СҚО Есіл ауданында «Ашық әкімдік» іске қосылды
Бұдан былай аудан әкімі ауыл тұрғындарын азаматтарды қабылдау кестесіне жазбай-ақ, бірінші қабаттағы фронт-кеңседе күн сайын қабылдайтын болады.
Іс-шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин мен аудан әкімі Алтынбек Абдуллаевтан басқа, өңір басшысының орынбасары Ғани Нығыметов қатысты. Облыста 2019 жылдан бастап Петропавл қаласы мен 13 ауданда 14 сервистік әкімдік ашылды. Осылайша, облыстың барлық аудан орталықтарында сервистік әкімдіктер табысты жұмыс істеуде.
«Осындай ашық форматта қызмет көрсететін аудан әкімдігінің ыңғайлылығын әсіресе, егде жастағы адамдар сезінеді. Сондай-ақ, мұнда электронды үкімет қызметтерін алу үшін барлық жағдай жасалған, жергілікті қызметкерлер әрдайым техникалық жағынан көмек көрсетуге әзір», - деп атап өтті Ғани Нығыметов.
Сервистік әкімдікте 6 бөлімнің мамандары орналасқан. Аудан тұрғындарында 64 мемлекеттік қызметті бір жерден алу мүмкіндігі туды. Бұл ретте 53 қызмет түрін өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышын пайдалана отырып, электрондық форматта алуға болады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство мұндай фронт-кеңселердің ашылуы, мемлекеттік аппарат пен қоғам арасындағы қашықтықты қысқартып, міндеттерді бюрократиялық жолмен шешу мүмкіндігі алынып тасталатынын атап өтті.
Жұмыс сапары барысында орталық аудандық емхана, аудандық дәріхана араланды, онда вирусқа қарсы препараттардың бар-жоғына ерекше назар аударылды, сондай-ақ дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс барысына мониторинг жүргізілді.
[xfvalue_img]