Ақмола облысында мемлекеттік қызмет ардагерімен дәстүрлі кездесу өтті
Мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз етуде мемлекеттік қызметтегі ұрпақтар сабақтастығының рөлі зор. Бұл үдеріс жинақталған мол тәжірибенің, терең білім мен кәсіби дағдылардың жаңа буынға үздіксіз берілуіне жағдай жасайды.
Осы орайда, 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің бастамасымен арнайы диалог алаңы ұйымдастырылды. Іс-шараға мемлекеттік қызмет ардагерлері мен басшылық лауазымдарға алғаш рет тағайындалған мемлекеттік қызметшілер қатысты.
Кездесудің басты спикері ретінде мемлекеттік қызмет ардагері, «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасының және «Құрмет» орденінің иегері, Ақмола облысы «Демалыс және туризм индустриясының ассоциациясы» ЗТБ президенті, ҚР туризмінің құрметті қызметкері, профессор, академик Шынарбек Батырханов шақырылды.
Кездесуді аша отырып, Департамент басшысы Нұрқат Батырқұлов қоғамның үздіксіз дамуының шарты болып табылатын, ең маңызды және өмірлік қажетті құндылықтарды, аға буыннан жинақталған көп жылдық тәжірибені қызметкерлердің жас буынына дарытуға көмектесетін іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерге «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының ережелері таныстырылды.
Шынарбек Батырханов жас басқарушыларға кәсіби қызметте жоғары жауапкершілік пен адалдық танытудың маңыздылығын атап өтіп, ақыл-кеңесімен бөлісті. Ол өз сөзінде қазіргі заманғы мемлекеттік қызметшінің бойында табылуы тиіс негізгі қасиеттерді айқындап берді:
«Кәсібилік, бәсекеге қабілеттілік, ашықтық, патриотизм және өз ісіне деген адалдық - мемлекеттік аппаратты дамытудың басты кепілі» - деп Ш.Батырханов атап өтті.
Шара соңында қатысушылар арасында сындарлы пікірталас орнап, жас басшылар өздерін толғандырған сұрақтарына тиісті түсініктемелер алды.
[xfvalue_img]
