Интернет алаяқтығының алдын алу – басты назарда
Астана қалалық Полиция департаментінің Нұра аудандық криминалдық полиция қызметкерлері «Антифрауд» жедел алдын алу іс-шарасы аясында интернет алаяқтығының алдын алу мақсатында кешенді түсіндіру және ақпараттық-насихаттау шараларын өткізді.
Атап айтқанда, КазУТБ колледжі мен ПТК колледжінде студенттерімен арнайы дәрістер ұйымдастырылып, интернет алаяқтығының кең таралған түрлері, олардың белгілері мен зардаптары жан-жақты түсіндірілді. Полицейлер онлайн сауда, жалған банк қызметкерлері, фишингтік сілтемелер арқылы жасалатын қылмыстардың нақты мысалдарын келтіре отырып, жастарға сақтық шараларын ұстануға кеңес берді. Сонымен қатар, қала тұрғындарына ескерту сипатындағы ақпараттық флаерлер таратылып, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған кеңестер берілді.
Аталған шаралар аясында полиция қызметкерлері азаматтарға бейтаныс сілтемелерге өтпеу, банк деректерін бөгде адамдарға бермеу және күмәнді интернет ұсыныстардан сақ болу қажеттігін ескертті.
Астана қалалық Полиция департаменті тұрғындарды киберқауіптерге бейжай қарамауға шақыра отырып, осындай алдын алу шараларын жүйелі түрде өткізіп тұруды жалғастыратынын мәлімдеді.
Астана қаласы ПД баспасөз қызметі
[xfvalue_img]