Басты ұстаным – әділдік, парасаттылық және сенім (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевпен сұхбат)
– Алик Жатқамбайұлы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат мемлекеттік органдардың қызметін қоғамның сенімін арттыруға бағытталғаны белгілі. Жалпы, бұл жөнінде не айтасыз?
– Елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағатталған мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық басымдығы болып саналады. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегиясы қалыптасты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ұлттық тәжірибесіне әлем мойындаған халықаралық қағидаттар мен стандарттарды енгізу басты шарттардың бірі.
Қазірг таңда агенттік азаматтар мен мемлекеттік институттарды жемқорлықтан қорғайтын ашық, кәсіби және тиімді құқық қорғау органы болу үшін тиіст шаралар қабылдауда. Біздің миссиямыз – «Қазақстан халқының игілігі үшін сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жою». Оны іске асыру жұмыстың жаңа тәсілдері мен құралдарын қажет етеді. Сондықтан да, біз тәсілдерді, қалыпты жұмыс істеудің тұтас тізбегін өзгертудеміз. Жұмыстың барлық бағыты өзгеруде. Біз озық тәжірибеге сүйене отырып, агенттікте Парасаттылық, Превенция және Серіктестік деп аталатын үш жаңа департамент құру туралы шешім қабылдадық. Біздің барлық бастамаларымыз айқын құндылықтарымыздың призмасы арқылы жүзеге асырылады. Бұл – әділдік, парасаттылық және сенім...
БҰҰ Даму бағдарламасы кеңсесінің қолдауымен биыл Transparency Kazakhstan жүзеге асырған "Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықтың жай-күйінің мониторингі" зерттеуінің мәліметтері сауалнамаға қатысушылардың жартысынан астамы, нақтырақ айтқанда 54,4%-ы сыбайлас жемқорлық деңгейінің төмендегенін көрсетті. Сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлердің 76%-ы Қазақстанда пара бермей, тек құқықтық салада жұмыс істей отырып, өз бизнесін дамытуға болады деп есептейді. Олардың пікірінше, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (72,4%), Үкімет (62,8%), Nur Otan партиясы (54,7%) және бұқаралық ақпарат құралдары (54,4%) ықпал етуде.
Сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жою жөніндегі шараларды жүзеге асыруға қатысуға дайын азаматтар саны артуда. Жыл сайын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жемқорлық фактілері туралы хабарлайтын қоңыраулар көбеюде. Мәселен, биылғы 10 айда агенттіктің 1424 нөмірі бойынша call-орталығына мұндай жағдайлар бойынша 600-ден аса адам хабарласты, бұл тұтастай 2018 жылмен салыстырғанда 2 есеге көп. Егер 2018 жылы мұндай хабарламалар бойынша 32 сотқа дейінгі тергеу қолға алынса, биылғы 10 айдың өзінде қылмыстық істердің саны 46-ға дейін жетті. Мұны мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатына көрсетіліп отырған сенім деңгейінің маңызды көрсеткіші деп санаймын.
– Бағдарымызды айқындайтын міндеттер алдымызда айқын көрініп тұрса да біз оған енжар, баяу «жүзіп» бара жатқан сияқтымыз...
– Еуропа мемлекеттері сыбайлас жемқорлықты неғұрлым азайтуға жүздеген жылдарын сарп етті, бірақ одан әлі күнге дейін ешкім толық құтылған жоқ. Көптеген еуропалық сарапшылар жасалып жатқан шараларға қарамастан, Еуропалық одақтағы сыбайлас жемқорлық біз ойлағаннан әлдеқайда ауқымды әрі терең таралғаны туралы қорытынды жасауда. Жыл сайын парақорлық, қызмет бабын асыра пайдалану және ысырапшылдықтың мыңдаған оқиғалары тергеледі. Әртүрлі салалардағы сыбайлас жемқорлық тек дамушы мемлекеттерде ғана емес, озық дамыған елдердің өзінде кең таралғанын айғақтайтын халықаралық ұйымдардың арнайы баяндамалары мен есептері, зерттеулері жиі жарияланады.
