Мемлекеттік қызметшілер кәсіпкердің құқығын қорғады
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті қызметінің маңызды бағыттарының бірі - кәсіпкерлікті ынталандыру, сондай-ақ кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау болып табылады. Кәсіпкерлік қызметке байланысты мемлекеттік қызметтерді көрсетудің сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді.
Жалпы, бүгінгі таңда кәсіпкерлердің өтініштері олардың құқықтарын қорғаудың және билік пен халық арасындағы байланысты нығайтудың маңызды құралы, сонымен қатар түрлі мәселелерді шешу кезіндегі маңызды ақпарат көзі болып табылады.
Өтініштерді қарау барысында Департамент құқық бұзушылыққа жол берген тұлғаларды жауапкершілікке тартып қана қоймай, сонымен қатар азаматтардың бұзылған құқықтарын қалыпқа келтіру бағытында жұмыс істейді.
Мысалы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Целиноград аудандық бөлімі мемлекеттік қызметті көрсету нәтижелерін беру үшін жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерінен нотариалды куәландырылған сенімхатты заңсыз талап етті. Департамент тексеріс жүргізгеннен кейін өтініш берушінің құқықтары қалпына келтірілді.
Тағы бір мысал: екі кәсіпкердің өтініштерін қарау қорытындысы бойынша Көкшетау қаласының әкімдігі «Елді мекен шегінде объект салу үшін жер учаскесін беру» мемлекеттік қызметінің көрсетілуін қамтамасыз етті.
Басқа кәсіпкерге «Кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарды төлеу жөніндегі міндеттерді орындауды қамтамасыз етудің, сондай-ақ кеден ісі саласында қызметін жүзеге асыратын заңды тұлғаның және (немесе) уәкілетті экономикалық оператордың міндеттерінің орындалуын қамтамасыз ету» мемлекеттік қызметін алу кезінде жәрдем көрсетілді.
Департаменттің жауапты қызметкерлері өтініштерді қарау барысында көрсетілген мәліметтерді жан-жақты зерделеу үшін өтініш білдірген тұлғалармен сапалы әрі тұрақты кері байланысты қамтамасыз ететінін атап өткен жөн.
Әділбек МҰхамеджанов,
МҚІА Ақмола облыстық департаментінің
мемлекеттік қызметтерді көрсету басқармасының басшысы
[xfvalue_img]