Полицейлер өскемендік тұрғынның есеп шотынан ақша ұрлаудың жолын кесті
Жақында Өскемен қаласының тұрғыны алаяқтықтың құрбаны бола жаздады. Ер адамға өзін ұялы байланыс операторымын деп таныстырған белгісіз біреу қоңырау шалып, SIM-картасының мерзімі өтіп кеткенін, бұғатталатынын айтқан.
Алданып қалғанын білмеген ер адам алаяқтардың ұсынымдарын орындап, SIM-картаның әрекет ету мерзімін ұзарту үшін мобильді құрылғысына Anydesk қосымшасын орнатқан. Шын мәнінде, бұл мобильді қосымша құрылғыға қашықтан қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
Зиянкестер ер адамнан телефонына жіберілген кодты беруін сұраған. Ер адам кодты айтқан бойда оның ұялы телефоны командаларға жауап беруді тоқтатты. Бірдеңе болды деп күдіктенген ол дереу полиция бөліміне хабарласты. Оның құрылғысында орнатылған бет-әлпетті тану функциясының және полицияға дер кезінде хабарласудың арқасында ер адам ақшасын ұрлаудың алдын алған.
Үлбі полиция бөлімінің қызметкерлері КПБ жедел уәкілі полиция аға лейтенанты Аян Құрманғалиев пен ТБ тергеушісі полиция аға лейтенанты Камила Айтпекова ер адамның өтінішіне жедел әрекет етті. Олар мобильді қосымшаға қашықтан қол жеткізу сеансын тоқтатуға көмектесіп және банктік қосымшада онлайн транзакцияларға тыйым салды.
Қала тұрғыны полиция қызметкерлеріне жедел әрекет еткені үшін алғысын білдірді.
Өскемен қалалық Полиция басқармасы барша азаматтарды қырағы болуға және мұндай құқық бұзушылықтарға тап болған жағдайда дереу 102 жедел арнасына хабарлауға шақырады.
Сондай-ақ қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін еске саламыз:
- Ұялы телефоныңызға жіберілген банк картасының нөмірін, CVV кодын немесе банктен SMS кодтарын ешқашан бермеңіз.
- Кез келген сылтаумен жеке деректеріңізді бейтаныс адамдарға (аты-жөні, ЖСН, жеке куәлік нөмірі және т.б.) жария етпеңіз.
- Бейтаныс адамдардың өтініші бойынша мобильді құрылғыларға мобильдік қосымшаларды орнатпаңыз.
- Интернет-банкинг құпия сөздерін немесе басқа жеке және төлем ақпаратын бөліспеңіз.
[xfvalue_img]