Менің ойымша, біз сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар тұлғаларды жауапқа тарту тәжірибесін қоғамда превенция мен парасаттылықты дәйекті дамытумен ұтымды үйлестірудің дұрыс стратегиясын таңдадық. Нәтижелер айқын көрінуде. Дүниежүзілік банктің жыл сайынғы «Мемлекеттік басқару индикаторлары» (The Worldwide Governance Indicators) зерттеуіне сәйкес Қазақстан «Сыбайлас жемқорлықты бақылау» индикаторы бойынша өз көрсеткіштерін едәуір жақсартты. IMD (IMD World Competitiveness Ranking) жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде сыбайлас жемқорлық пен парақорлыққа қарсы іс-қимыл индикаторы бойынша еліміз тек ТМД елдерімен ғана емес, Оңтүстік Корея, Израиль, Испания және т.б. мемлекеттермен салыстырғанда жоғары көрсеткішке ие болды.
– Сингапурдың сыбайлас жемқорлық оқиғаларын тергеу бюросы салыстырмалы түрде аз ғана уақытта зор нәтижелерге қол жеткізді. Сыбайлас жемқорлықпен күрестің осы үлгісін біздің жағдайға бейімдеуге болмай ма?
– Сингапурда құқық қорғау органдарының қызметкерлері мемлекеттік лауазымдарға үміткерлерді іріктеу және оларды әрі қарай қызмет бабында өсірудің белгілі бір кезеңінде маңызды рөл атқарған. Қазақстанда құқық қорғау органдарына мұндай құзірет беруге әлі ертерек. Турасын айтқанда, біз бұған әлі дайын емеспіз. Сондай-ақ әкімшілік бөлініс бірліктері өте көп, есесіне тұрғындарының саны барынша аз, құрлықтағы ұланғайыр аумақпен салыстырғанда шап-шағын аралда орналасқан бір ғана қаланың тұрғындарын бұл жұмысқа тарту деңгейі мен ұйымдастыру тиімділігінің коэффиценті бәрібір жоғары болатынын ескерген жөн.
Әр елдің өз ерекшеліктері мен айырмашылықтары бар. Қазақстан сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен мемлекеттер қатарына қосылу үшін өзінің тиімділігін көрсеткен ұстанымдар мен қағидаттарды, әмбебап тетіктер мен құралдарды белсенді қолдана бастады. Алайда, атқарылған жұмыстарға көңіл тоғайтып отыруға болмайды. Кең ауқымды автоматтандыру үдерісі мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы жемқорлықты төрттен үш деңгейіне дейін азайтуға мүмкіндік берді. Азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігі біршама артты. Мемлекеттік аппаратты жемқор шенеуніктерден тиянақты түрде тазарту соңғы жылдарда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының тұрақты төмендеуін байқатады. Қазақстандықтардың сыбайлас жемқорлыққа қатынасы өзгеруде. Яғни, жұмысымыздың стратегиялық бағыты дұрыс қойылған.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздері тақырыбын қозғалғанда таяу арада заңнамаға қандай елеулі өзгеріс енгізіледі және ол бізге не береді деген сауалдарды айналып өте алмаймыз. Осы туралы баяндап берсеңіз.
– Биыл 20 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жұмыстардың тиімділігін арттыру туралы жиналыс өткізіп, бағынышты қызметкері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін мемлекеттік органның бірінші басшыларының жұмыстан кетуі институтын енгізу туралы тапсырма бергенін білесіздер. Дәл қазір осы норманы іске асырудың нақты тетіктері айқындалған заң жобасы Президент Әкімшілігінің қарауында жатыр. Ол бойынша, егер мемлекеттік органның лауазымды тұлғасы сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша сотталса, оның тікелей басшысы жеке басымен жауап беретін болады. Егер бұл жағдай әкімшілік мемлекеттік қызметшіге жататын басшыда болса, онда ол жұмыстан шығаруға дейінгі тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Сонымен қоса, мемлекеттік орган басшыларының өзіне бағынышты қызметкерлер тарапынан сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын ескерту міндеті енгізілуде. Бұл шараларды қабылдамағаны үшін тәртіптік жауапкершілік қарастырылған.
Азаматтарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жұмылдыруды күшейтудің тағы бір түрі жемқорлық фактілері туралы хабарлағаны үшін азаматтарды көтермелеу жүйесін өзгерту болмақ. Егер қазіргі таңда мұндай жағдайдағы көтермелеудің жоғары сыйақысы 250 мың теңге болса, таяуда бұл сома бірнеше миллионға артады. Осы ретте, агенттіктің ықпалымен жақында мемлекеттік қызметшілерге жұмыс орнына смартфон алып кіруге қайтадан рұқсат берілетінін атап өткім келеді. Біздің ойымызша, бұл жұмыстың, әсіресе азаматтармен қарым-қатынас мәселелерінің жылдамдығын біршама арттырады.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықтың негізгі себептерін жою, атап айтқанда экономикадағы мемлекеттің қатысуын қысқартуға, қолма-қол ақшаның айналымын азайтуға, мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын біршама арттыру мақсатында мемлекеттік органдар мен оларға бағынысты ұйымдарды оңтайландыруға қатысты жұмыстар жалғасады. Агенттікте, экономикалық тергеу қызметі мен өзге де бақылау-қадағалау органдарында жүргізілген штат санын оңтайландырудың өзі бизнеске қысымды біршама азайтты.
Агенттік кешенді іске асырылуы сыбайлас жемқорлық деңгейін біршама төмендетуге мүмкіндік беретін басқа да заңнамалық шараларға бастамалар жасады. Олардың ішіндегі ең бастылары – заңсыз баюға азаматтық-құқықтық жауапкершілік енгізу, барлық мемлекеттік қызметшілердің кірістері мен шығыстары туралы декларациясын жариялау міндеті, сондай-ақ Integrity Testing/Check немесе кәсіби сатылмаушылыққа тексеру институтын енгізу.
Жалпы, біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа түбегейлі өзгерістер енгізуге мүмкіндік беретін жаңа «навигациялық» технологияларды меңгере бастадық. Әңгіме криминологиялық қырынан басқа да сан алуан аспектілері бар осынау күрделі әлеуметтік індеттен мемлекет пен қоғамды құтқару жолындағы ауқымды және жүйелі жұмыс туралы болып отыр. Осы орайда, біздің жұмыстарды ұйымдастыруға жаңа тәсілдер қажет болды. Бұл жазаның бұлтартпай қолданылу қағидасының құнсызданғанын білдірмейді, бірақ жемқорлармен күрес сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың басқа да тәсілдері мен формаларын кейінге ысырмауға тиіс. Сондай-ақ қазір агенттіктің штат санының 80%-тен астамы жедел-тергеу бөлмшелеріне және тек 10% ғана превенция саласына тиесілі. ЭЫДҰ елдерінде бәрі керісінше.
Бүгінгі таңда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, мониторинг жасау, жемқорлық тәуекелдерін анықтау және жою, жемқорлыққа қарсы күреске қоғамды кеңінен тарту міндеттері алдыңғы қатарға шығуда.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау қорытындылары бойынша біз берген ұсыныстардың негізінде тек биылдың өзінде 37 нормативтік құқықтық актіге нақты өзгерістер енгізілді. Бүгінгі таңда агенттік көлемді бюджеттік қаражат бөлінетін ұйымдарға – квазимемлекеттік секторға, орталық органдардың комитеттері мен әкімдіктерге баса назар аударатынын атап өткім келеді. Тек соңғы бір жарым жылда облыс әкімдерінің 3 орынбасары, 2 жауапты хатшы, 7 комитет төрағасы мен оның орынбасарлары қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
– Жаңа өзгерістердің бәріне сақтықпен қарау таңсық емес. Әңгіме сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жұмысты ұйымдастырудағы тәсілдердің түбегейлі өзгеруі туралы болып отыр. Қазір «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтен қорқуды қойды» деген сөздер таралуда. Сіз бұл туралы не айтасыз?
