Ақтөбеде түзеу мекемесінен бостандыққа шығатын сотталғандар мемлекеттік бағдарламалармен ақпараттандырылды
Ақтөбе облысының медиаторлар кеңесi қоғамдық бірлестігі Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ Департаментіне қарасты №8 түзеу мекемесінде болып, бостандыққа шығатын сотталғандарды мемлекеттік бағдарламалармен ақпараттандыру мақсатында семинар өткізді.
Семинарда Азаматтарға арналған үкімет "Мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ қызметкерлері, "Қоғамдық келісім" өкілдері, психологтар, заңгерлер, медиаторлар сөз сөйлеп, өз бағыттары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мәселен, "Азаматтарға арналған үкімет "Мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ құжаттарды рәсімдеуді түсіндірсе, "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы мемлекет ұсынған жобаларға қатысу жолдарын айтты. Ал медиаторлар даулар мен жанжалдарды реттеу бойынша медиация тәсілдерін әңгімеледі.
"Түзеу мекемелерінде бостандыққа шығатын сотталғандар үшін мұндай іс-шаралардың маңызы зор. Себебі, мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар, сондай-ақ заңгерлер мен психологтардың тегін кеңестері бостандыққа шыққаннан кейінгі сотталғандардың қоғамға тез бейімделуіне ықпал етеді",- дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ Департаментінің баспасөз хатшысы Гүлфайруз Төремұратова.
Айта кетейік, аталған семинар Ақтөбе облысының ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында түзеу мекемесінен босатылатын сотталғандарды мемлекеттік бағдарламалармен ақпараттандыру мақсатында өтуде.
[xfvalue_img]
1 пікір