СҚО-да есірткімен күрес шеңберінде полицейлер жастарға арнап кезекті фильмнің тұсаукесерін өткізді
Петропавлдағы Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында «Есірткі жасырушылар. Жаза» деректі фильмінің тұсаукесері өтті. Аталған фильмді облыстық полиция департаментінің бастамашылық етуімен белгілі қоғам қайраткері, журналист және видеограф Зәкіржан Мамлютов бастаған «QZ-media» шығармашылық ұжымы түсірді.
«Есірткі жасырушылар. Жаза» – бұл 6 жыл ішінде «QZ-media» командасымен бірге полицейлер дайындаған үшінші деректі фильм. Деректі серияның біріншісінде синтетикалық есірткінің жоғары қаупі туралы айтылса, екіншісінде нашақорлықтың жойқын салдары кеңінен қамтылды. YouTube желісінде олардың қаралымы миллионнан асты.
Жаңа фильм толығымен бас бостандығынан айыру орындарында түсірілген. Темір тордың арғы жағында жазасын өтеп жүрген және нашақорлықтан мәжбүрлеп емделуді бастаған жастар «жеңіл ақшаға» құнығып, жасаған қателіктері үшін өкінетіндіктерін айтады.
Есірткі сатушылар көбінесе интернет арқылы жастарды алдап-арбап, үлкен табыс пен толық қауіпсіздікті уәде етеді. Тәжірибе көрсеткендей, орта есеппен «буып-түюшілер» мен «есірткі жасырушылар үш айдан артық жұмыс істемейді.
Солтүстік Қазақстан университетінің студенттері, күш құрылымдарының қызметкерлері, сондай-ақ нашақорлық пен есірткі қылмысына қарсы күресте атсалысатын қоғам белсенділері мен блогерлер колонияның интерьерін, бұрын «нашақор» кейін марқұм болған ұлының бейітінің басында егіліп жылаған ананы және адамға өте ауыр болып көрінетін басқа да кадрларды көріп шықты.
Полицейлер жаңа деректі фильмді профилактикалық жұмыста белсенді пайдалануды, оны жоғары сынып оқушылары мен студенттерге екі кинотеатрда тиісті келісімге келген соң көрсетуді жоспарлап отыр (фильм: https://youtu.be/JtV2N9_IxpI ). Сонымен қатар, барлық үш фильмді YouTube хостингінде көруге болады. Бұл фильмдердің барлығында есірткіні татып көрген не болмаса есірткімен байланысты қылмысты жасаған әр адамның өміріне балта шабатыны, заң алдында жауап беретіні анық баяндалады.
Игорь Мерцалов
СҚО ПД баспасөз қызметі
[xfvalue_img]