– Мен бұл сұрақтарға жоғарыда жартылай жауап беріп өттім. Көне заманның көрнекті ойшылы Сунь-Цзы «соғыс дегеніміз – айла-шарғының жолы, ол жеңгендердің жоғары әскери өнер көрсеткенін білдірмейді. Ең қиыны әрі маңыздысы – қарсыластың шабуылына жол бермеу» деген екен. Өз халқымызға қарсы «соғыс» бізге керек емес...
Жоғары лауазымды шенеуніктердің тағы бір тобын түрмеге тоғытсақ та, біз жемқорлыққа төтеп бере алмаймыз. Ол одан сайын құйтырқыланып, жаңаша түрлене түседі... Менің ойымша, бізге сыбайлас жемқорлық қылмыстарының алды алу, оған жол бермеу маңызды мәселе. Адамды түрмеге тоғыту мақсат емес, керісінше біз ол адамды осы қауіпті қадамнан қорғап, жемқорлыққа бейімдікті мүмкін емес немесе мәнсіз етуге тырысуымыз керек. Қоғамның кез келген мүшесінің қасіреті оның қаншалықты түсінгеніне қарамастан, барлық қоғамға моральдік соққы береді.
Оның үстіне, біз қоғамда қорқыныш тудырудан аулақпыз. Жекелеген азаматтардың санасында белгілі бір пікірге ие болса да, бұл күмәнді әрі қарабайыр көрінеді. Ал тарихи санаға жүгінсек, қазақ халқы әрдайым сенімге сүйенген. Біздің негізгі күш-жігеріміз жемқорлықты болдырмауға, бола қалған жағдайда оны адамға барынша тиімсіз етуге бағытталған. Сондықтан, біз табысты мемлекеттердің басым бөлігінде сыналған жұмыстың тәсілдері мен формаларын қарқынды енгізе бастадық. Олар біз бой түзейтін елдердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізіне айналған.
– Сіздер парасаттылық ұғымын ілгерілету бойынша жұмысты агенттіктің шешуші басымдықтарының бірі ретінде белгіледіңіздер және тиісті департамент құрдыңыздар...
– Заңды мүлтіксіз орындаудың астарында оның рухын түсініп, пайымдау жатыр. Адам тек тапсырылған алгоритм шегінде ғана жұмыс істейтін машинадан осы қабілеті арқылы ерекшеленеді. Тек заңның рухы ғана қандай да бір әрекеттің көңілге қонымдылығын айқындайды. Біз адамгершілік құндылығынсыз заңға құрмет болуы мүмкін емес деп санаймыз. Парасаттылық дегеніміздің өзі не? Бұл ар-ұят, адалдық және ақшаға сатылмау секілді жеке қасиеттермен сипатталатын жан тазалығы. Ол адамның мінсіз мінез-құлығынан, адалдығы мен тектілігінен көрінеді. Парасатты адамға терең көзқарас пен ішкі жоғары мәдениет, заңға, этикалық және моральдік ережелерге құрмет тән. Бұл жөнінде таяуда танымал режиссер Ермек Тұрсынов өзіне «сыбайлас жемқорлық деген не?» деген сұрақ қойып, оған «бұл мәдениетсіздікпен және адамгершіліксіздікпен күрес» деп қысқа әрі нұсқа жауап берген болатын.
– Қазір сыбайлас жемқорлықтан гөрі парасаттылық туралы көбірек айтыла бастады. Агенттік қызметкерлерінің басқа мемлекеттік органдарға барып нақты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сараптау мен жоюдың орнына «қане, сіздердің парасаттылықтарыңызды көрейік...» деп тұрғаны елестейді...
