы елдерді ерекше ескеру арқылы ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» конвенциясын ратификациялауға шақырды.

«Әлемдік тәжірибеде ең төменгі жалақы орташа айлық жалақының 50% деңгейінде болуы керек деп қабылданған, бұл өз кезегінде Қазақстанды қарастырғанда, шамамен 125 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ, бірқатар елдерде ең төменгі жалақыны анықтау үшін «ең төменгі тұтыну бюджеті» деп аталатын – ең төменгі күнкөріс деңгейімен салыстырғанда жоғары деңгейдегі игіліктер мен қызметтерді бағалауды сипаттайтын есептік шама қолданылады», - деді ҚРКФ төрағасы.

Сондай-ақ, кәсіподақтар еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін қызметкердің соңғы он екі айдағы орташа жалақысының жүз пайызы деңгейінде белгілеу арқылы қайта қарауды ұсынады.

«Жәрдемақы мөлшері 15 АЕК-тен аспайтындықтан, әдетте, қызметкерлер ауырған жағдайда жалақысының бір бөлігінен айырылады. Жәрдемақы көлемі өте төмен болып қалады. Мәселен, 2022 жылы еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша жәрдемақының ең жоғары мөлшері 45,9 мың теңге – ең төменгі жалақының 77% құрайды», - деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.

 Сатыбалды Дәулеталин жұмысшылардың еңбегіне ақы төлеудің тең жағдайын жасау тұрғысынан салалық арттырушы коэффициенттерді белгілеу және қолдану мәселелеріне ерекше назар аударды.

«2014 жылға дейін салалық келісімдермен айқындалатын салалық арттырушы коэффициенттерді бекіту Үкіметтің құзыретінде болды. Бұл ретте, қазіргі уақытта жоғарылатылған лауазымдық айлықақының немесе қосымша төлемдердің мөлшері ұжымдық шартта немесе салалық шартта анықталатын салалық коэффициенттерді ескере отырып, жұмыс берушінің актісімен анықталады. Алайда, іс жүзінде салалық арттырушы коэффициенттерді белгілеу және қолдану жүйесіз, ал олардың есептік мәні іс жүзінде ғылыми негізделген тәсілдерге ие емес және кәсіподақтардың өз ұстанымдарын қорғау қабілетіне байланысты», - деп атап көрсетті Сатыбалды Дәулеталин.

Сонымен қатар, Кәсіподақтар федерациясы Үкіметтің құзыретіне еңбек жағдайларын зияндылық және қауіптілік дәрежесі бойынша жіктейтін салалық арттырушы коэффициенттерді есептеу әдістемесін бекітуді енгізуді ұсынады.

Сатыбалды Дәулеталин өз сөзінде жұмысшылардың кәсіпорынды басқаруға қатысу мәселелеріне тоқталды.

«Қолданыстағы заңнамада жұмысшылардың кәсіпорынды басқаруға қатысу мәселелері реттелмеген. Жұмыс берушінің шешімдері көбіне олардың пікірін ескерусіз қабылданады, көбінесе жұмысшылар мен жұмыс беруші арасында коммуникациялық вакуум пайда болады. Бұл жағдай екі жақтың ұстанымдарының сәйкес келмеуіне алып келеді, яғни жаппай ереуілдер мен қоғамды тұрақсыздандыру сияқты жағымсыз салдарлар орын алуы мүмкін», - деп есептейді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Осыған байланысты кәсіподақтар жұмысшылардың кәсіпорынды басқаруға тікелей немесе заңды өкілдері арқылы қатысу құқығын заңнамалық тұрғыдан қарастыруды ұсынады.

ҚРКФ төрағасының пікірінше, жұмыс берушінің актілерін қабылдау кезінде жұмысшылармен консультациялар өткізу нормаларын енгізу және кеңесші дауыс құқығымен кәсіпорынның алқалы басқару органының отырыстарына жұмысшылар өкілдерінің қатысуы маңызды шаралар болуы тиіс.

«Ықтимал еңбек дауларының алдын алуға және еңбеккерлермен сындарлы қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік беретін еңбек мәселелері бойынша тұрақты консультациялар өткізу маңызды. Біз Еңбек кодексіне жұмыс берушілердің осындай еңбек консультацияларын ұйымдастыру және өткізу міндетін енгізуді ұсынамыз», - деді Сатыбалды Дәулеталин.

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы өз сөзін қорытындылай келе, Мемлекет басшысының бастамаларын, оның ішінде халықтың табысын арттыру Бағдарламасын әзірлеуді қолдайтынын жеткізді.

  Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов РҮК мүшелеріне Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларын ескере отырып, Кәсіподақтар федерациясының ұсыныстарын бірлесе қарастыруды және  азаматтарды әлеуметтік-экономикалық қолдаудың тиімді механизмін әзірлеуді тапсырды. 

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының

медиа орталығы

 

 

 

 

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Негізгі жаңалықтар

Логотип

Портал туралы

Ел мен әлем жаңалықтары!

© 2024 INFOZAKON. Барлық құқықтар сақталған.