Ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс медиация тәртібімен қысқартылды
Мұғалжар аудандық сотында Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 188-бабының 2- бөлігінің 2- тармағымен (ұрлық) сотталушы А-ға қатысты қылмыстық ісі қаралды.
Іс материалдарына сәйкес, сотталушы А. 2017 жылғы 17 маусымда дүкенге кіргенде сатушының ұялы телефонын көріп, сол телефонға қызығушылығы туындап, пайдакүнемдік мақсатында, дүкеннің сатушысы О-ға тиесілі «Нокиа С2-01» маркалы ұялы телефонын жасырын ұрлаған, сонымен қатар өзінің қылмыстық әрекетін әрі қарай жалғастыра отырып, 2017 жылғы 18 маусымда, жәбірленуші У-ның «Iphone 5s» маркалы ұялы телефонын көріп, жәбірленушінің ұйқыда жатқанын және оның қасында бөгде адамдардың жоқтығын пайдаланып, пайдакүнемдік мақсатын жүзеге асыру мақсатында аталған ұялы телефонды жасырын ұрлап алған. Нәтижесінде жәбірленушілерге мүліктік шығын келтірген.
Сот отырысында сотталушы А. өз кінәсін мойындап, жәбірленушілермен медиациялық тәртіппен келісімге келуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатып, істі қысқартуды сұрады.
Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңының 27-бабының талабына сәйкес, медиатормен жасалған медиативтік келісімге сәйкес, тараптар медиация тәртібімен бітімге келді. Жәбірленушілер сотталушы А-ға қояр талап-тілегі жоқ, келтірілген залал орнына келген. Қылмыстық істі қысқарту туралы өтініш жазбаша медиативтік келісіммен бекітілген.
Жәбірленушілермен медиация тәртібімен татуласуына байланысты сотталушы А. Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 68-бабының 1-бөлігінің талабына сай, қылмыстық жауаптылықтан босатылып, қылмыстық іс өндірістен қысқартылды.
Қаулы заңды күшіне енбеген.
[xfvalue_img]