Білім беру мекемелерінде ақша жинауға тыйым салынады
2022 жылғы 27 сәуірде облыстың білім беру мекемелерінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі оқу жылының аяқталуы және бітіру кештері қарсаңында білім басқармасы мен бөлімдерінің өкілдерімен, мектеп директорларымен кездесу өткізді.
Ағымдағы жылғы 2 ақпанда Президенттің Жарлығымен қабылданған 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасында сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыруда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім берудің маңыздылығы атап өтілді. Тұжырымдамаға сәйкес парасаттылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет тақырыптары білім беру жүйесіне енгізілетін болады. Баланы әр түрлі жас кезеңдерінде мектепке дейінгіден бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім, тәрбиемен алып жүру қажет.
Сыбайлас жемқорлықтан азат Қазақстанда өмір сүруге бағытталған патриоттық және бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеу мақсатында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен 2018 жылдан бастап «Adal urpaq» жобасы іске асырылуда.
Алайда, білім беру саласында қабылданып жатқан барлық шараларға қарамастан, бұл сала сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне неғұрлым бейім салалардың бірі болып қалуда.
Ағымдағы жылдың сәуір айының басынан бастап ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1424 колл-орталығына мектеп бітіру кештерін өткізуге және мұғалімдерге сыйлықтарға ақша жинауға қатысты 9 өтініш келіп түсті. ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне де наразы ата-аналардан жүйелі түрде шағымдар түсуде. Көбінесе ақша жинау ата-аналар комитеттері арқылы жүзеге асырылады.
«Сыныптың ұйымдастырушылық мәселелері үшін жалақы алатын сынып жетекшісі бар. Ата-аналар комитеттері іс жүзінде ақша жинау құралына айналды. Тексеру жүргізу кезінде директорлар, оқу меңгерушілері, сынып жетекшілері мектеп қабырғасында ақша жиналып жатқандығы туралы білмейтіндіктерін айтады, осылайша жауапкершіліктен құтылуды ойлайды. Алайда, бізде бірінші басшылардың бағыныстылардың сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілігі заңнамалық деңгейде бекітілген. Сондай-ақ, ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 22-бабы бар, оған сәйкес мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары бағынысты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу жөніндегі лауазымдық міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін тәртіптік жауаптылықта болады. Яғни, мектеп директорлары осы нормалар аясында жауапқа тартылады. Сондай-ақ, облыстың білім басқармасына ақша жинаудан басқа ештеңемен айналыспайтын барлық ата-аналар комитеттерін жоюды ұсынамыз.
Кейбіреулер үшін бұл 500 немесе 1000 теңге, ал біреулер үшін бұл соңғы ақшасы, әсіресе көп балалы отбасылар үшін қиын», - деп атап өтті ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің бас маманы Гүлнұр Бекбаева.
ҚР Білім туралы Заңының 63-бабына сәйкес мемлекеттік білім беру мекемелері мен шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардың ұйымдық-құқықтық нысанындағы орта білім беру ұйымдарына оқушылардан, ата-аналар мен педагогтардан ақша алуға тыйым салынады.
[xfvalue_img]
7 пікір