– Біріншіден, «парасаттылық» терминінің басқа да қыры бар. Ағылшын тілі сөздігінде integrity (парасаттылық) сөзі тұтастықты білдіреді. Сондықтан, егер медициналық терминологияны қолданатын болсақ, кез келген жүйенің бастапқы күйін зерттеп, жалпы скрининг өткізу арқылы біз оның иммунитетіне қауіп төндіретін аурудың анық және күшті ошақтарын, сондай-ақ емдеуді қажет ететін бүлінген органдарын нақты анықтай аламыз. Екіншіден, халықаралық тәжірибеде «білімдегі парасаттылық», «медицинадағы парасаттылық», «сот жүйесіндегі парасаттылық», «бизнестегі парасаттылық» деген түсініктер біршама кең таралған. ЭЫДҰ сыбайлас жемқорлыққа кереғар ұғымды, яғни құқығын асыра пайдаланудың алдын алу үшін қабылданған саясаттың күшті және әлсіз жақтары ретінде сипатталатын парасаттылықты бағалауды біршама тиімді деп таныды. Үшіншіден, сол ЭЫДҰ сарапшылары парасаттылықты сыбайлас жемқорлыққа қарағанда едәуір сындарлы және жағымды түсінік, біршама жоғары деңгейдегі тұжырымдама деп санайды. Мұнымен келіспеу мүмкін емес. Парасаттылықты зерттеу ынтымақтастық пен өзара түсіністікке шақырады.
Парасаттылық қоғамдық көзқарастардың басымдығына бағытталған мемлекеттік басқарудың барлық заманауи жүйесінің іргетасы. Әңгіме азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоғары мәдениеті мен тиісті құқық қолдану тәжірибесі туралы болып отыр. ЭЫДҰ саясаты да осыған саяды. Мұнсыз ауқымды әлеуметтік өзгерістер жүзеге аспайды. Парасаттылық біздің ашық әрі әділетті қоғамға қадам басуымызға кедергі болатын барлық нәрсеге түбегейлі қарсылықты білдіреді. Біз мемлекеттік органдардың ашықтығын, айқындылығын және есептілік деңгейін көрсететін мемлекеттік органдардың жария парасаттылық рейтингін анықтау әдістемесін әзірлеуді алғашқы қадам ретінде қарастырудамыз. Парасаттылық мемлекеттік қызметкершілер басшылыққа алатын адамгершілік құндылығына айналуы тиіс. Әрине, тек оларға ғана емес, мәселен, жекелеген ұлттық компанияларда квазимемлекеттік секторда парасаттылықты қамтамасыз етудің тиімді құралының біріне айналуға тиісті тәуелсіз комплаенс-қызметтері жұмыстарын бастады.
– Парасаттылық департаментінен басқа сіз Серіктестік департаментін құрдыңыз. Тағы да атау туралы сұрасақ. Бұл сәнге ілесу ме әлде жаңа тренд пе?
– Жалпы, жоғарыда атап өткенімдей, агенттіктің құрылымын қалыптастыру барысында алдын алу, ағарту және қылмыстық-құқықтық сипаттағы шараларды ұтымды үйлестірген шетелдік сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдардың біршама табысты үлгілерін негізге алдық. Бұл – Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегиясының шешуші басымдықтарының бірі саналатын мемлекет пен қоғамның күш-жігерін біріктіруге қажетті шарт. Серіктестік мүдделер мен мақсаттардың сәйкестігі негізіндегі бірлескен қызметтің жоғары қарқынын білдіретіндіктен, әдепкі ынтымақтастық пен өзара әрекеттестікке қарағанда әлдеқайда нәтижелі болады. Серіктестік дегеніміз, бұл – ортақ жауапкершілік пен бірлескен даму. Біз өз қызметімізде үкіметтік емес сектордың, бизнес-қоғамдастықтың және сарапшылардың қарым-қабілетіне сүйенеміз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы және парасаттылық мәдениетін насихаттаудағы жұмысымыздың алға басуы осының айғағы. Біз қоғамдастықтың біздің жұмысқа қызығушылығы мен жұмылуын біршама күшейтіп, өзара ықпалдастықтың жаңа деңгейіне шығарғанымызды мақтан тұтамыз. Біздің арнайы мониторингтік топтар (еліміздің барлық өңіріндегі қоғам белсенділері), сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталық, "Жаңару" қоғамдық бірлестігі, "Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры" ҚҚ, Nur Otan партиясының Жастар қанаты, парасаттылық мәдениеті бойынша лекторлар пулы секілді және т. б. сенімді серіктестеріміз бар.
