Солтүстік Қазақстан облысында кезекті «ашық әкімдік» халыққа жақын бола түсті
Ақжар ауданының орталығы – Талшықтың сервистік әкімдігінде құрылыс, білім, коммуналдық және ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту және АХАЖ бөлімдері жұмыс істейді. Бұдан былай аудан тұрғындары мемлекеттік қызметшілер кабинеттерінің табалдырығын тоздырмай қажетті қызметтерді бір орыннан алатын болды.
Орталықтың ашылуына аудан әкімі Ербатыр Мадяров, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин мен облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов, сонымен қатар «Қызылжар – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекішсі Амангелді Сатанов қатысты.
«Өңірде мемлекеттік органдардың ашықтығы мен айқындылығы қағидаттарына ерекше көңіл бөлінеді. Аудандық фронт-офис кеңес беру, құжаттарды қабылдау және халыққа көмек көрсету үшін қолайлы алаң құруға бағытталған. Сонымен қатар, «Қызылжар – адалдық алаңы» жобасы аясында дәстүрлі түрде азаматтардың ашық қабылдаулары өткізіліп, тұрғындардың мәселелері шешімін табуда. Облыс әкімдігінің барлық кеңестері online режимінде өткізіледі. «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» арқылы халық бюджет ақшасының бөлінуін және жұмсалуын жіті қадағалауда», - деді Ғани Нығыметов.
Сервистік әкімдік ашылғаннан кейін қонақтар орталықты аралап, қызметкерлермен әңгімелесті.
«Бүгін біз бірнеше нысанға барып, соның ішінде ауыл ішіндегі жолдарды жөндеу жұмыстарына куә болдық, халықпен жүздесіп, ашықтыққа көз жеткіздік. Жалпы, оң әсер алдық. Ақжар ауданының әкімі ұсынған «ашық әкімдігі» тұжырымдамаға сәйкес келеді. Ашықтық және есептілік бар. Бұл open space, бос кеңістік. Жалпы ыңғайлы және кедергісіз жағдайлар жасалған», - деп Нұрлан Жахин ойын жеткізді.
Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысында 2019 жылдан бастап аудандар мен қалаларда 9 сервистік әкімдік ашылды. Жыл соңына дейін барлық аудан әкімдіктерінің жұмысын «open space» форматына көшіру жоспарлануда.
[xfvalue_img]