Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері: құрылыс, жер қатынастары және автомобиль жолдарын күтіп ұстау салаларында – Ақтөбе облысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік комиссия отырысы өтті
Ақтөбе облысында облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Отырысқа Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басшысы Талғат Башев, аудан әкімдері бейнеконференцбайланыс режимінде, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен жұртшылық өкілдері қатысты.
Ведомствоаралық комиссия бірінші жартыжылдықта жүргізілген алдын алу жұмыстарының нәтижелерін талқылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі облыстық департамент өкілдерінің айтуынша, бұзушылықтар құрылыс, жер қатынастары, жер қойнауын пайдалану және туризм салаларында анықталған. Анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің негізгі бөлігі әлеуметтік нысандарды салуға және автомобиль жолдарын күтіп ұстауға тартылған мемлекеттік құрылымдарға тиесілі.
Кеңесте атап өтілгендей, жергілікті атқарушы органдар жосықсыз құрылыс салушыларға қатысты әрдайым уақтылы шаралар қабылдамайды, бұл жобаларды іске асыру мерзімінің созылуына және қаржыландыру көлемінің ұлғаюына әкеледі. Мысал ретінде Байғанин ауданы Оймауыт ауылындағы мектеп-балабақша, Хромтау қаласы мен Әйтеке би ауданы Жүргенов ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылыс жобалары келтірілді. Құрылыс мерзімінің созылуы аталған жобалардың құнының 1,8 млрд теңгеден астам сомаға қымбаттауына әкелген.
Бірқатар жағдайларда тапсырыс берушілер өсімпұлдарды өндіріп алу және мердігерлерді жосықсыз деп тану бойынша уақтылы шаралар қабылдамаған, бұл сот талап-арыздарынан бас тартуға әкелген. Осыған кінәлі тұлғалар бүгінгі таңда әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жер қатынастары саласында конкурстар өткізбей жер учаскелерін заңсыз беру фактілері, сондай-ақ сәулет-жоспарлау тапсырмаларын беру кезіндегі бұзушылықтар тіркелді. Әкімдіктің құрылымдық бөлімшелерінің берілген және бос жер учаскелері туралы халыққа ақпарат беру кезінде жұмысының ашықтығының жоқтығы атап өтілді.
Сондай-ақ, облыстық департамент «Бизнеске жол» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілік» жобаларының нәтижелерін ұсынды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің айтуынша, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасымен өзара іс-қимыл нәтижесінде 100-ден астам бизнес субъектісінің құқықтары қорғалған.
Бірінші жартыжылдықта еріктілермен өзара іс-қимыл кезінде автомобиль жолдарын күтіп ұстауға мониторинг жүргізілген. Бірлескен жұмыс барысында әзірленген ұсынымдар бойынша Қарғалы және Мәртөк аудандарындағы автомобиль жолдарының екі учаскесінде жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
#Заң_мен_Тәртіп
[xfvalue_img]