Бұл ретте біздің 2015-2025 жылдарға арналған ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын жүзеге асыруға сырттай сараптау мен бағалау жүргізетін арнайы мониторинг тобымен бірлескен жұмысымызды атап өтуге болады. Оған танымал қоғам қайраткерлері мен сарапшылар кірді. Өңірлерді қоса алғанда, бұл жұмысқа 3 мыңға жуық адам тартылған. Біз оларға көптеген игі бастамалары үшін ризамыз.
Өзгерістер драйверінің легіне біздің «Адалдық алаңы» жобасы да кіреді, оның аясында «Protecting business and investments» және «Адал жол», «Саналы Ұрпақ» бастамалары іске асырылуда. Бұл жоба тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға және түрлі саладағы жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға бағытталған. Мәселен, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым бюджетін пайдалану тиімділігін бағалау мақсатында "Парламентаризмді дамыту қоры" ҚҚ бастамасымен және Нидерланды елшілігінің қаржылық қолдауымен "Ашық бюджеттің интерактивті картасы" (www.publicbudget.kz) еліміздің барлық өңірінде енгізілді.
Бір жылдан да аз уақытта «Адалдық алаңы» жобасының бастамасымен елімізде 686 open space кеңістіктері, 70 сервистік әкімдіктері ашылды. Бұл – тұтынушыға шынайы бағдарланған мемлекеттік сервиске өту бойынша ауқымды жұмыстың басы ғана. Мен тек бір-екі мысал келтірдім. Қалай болғанда да, агенттік құрылымында Парасаттылық және Серіктестік департаменттерінің пайда болуын Қазақстанның құқық қорғау органдары үшін мүлдем тың оқиға деп бағалауға болады. Бұл – біздің жұмысымыздағы басымдықтардың әжептәуір өзгергенінің көрінісі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында түбегейлі бетбұрыс пайда болғанының бастапқы белгілері. Тұрғындардың бұл індетке қатынасы өзгеріп, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтардың саны азайып келеді. Демек, біздің бағытымыз дұрыс.
– Ал салада азаматтардың өтініштерімен қандай өзгерістер пайда болды?
– Президенттің тапсырмасына сәйкес «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыру шаралары қабылдануда. Атап айтқанда, азаматтардың өтініштерін қарау тәсілдері түбегейлі қайта қаралды. Біздің мақсат – агенттікке шағымданған әр азаматтың үнін есту және тіпті мәселе біздің құзіретімізге кірмейтін жағдайда да көмектесуге тырысу. Мен азаматтарды апта сайын, ал менің орынбасарларым күн сайын қабылдайды. Басқа қаланың тұрғындарын қабылдау ыңғайлылық үшін видеобайланысы арқылы жүзеге асырылады, бұл олардың уақыты мен жол шығындарын үнемдейді.
Агенттіктің қызметкерлері азаматтық сектордағы біздің серіктестерімізбен бірлесіп, сондай-ақ «Халық заңгері» атауына ие болған ауқымды түсіндіру науқаны арқылы халыққа құқықтық көмек көрсету үшін ауылдарға баруды бастады. Агенттіктің 1424 сall-орталығының операторлары азаматтардың шағымдарын тәулік бойы қабылдайды. Әлеуметтік желідегі кері байланыс тұрақты негізде қамтамасыз етіледі. Біз әр сауалды, әр өтінішті жан-жақты талқылап, ондағы мәселені шешуге тырысамыз. 3 мыңнан астам азаматтың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру осының айқын дәлелі.
Әңгімелескен
Жолдыбай БАЗАР,
«Egemen Qazaqsan»
[xfvalue_img]