ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдері Бакуде өткен ұлттық қала құрылысы форумына қатысты
Баку қаласында өткен Әзірбайжан II-ші Ұлттық қала құрылысы форумына Қазақстанның атынан ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және ТКШ істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қабдол қатысты.
Аталмыш форумның басты мақсаты – тұрақты қалалық даму стратегияларын жүзеге асыру бойынша білім алмасу және тиімді саясатты қалыптастыру, оған қоғамның барынша қатысуына септігін тигізу, әлеуетін арттырып, ынтымақтастықтың орнауына жәрдемдесу.
II Ұлттық қала құрылысы форумы аясында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше-елдер министрлерінің дөңгелек үстелі өтті.
«Дәйекті урбанизация арқылы орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін өңірлік сын-қатерлер мен ынтымақтастық мүмкіндіктері» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында Түркі мемлекеттері Ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Өміралиев, БҰҰ-ның елді мекендер жөніндегі бағдарламасының (UN-HABITAT) атқарушы директоры Маймуна Мохд Шариф, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия министрліктерінің өкілдері қатысты.
Қатысушылар өңірлік деңгейде орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ дамыған экономикасы бар тұрақты қалаларды құру стратегиялары бойынша пікір алмасу өтті.
Шара барысында сөйлеген сөзінде Бауыржан Қабдол қалаларды жетілдіру, климаттың өзгеруіне бейімдеу және өңірлік ынтымақтастық, сондай-ақ мультимодальды тұрақты қалалық ұтқырлықтағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы тәуекелдерді азайту жөніндегі бірлескен жобалардың қаржылық мүмкіндіктерін зерделеудің маңыздылығын атап өтті.
Айта кетерлігі, Түркі мемлекеттері Ұйымынның мүшелері ретінде Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия, сондай-ақ бақылаушы елдер ретінде Түрікменстан мен Венгрия кіреді.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс
министрлігінің Баспасөз қызметі
[xfvalue_img]
7 пікір